Өткен апта күтпеген әрі көптен күткен жаңалықпен аяқталды – АҚШ ақыры Украинамен Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) инфрақұрылымына шабуылдарды тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізді.
Бұған дейін Chevron компаниясының басшысы Майк Вирт АҚШ әкімшілігінің өкілдерімен кездесіп, КТК нысандарына жасалған шабуылдардан келген залал мәселесін талқылаған болатын.
«Bloomberg аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлағандай, қол жеткізілген келісім аясында Киев КТК инфрақұрылымына, сондай-ақ терминалға бағыт алған кемелерге шабуыл жасамауға міндеттеме алды. Бұл талап Украина санкциясына ілікпеген, Ресей жүктерін тасымайтын және ресейлік жеке немесе заңды тұлғаларға тиесілі емес кемелерге қатысты. Шенеуніктің айтуынша, Украина арнайы байланыс арналарын құрған. Сол арқылы кеме қатынасы компаниялары танкерлер туралы ақпарат беріп, олардың қауіпсіз өтуін алдын ала келісуге мүмкіндік алады», – деп «Нефть и газ Казахстана» арнасы хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, Новороссийск маңындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының жүйелі шабуылдары мұнай тиеу жұмыстарының бұзылуына әкеліп, бірқатар кеме иелерін терминалға барудан бас тартуға мәжбүр еткен. Соның салдарынан жүк тасымалдау тарифтері күрт өскен. Сонымен қатар АҚШ пен Украина арасында қол жеткізілген келісімдердің танкер операторларын тасымалды қайта бастауға қаншалықты ықпал ететіні әзірге белгісіз.
Бұл ретте тағы бір жайт назар аудартады. Қазақстан бұған дейін Украинаға КТК инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға байланысты бірнеше рет дипломатиялық талап қойғанымен, бұл Киевтің шабуылдарды тоқтатуына жеткілікті негіз болған жоқ. Мәселе америкалық мұнай компанияларының мүддесіне тікелей әсер еткеннен кейін ғана тиісті шешім қабылданды.




