«Шынайы болыңдар – мүмкін еместі талап етіңдер!» Расында да, әдемі айтылған сөз. Бұл ұран 1968 жылғы студенттік толқулар кезінде Францияның ғана емес, бүкіл Еуропаның зияткерлік орталығы саналған Сорбонна университетінің қабырғасында пайда болған деседі. Көп ұзамай мүмкін емес көрінген оқиға да шындыққа айналды: Маршалл жоспары аясында жиналған америкалық долларларды Форт-Нокстағы алтынға айырбастауға тәуекел еткен президент Шарль де Голль қызметінен кетті.
Әрине, бұл – тарихтағы бірегей мысал. Өйткені мүмкін еместі талап етіп қана қоймай, оған жету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы қаншалықты жүзеге асады деген сұрақ туындайды. Бағдарламаның мазмұнымен танысқанда-ақ оның нақты ұстанымы мен ауқымды мақсаттары назар аударады. Егер партия мәлімдеген бастамаларын жаңа Құрылтай аясында іске асыра алса, бұл оның сайлау алдындағы негізгі сынағына айналары сөзсіз.
Басқа партияларға үлгі боларлық тұстары бар. Мәселен, бағдарламасында: «…еңбекке, білімге және жауапкершілікке негізделген мүмкіндіктер экономикасын қалыптастырамыз… әрбір қазақстандыққа орта есеппен 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етеміз… лайықты еңбекақысы бар бір миллион сапалы жұмыс орнын құрамыз… ауылдағы бір миллион тұрғынның табысын едәуір арттырамыз… азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеміз…» деп нақты міндеттер қойылған.
Қазіргі Үкіметтен, тіпті мұны жасырудың қажеті жоқ, қызметін аяқтаған Сенат пен Мәжілістен өзгеше, Құрылтайда басымдыққа ие болуға ең жоғары мүмкіндігі бар Әділет партиясы жауапкершілікті өз мойнына алудан тайынбайды. Бағдарламада: «Азаматтың үні естілуіне біз жауаптымыз… Халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет ететін экономика үшін біз жауаптымыз… Өңірлердің әділ дамуына біз жауаптымыз…» деп атап көрсетілген.
Бұған таңданудың жөні жоқ. Өйткені «Әділет» өзін «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағытының саяси тірегі» ретінде айқындайды. Сайлауалды бағдарламада: «Мемлекет басшысының реформаларын ішкі сеніммен қолдаймыз және оларды азаматтардың тікелей қатысуы арқылы жүзеге асыру жауапкершілігін өз мойнымызға аламыз», – деп көрсетілген.
Сондай-ақ бағдарламада партияның заң үстемдігін, тәртіпті, кәсібилікті, адам қадір-қасиетін, еңбекке құрмет пен нақты нәтижені Қазақстанның болашағымен байланыстыратын азаматтарды біріктіретіні атап өтіледі. Демек, партия өз қатарында ел азаматтарының басым бөлігін топтастырып отырған саяси күш ретінде танылады.
Әрине, мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру жаңа Үкіметтің де негізгі жұмысына айналмақ.
Бағдарламаның құрылымы да назар аударады. Әр бөлім мен тармақ «Біз не істейміз?» деген нақты ұстанымға негізделген. Онда құқықтық тәртіптің заманауи моделіне көшу, сот жүйесін одан әрі дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа үлгісін енгізу, қоғамдық бақылау мен азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысуын күшейту, саяси жауапкершіліктің жаңа стандарттарын қалыптастыру, мемлекеттік басқаруға жасанды интеллект технологияларын енгізу, тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру, Трансқазақстан теміржол дәлізінің құрылысын аяқтау, 3,5 мың тірек және серіктес ауылды дамыту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру, мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннадан жоғары деңгейде тұрақты сақтау, мұнай-газ химиясы кешендерінің құрылысын аяқтау, көмір саласын дамыту бағдарламасын іске асыру, барлық елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамту, оқушы орындарының тапшылығын жою, қала мен ауылдағы білім сапасы арасындағы алшақтықты қысқарту, кардиологиялық қызметті жаңғырту және өкпе обырын ұлттық деңгейде скринингтен өткізу сияқты бастамалар қамтылған.
