Астана. 3 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов ExxonMobil Upstream компаниясының (ExxonMobil корпорациясының барлау және өндіру жөніндегі бөлімшесі) президенті Дэн Амманмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Дэн Амманн ExxonMobil компаниясының Қазақстандағы қызметінің алдағы жоспарларын таныстырып, компанияның елдің мұнай-газ саласындағы ұзақмерзімді қатысуын сақтауға ниетті екенін растады. Кездесу барысында заманауи технологияларды енгізу, өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру және геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды», – делінген дүйсенбі күні жарияланған хабарламада.
Қазақстан Премьер-министрі ExxonMobil компаниясының республиканың мұнай-газ саласының әлеуетін нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Үкімет өзара тиімді әріптестікті дамытуға, қолданыстағы жобаларды табысты іске асыруға және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүдделі екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, ExxonMobil компаниясы «ҚазМұнайГазбен» Қашаған кен орнының игерілмеген бөлігін бірлесіп игеру үшін бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылап жатқанын хабарлаған болатын. Агенттік мәліметінше, ықтимал инвестиция көлемі 50–70 млрд АҚШ долларын құрауы мүмкін. Келіссөздер өткен жылдан бері жалғасып келеді. Алайда ExxonMobil де, «ҚазМұнайГаз» да бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан.
Штаб-пәтері АҚШ-тың Техас штатында орналасқан ExxonMobil – әлемдегі ең ірі жекеменшік мұнай компанияларының бірі. Компания 1999 жылы Exxon мен Mobil компанияларының бірігуі нәтижесінде құрылған. Қазіргі уақытта әлемнің 56-дан астам елінде жұмыс істейді және онда 61 мың адам еңбек етеді.
ExxonMobil Қазақстанда 25 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Компанияның Теңіз және Королевское кен орындарын игеретін «Теңізшевройл» ЖШС-дегі үлесі – 25%, Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумындағы үлесі – 16,81%. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) үлесі 7,5%-ды құрайды.




