Өсімнің негізі неде?
2026 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауына қатысқан партиялар арасындағы теледебаттың қорытынды кезеңі өтті. Пікірсайыс «Экономикалық өсімнен – халықтың әл-ауқатына» тақырыбына арналды. Қатысушылар түрлі ұсыныс айтқанымен, басым бөлігі халықтың табысын арттыру, экономиканы дамыту, бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне тоқталды.
Алайда пікірталаста ең маңызды мәселенің жауабы толық ашылмады: экономиканың өсуі халықтың әл-ауқатын тұрақты түрде арттыруға қалай ықпал етуі тиіс? Партия өкілдері көптеген орынды мақсаттар мен ұсыныстар айтқанымен, оған қол жеткізудің нақты тетіктері мен қажетті ресурстар жөнінде аз сөз болды. Экономиканың жаңа өсіміне қай салалар серпін беретіні, еңбек өнімділігін қалай арттыруға болатыны, халықтың нақты табысын өсіру үшін қандай шаралар қажет екені және түпкі нәтижеге кім жауап беретіні де жеткілікті деңгейде нақтыланбады.
Осы жайт мәселені тереңірек талдауға негіз болды. Мәселе ұсынылған мақсаттардың қате болуында емес. Керісінше, олардың басым бөлігі ел үшін маңызды. Алайда мақсатты белгілеу мен оған нақты қол жеткізудің арасы алшақ. Ниет білдірудің өзі жеткіліксіз. Ол үшін қандай ресурстар пайдаланылатыны, қандай шешімдер қабылданатыны, экономикада қандай өзгерістер болуы керектігі және оның нәтижесі қандай көрсеткіштермен бағаланатыны нақты айқындалуға тиіс. Пікірталас барысында осы мәселелердің жауабы айтылмады.
Сондықтан кейінгі 18 жылдағы тәжірибеге қайта үңіліп, Қазақстан экономикасының қаншалықты өскенін ғана емес, сол өсімнің еңбек өнімділігіне, сапалы жұмыс орындарының көбеюіне, халықтың нақты табысына және тұрмыс деңгейінің тұрақты жақсаруына қаншалықты әсер еткенін қарастырған жөн. Алдағы талдаудың негізгі өзегі де – осы мәселе.
18 жылда не өзгерді, қандай мәселелер шешімін таппады?
Неліктен дәл 18 жыл? 2008 жылы құрамында осы мақаланың авторы да болған сарапшы-талдаушылар тобы Қазақстанның 2006–2007 жылдардағы экономикалық және әлеуметтік даму қорытындыларына талдау жүргізген еді. Сол зерттеуде экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігі, бәсекелестік, инвестиция, өңірлерді дамыту, халықтың табысы, адами капитал, мемлекеттік басқару сапасы және басқа да бірқатар мәселе көтерілді.
Содан бері Қазақстан едәуір өзгерді. Экономиканың ауқымы кеңейіп, құрылымы күрделене түсті. Қаржы қызметтері, көлік, құрылыс және цифрлық экономика дамыды, өндірістің жаңа бағыттары қалыптасты. Инфрақұрылым жақсарып, ішкі нарық ұлғайды, халықаралық маңызы бар ірі көлік жобалары жүзеге асырыла бастады.
Соған қарамастан, сол кездегі талдауда жүйелі сипаттағы мәселе ретінде көрсетілген түйткілдердің біразы әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Уақыт өте олардың көрінісі өзгергенімен, экономикалық негізі сол күйінде қалды. Сондықтан заңды сұрақ туындайды: Қазақстан экономика көлемін ұлғайтумен шектелмей, осы өсімді еңбек өнімділігінің артуына, сапалы жұмыс орындарының көбеюіне және халықтың әл-ауқатының тұрақты жақсаруына айналдыра алды ма?
Соның нәтижесінде бүгінде экономиканың көлемін бұрынғыдан жылдамырақ ұлғайтуды үйрендік, алайда экономикалық өсімнің сапасын дәл сондай қарқынмен арттыра алмадық.
Өсімге негізделген экономика мен нақты нәтиже беретін экономиканың басты айырмашылығы да осында. 2008 жылы мәселе шамамен былай қойылған еді: неліктен экономиканың жоғары қарқынмен өсуі оны жан-жақты дамытуға, еңбек өнімділігі мен бәсекенің артуына, халық тұрмысының жақсаруына жеткізбейді? 2026 жылы да бұл сұрақ өзектілігін жоғалтқан жоқ. Айырмашылығы – осы аралықта ел экономикасының ауқымы едәуір ұлғайды.
