Алматыдағы Lamiya тұрғын үй кешенінде болған өрт қайғылы жағдаймен аяқталды. Көпқабатты үйлерде өрттің шығуы сирек құбылыс емес. Алайда бұл жолғы оқиғаға ерекше назар аударуға негіз бар. Оқиға салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт тұрғын ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке тұрғындардың абайсыздығы емес, кіреберістегі электр желісіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Бұған дейін бұл үйде тексеру жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмағаны анықталған.
«Екінші кіреберістің техникалық бөлмесі мен қабаттарында электр кабельдері, ал бірінші кіреберістің 7–13-қабаттарында электр қалқандары жанған. Төтенше жағдайлар департаменті өрт туралы хабардың кеш түскенін мәлімдеді. Тұрғындардың айтуынша, автоматты өрт дабылы өрт сөндіру қызметі шақырылғанға дейін шамамен бір жарым сағат бұрын іске қосылған. Сондай-ақ бұған дейін жүргізілген тексеру барысында тұрғын үй кешенінде өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін бірқатар жайт анықталған», – деп хабарлайды Vlast .
Осы тұста бірнеше мәселенің анық-қанығын білу қажет. Өрт сөндіру қызметіне не себепті дер кезінде хабар берілмеді? Бұған дейін тексеріліп, қауіпсіздік талаптарына қатысты кемшіліктері анықталған ғимаратта өрттің техникалық бөлмедегі электр желілері мен қабаттардағы электр қалқандарына таралуына не себеп болды?
Өрттің неден тұтанғаны туралы түпкілікті қорытынды әзірге жарияланған жоқ. Сондықтан болған жағдайды бұған дейін анықталған кемшіліктермен тікелей байланыстыруға әлі ерте. Дегенмен үйде қауіпсіздік талаптарының бұзылғаны бұрыннан белгілі бола тұра, кейін осындай қайғылы оқиғаның болуы алаңдатады. Сонымен бірге мемлекеттік өрт бақылауы тексеру барысында берген нұсқамалардың кейін қаншалықты орындалғаны да анықтауды қажет етеді.
Бұл оқиға бойынша тиісті қорытынды жасалып, қауіпсіздікке қатысты олқылықтар жойылады деп күтеміз. Алайда қабылданатын шаралар енді қаза тапқан адамның өмірін қайтара алмайды.