Бағдарламадағы «Біз не істейміз?» деген бөлімнің ауқымы шынында да кең. Одан «Әділет» партиясының атқарушы және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың, сондай-ақ тұтастай ұлттық бизнестің қызметінде жетекші саяси күшке айналуға ұмтылатыны аңғарылады. Сонымен қатар Қазақстан аумағында жұмыс істейтін мұнай өндіруші және өзге де шетелдік концессиялардың қызметін ұлттық мүддеге сай үйлестіру міндеті де алға қойылған.
Дегенмен мұнда ерекше назар аударатын бір жайт бар. Жаңа Құрылтайдың жұмысы іс жүзінде жаңа кезеңнен басталады. Еске сала кетейік, Қазақстанда Мемлекет басшысы бекіткен «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары» қолданыста екенін сонда жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру міндеті мен жылдар бойынша айқындалған негізгі ұлттық индикаторлар қамтылған. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы сайлауалды бағдарламасында да оның жаңа президенттік өкілеттік мерзімі бойы жүзеге асырылатыны көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа партияның бағдарламасында аталған стратегиялық құжаттармен сабақтастыққа да назар аударылуы мүмкін еді.
Алайда мәселе мұнда емес. 2026 жылғы конституциялық референдумнан кейін ел жаңа саяси кезеңге қадам басты. Сондықтан жаңа Конституция қабылданғаннан кейін құрылған «Әділет» партиясы елдің болашағына қатысты жауапкершілікті толық көлемде өз мойнына алуға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге бағдарламаның жүзеге асуына қатысты сұрақ қоятындар да бар. Олардың пікірінше, партия Құрылтайда абсолютті көпшілікке ие болған күннің өзінде «Біз не істейміз?» бөлімінде көрсетілген барлық міндетті орындауға оның конституциялық өкілеттігі жете ме? Өйткені Құрылтайдың негізгі функциясы – заң қабылдау. Оның үстіне заң жобаларының басым бөлігін Құрылтайдың өзі емес, Үкімет әзірлеп, қарауына енгізеді. Ал қабылданған заңдар Президент қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді. Сонымен қатар Құрылтай соғыс пен бейбітшілік мәселелерін шешеді, президент сайлауын тағайындайды, республикалық референдум өткізу туралы бастама көтереді, Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді, сондай-ақ Президенттің ұсынуымен Жоғарғы сот судьяларын сайлайды.
Бұдан бөлек, Құрылтай Президент ұсынған тағайындауларға бір рет келісім бермеуге құқылы, Үкіметке сенімсіздік вотумын жариялай алады. Жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қарайды әрі бекітеді. Қажет болған жағдайда Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдап, өз құзыреті шегінде парламенттік тыңдаулар өткізеді.
Мұның бәрі, сөзсіз, аса маңызды өкілеттіктер. Алайда сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз ету үшін олардың өзі жеткілікті ме деген заңды сауал туындайды. Ашығын айтқанда, мұндай ауқымды мақсаттарды жүзеге асыру үшін президенттік деңгейдегі өкілеттіктерге жуық басқару тетіктері қажет болуы мүмкін.
Ендеше, партияның сайлауалды бағдарламасындағы мына бір тұжырымға назар аударайық. Онда «Әділет» Президенттің стратегиялық бағытының саяси тірегі екені атап көрсетіліп, Мемлекет басшысының реформаларын ішкі сеніммен қолдайтыны және оларды жүзеге асыру жауапкершілігін өз мойнына алатыны айтылған.
Бұл тұрғыдан алғанда қайшылық жоқ. Президент бүкіл Қазақстан халқының өкілі ретінде партиядан тыс мәртебесін сақтайды. Ал атқарушы билік өкілдерінің, яғни министрлер мен әкімдердің қандай саяси күшпен бірге екенін айқындауы әбден орынды.
Оның үстіне Құрылтай сайлауынан кейін қазіргі Үкімет өкілеттігін тоқтатады. Жаңа министрлер кабинеті жасақталғанда жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасы мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарына ұсынылатын кандидаттар үшін негізгі саяси бағдарға айналуы әбден мүмкін.
Демек таңдау тек сайлаушылардың ғана емес, жаңа саяси кезеңде қызметін жалғастыруды көздейтін тәжірибелі мемлекеттік басқарушылардың алдында да тұр. Автордың пайымынша, мұндай жағдайда олардың таңдауы «Әділет» партиясына ойысуы заңды.
Баршаңызды сайлауға қатысуға шақырамыз!