Мұның себебін түсіну үшін экономиканың қаншалықты жылдам өсіп жатқанына ғана емес, бұл өсімді қандай салалар мен факторлар қамтамасыз етіп отырғанына және оның халыққа нақты қандай пайда әкелетініненазар аудару қажет.
Экономика дамыды, бірақ шикізатқа тәуелділік жойылған жоқ
Оң өзгерістерді жоққа шығаруға болмайды. 2025 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, өндірілген ЖІӨ көлемі шамамен 159,6 трлн теңгеге жетті. 2026 жылдың алғашқы жартысында да экономикадағы өсім жалғасты, алайда оның қарқыны біршама бәсеңдеді. Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауынша, 2026 жылғы қаңтар–маусымда қысқа мерзімді экономикалық индикатор өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,1%-ды құрады.
Сонымен қатар өнеркәсіптің ішкі құрылымында да біртіндеп өзгеріс байқалады. 2026 жылғы қаңтар–шілдеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 40 трлн теңгеге жуықтады. Оның 47,1%-ы өңдеу өнеркәсібіне, 46,1%-ы тау-кен өндірісіне тиесілі. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қалған 6,8%-ын электр энергиясымен және сумен жабдықтау салалары құрайды. Бұл өңдеу саласының Қазақстан өнеркәсібіндегі үлесі едәуір артқанын көрсетеді. Бұған қоса, экономикадағы қызмет көрсету саласының ауқымы да кеңейіп келеді.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2026 жылдың басында экономикалық өсімнің баяулауына Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымындағы апаттан кейін мұнай өндіру көлемінің қысқаруы да әсер еткен. Дегенмен қызмет көрсету, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібіндегі өсім мұнай өндірісіндегі төмендеудің әсерін ішінара өтеді.
Бұл мұнай-газ секторының экономикада үлкен орын алуы өздігінен проблема емес екенін көрсетеді. Қазақстан үшін бұл сала әлі ұзақ уақыт бойы маңызды болып қала береді. Мәселе – шикізат секторындағы бір ірі бағытта күтпеген жағдай туындаса, оның бүкіл ел экономикасының көрсеткіштеріне, соның ішінде теріс әсер етуінде. Қазақстан жылдар бойы мұнай өндіруге басымдық берді, алайда оны сыртқы нарыққа жеткізетін бағыттарды көбейту және инфрақұрылымға байланысты тәуекелдерді азайту мәселесі толық шешілген жоқ.
Сондықтан бүгінде «ЖІӨ қанша пайызға өсті?» деген сұрақпен шектелу жеткіліксіз. Ең бастысы – «Бұл өсімге не себеп болды және оның қарқынын ұзақ мерзімде сақтауға бола ма?» деген сұрақтарға жауап іздеу.
ЖІӨ өсімі халықтың тұрмысына қалай әсер етті?
ЖІӨ-нің өсуі әр азаматтың әл-ауқаты да қатар жақсарады дегенді білдірмейді. Экономика өскенімен, халықтың нақты табысы өзгеріссіз қалуы мүмкін. Өндіріс көлемі артқанымен, онымен бірге баға да қымбаттауы ықтимал. Жаңа инфрақұрылым салынып жатқанымен, оның айналасында өнімділігі жоғары жұмыс орындары жеткілікті деңгейде ашылмауы мүмкін. Сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштерді халықтың күнделікті тұрмысындағы нақты өзгерістермен бірге қарастырған жөн.
2026 жылдың бірінші тоқсанында орташа атаулы жалақы 461,5 мың теңгені құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1%-ға өсті. Алайда нақты жалақы 2,3%-ға төмендеді. Басқаша айтқанда, жалақының теңгемен есептелген мөлшері көбейгенімен, оған сатып алуға болатын тауарлар мен қызметтердің көлемі азайды.
Қарапайым азамат үшін кез келген макроэкономикалық көрсеткіштен гөрі осы өзгеріс әлдеқайда маңызды. Жалақы өскеннен де баға жылдам қымбаттаса, адамның тұрмысы жақсармайды.
Халықтың ақшалай табысы жөніндегі статистикадан да осы жағдай байқалады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыс 11,8%-ға артты. Ал нақты ақшалай табыс индексі небәрі 100,1%-ды құрады. Яғни табыс қағаз жүзінде едәуір көбейгенімен, халықтың сатып алу мүмкіндігі іс жүзінде өзгерген жоқ.
