Токио. 6 тамыз. ИНТЕРФАКС – Жапония «үш ядролық емес қағидаттан» бас тартпайды. Алайда ұлттық қауіпсіздік саласындағы негізгі құжаттарды қайта қарау аясында осы саясатқа қатысты тұжырымдар өзгеруі мүмкін. Бұл туралы АҚШ-тың 1945 жылы Хиросимаға атом бомбасын тастағанына арналған еске алу күні Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаити мәлімдеді.
«Жыл соңына дейін негізгі құжаттарды қайта қарау жүріп жатқандықтан, түпкілікті тұжырымдарға қатысты пікір білдіруге әлі ерте. (…) Алайда Жапония саясаттың негізгі бағыты ретінде үш ядролық емес қағидатты берік ұстанатыны өзгеріссіз қалады», – деп келтіреді Kyodo агенттігі премьердің сөзін.
Оның айтуынша, Жапония ядролық қарудан азат әлем құру жолында «шынайы әрі практикалық» қадамдарды жалғастырады.
Сонымен қатар жапон оппозициясының бірқатар өкілі қауіпсіздік мәселелерінде қатаң ұстанымымен танымал Такаити бұл жолғы мәлімдемесінде «үш ядролық емес қағидатқа» нақты әрі айқын қолдау білдірмегенін айтты.
«Үш ядролық емес қағидат» Жапонияның ядролық қаруға ие болмауын, оны өндірмеуін және ел аумағына әкелмеуін көздейді. Алайда оңшыл көзқарасымен белгілі кейбір саясаткерлер, соның ішінде Такаити де 2025 жылы премьер-министр қызметіне кіріскенге дейін үшінші қағидаттан бас тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын.
Бұған дейін, жазда Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми елдің ядролық саясат мәселесін талқылаудан қашып құтыла алмайтынын айтып, бұл тақырыпта ешқандай тыйымсыз ашық пікірталас жүргізу қажет екенін мәлімдеген еді.
Кейін Қытай Сыртқы істер министрлігі Коидзумидің ядролық саясатты қайта қарау мүмкіндігін талқылау жөніндегі ұсынысын қабылдауға болмайтынын мәлімдеді. ҚХР СІМ өкілі Линь Цзянь мұндай бастаманы «аса арандатушылық әрі қауіпті ұсыныс» деп бағалады.
Тамыз айының басында КХДР Еңбек партиясы Орталық комитеті бөлімінің меңгерушісі әрі Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон Жапонияның милитаризациясына жауап ретінде Пхеньян «қосымша әскери шараларды» қарастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастықты Жапонияның әскери державаға айналуына жол бермеуге шақырды.




