Мәскеу. 2 тамыз. ИНТЕРФАКС – Құрамына Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Нигерия, Алжир және Венесуэла кіретін ОПЕК+ елдерінің Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) жексенбі күні өткен кезекті отырыстың қорытындысы бойынша энергия ресурстарын үздіксіз жеткізу үшін халықаралық теңіз қатынасы жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айрықша маңызын атап өтті. Бұл туралы ОПЕК таратқан баспасөз хабарламасында айтылды.
Сонымен қатар комитет мүшелері энергетикалық инфрақұрылымға жасалып жатқан шабуылдарға алаңдаушылық білдірді.
«Зақымданған энергетикалық нысандарды толық қуатына дейін қалпына келтіру қомақты қаржы мен ұзақ уақытты талап етеді. Бұл жалпы энергиямен жабдықтаудың қолжетімділігіне әсер етеді. JMMC энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін кез келген әрекет, мейлі ол инфрақұрылымға жасалған шабуыл болсын немесе халықаралық теңіз жолдарының жұмысына кедергі келтіру болсын, нарықтағы құбылмалылықты күшейтіп, өндірушілер мен тұтынушылардың, сондай-ақ жаһандық экономиканың мүддесі үшін нарық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ күш-жігерді әлсірететінін атап өтеді», – делінген хабарламада.
Отырыс барысында комитет мамыр және маусым айларындағы мұнай өндіру көлеміне қатысты деректерді де талдап, ОПЕК+ келісімінің орындалу барысын жалпы оң бағалады.
JMMC нарықтағы ахуалды мұқият бақылауды жалғастырады. Қажет болған жағдайда комитет қосымша отырыстар шақыру немесе ОПЕК+ министрлерінің кездесуін өткізуді ұсыну құқығын өзінде сақтайды.
Комитеттің келесі отырысы 4 қазанға жоспарланған.