Экономикалық өсімнің халық тұрмысына әсерін тежеп отырған негізгі факторлардың бірі – инфляция. 2026 жылғы шілдеде Қазақстандағы жылдық инфляция 10,2%-ды құрады. Бұл орта мерзімге белгіленген 5% межеден едәуір жоғары.
Инфляцияға тек базалық мөлшерлеме әсер етпейтіні түсінікті. Бағаның өсуіне бюджет шығыстары, импорттық тауарлардың құны, тарифтер, нарықтағы тауар көлемі мен бәсекенің деңгейі де ықпал етеді. Сондықтан инфляцияны төмендету үшін ақша-несие саясатының шараларымен шектелмей, экономикадағы құрылымдық мәселелерді де шешу қажет.
Халықтың әл-ауқаты кедейлік деңгейімен де тікелей байланысты. Бұл ретте Қазақстанның елеулі нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2006–2021 жылдардағы экономикалық өсімнің арқасында шамамен 5,9 млн адам кедейліктен шыққан, ал кедейлік деңгейі 49,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеген. Алайда қазір мәселенің сипаты өзгерді. Ендігі міндет – кедейлік деңгейін одан әрі төмендетумен қатар, адамдардың қайтадан кедейлік жағдайына түсуіне жол бермеу.
Кедейлікті ұзақ мерзімде азайтудың ең тиімді жолы – адамның сапалы білім алып, тұрақты әрі өнімді еңбек арқылы өз табысын арттыруына мүмкіндік жасау. Осы тұста тағы бір маңызды сұрақ туындайды: ЖІӨ өсімі әр адамның білім алуына, еңбек етуіне және табысын арттыруына нақты мүмкіндік беруі үшін экономикалық саясат қандай болуы керек?
Инвестиция көлемі артып келеді. Нәтижесі қандай?
Қазіргі инвестициялық ахуал 2008 жылмен салыстырғанда едәуір жақсарған, инвестициялық белсенділік те жоғары деңгейде сақталып отыр. 2026 жылғы қаңтар–шілдеде негізгі капиталға салынған инвестиция нақты мәнде 7,7%-ға өсті. Жалпы инвестиция көлемінің 41,6%-ы өнеркәсіпке бағытталған. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің үлесі 14%, өңдеу өнеркәсібінікі 14,7% болды. Бұл қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерге қаржы салуға көбірек мән беріле бастағанын көрсетеді. Жалпы, инвестиция көлемі өсіп келеді. Бірақ оның экономикаға берер нәтижесі жеткілікті ме? Мәселе қанша қаржы жұмсалғанында емес, сол қаржының қандай нәтиже бергенінде.
Қаржының қайдан тартылатыны да маңызды. Қазір инвестицияның едәуір бөлігі бұрынғысынша кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен салынады. Ал өндіріс орындарының банктерден ұзақ мерзімге несие алу мүмкіндігі әлі де шектеулі.
Сонымен бірге қаржының болуы өздігінен нәтиже әкелмейтінін ескеру қажет. Инвестиция жаңа технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және сапалы жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген жағдайда ғана экономиканың ұзақ мерзімді дамуына негіз бола алады.
Экономиканың басты мәселесі – еңбек өнімділігінің төмендігі
Бұл – Қазақстан экономикасы үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Жол, зауыт, логистикалық орталықтар салып, цифрлық платформаларды дамытуға болады. Алайда еңбек өнімділігі баяу өссе, экономиканың әлсіз тұстары жойылмайды. Экономикалық өсімнің тұрақты болуы еңбек өнімділігінің артуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне, басқару сапасының жақсаруына және өңдеу деңгейі жоғары, күрделі өнім өндірісінің жолға қойылуына байланысты.
ЭЫДҰ Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін тежейтін факторлардың қатарына экономиканың жекелеген салалар мен ірі ойыншылардың қолында шоғырлануын, мемлекеттің экономикадағы үлесінің жоғары болуын және бәсекенің жеткілікті дамымауын жатқызады. Демек, 2008 жылы айтылған ұсыныстардың маңызы әлі де жойылған жоқ: еңбек ресурстарын, капиталды, инфрақұрылымды, технологияны дамытумен қатар, нарықтағы бәсекеге де қолайлы жағдай жасау қажет.
Еңбек өнімділігі – экономикалық өсімнің халықтың әл-ауқатына әсерін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Ол төмен болса, ЖІӨ-нің жоғары болуы халықтың тұрмыс сапасы да жоғары болады деген сөз емес. Сондықтан бүгін мәселені қаржының жетіспеуімен ғана байланыстыру дұрыс болмас еді. Ең маңыздысы – экономикаға салынған әр теңгенің тиімділігін арттырып, одан нақты нәтиже алу.
Мемлекет экономикаға серпін бере ме, әлде дамуын тежей ме?
Соңғы жылдары бәсекелестікті реттейтін заңнама айтарлықтай өзгерді. Соған қарамастан мемлекеттің экономикадағы үлесі әлі де жоғары.
ЭЫДҰ бағалауынша, Қазақстан экономикасында мемлекеттік кәсіпорындардың орны елеулі. Олар 30 саланың кемінде 20-сында жұмыс істейді және елдегі жұмыспен қамтудың шамамен 6,2%-ын қамтамасыз етеді. Мәселен, тек Samruk-Kazyna қорының 2021 жылғы кірісі ЖІӨ-нің шамамен 14%-ына тең болған.
Мәселе мемлекеттік сектордың бар-жоғында емес. Стратегиялық маңызы бар салаларда мемлекеттің қатысуы қажет. Алайда мемлекет бір мезгілде ереже белгілеп, активтерге иелік етіп, инвестиция салып, тапсырыс беріп әрі сол нарықта өзі де жұмыс істесе, мүдделер қайшылығы туындауы мүмкін.
Мұндай жағдайда бәсекенің дамуына кедергі келіп, жеке бизнестің еркін әрекет ету мүмкіндігі шектеледі. Сондықтан реформалардың келесі кезеңінде мемлекеттің экономикаға қанша қаржы салатыны ғана емес, оның қай салаларда болуы шынымен қажет, ал қай бағыттарды біртіндеп жеке капитал мен бәсекеге берген тиімдідеген мәселе де назарда болуы керек.
Нарықтағы ресурстар әкімшілік шешімдер арқылы неғұрлым көп бөлінсе, мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдердің сапасы соғұрлым маңызды болады. Ал бәсекеге жол ашылған сайын нәтиже бизнестің заң талаптарын сақтай отырып, еңбек өнімділігін арттыруына, жаңа технологиялар мен тың шешімдерді енгізуіне көбірек байланысты болады.
Өңірлерді дамыту: бөлінген қаржыдан нақты нәтижеге
2008 жылы көтерілген мәселелердің бірі – өңірлердің дамуын жоспарлау деңгейінің төмендігі еді. Өкінішке қарай, содан бері өңірлер арасындағы экономикалық алшақтық жойылған жоқ және бұл айырмашылықтың таяу арада толық қысқаруы да екіталай.
2025 жылы елдегі жалпы өңірлік өнімнің едәуір бөлігі ірі қалалар мен шикізат өндіретін өңірлерде қалыптасты. Мәселен, Алматы, Астана қалалары мен Атырау облысының үлесіне Қазақстанның жиынтық жалпы өңірлік өнімінің 45,7%-ы тиесілі болды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша да аймақтар арасындағы айырмашылық әлі де айтарлықтай.
Экономикалық белсенділіктің ірі орталықтарға шоғырлануының өзі үлкен мәселе емес. Бизнестің, капитал мен білікті мамандардың ірі қалаларға көбірек шоғырлануы – заңды құбылыс. Негізгі мәселе басқа өңірлерде өнімділігі жоғары әрі тұрақты жұмыс орындарын ашуға жеткілікті мүмкіндік жасалмауында.
Сондықтан өңірлік саясат бюджеттен қаржы бөлумен ғана шектелмей, әр аймақтың өз экономикасын дамытуға жағдай жасауға бағытталуы керек. Өңірлерге күнделікті мәселелерін шешуге қажетті қаражат қана емес, жаңа өндірістер ашуға, бизнесті дамытуға және экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік қажет. Өңірлік саясаттың нәтижесі игерілген бюджет көлемімен емес, аймақ экономикасының қаншалықты дамып, құрылымының қалай өзгергенімен бағалануға тиіс.
Адами капитал және еңбек нарығының сапасы
2008 жылы білім беру, денсаулық сақтау және кәсіптік даярлауға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны көбейту ұсынылған еді. Бүгінде бұл мәселенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Дүниежүзілік банк Қазақстанның адами капитал әлеуетін жоғары бағалайды. Сонымен бірге білім сапасы мен оқу нәтижелері әлеуметтік топтар мен өңірлерге қарай айтарлықтай ерекшеленетінін атап көрсетеді. Демек, мәселе жоғары оқу орнын қанша адамның аяқтағанында ғана емес. Экономикаға дипломы бар мамандар ғана емес, жоғары қосылған құн қалыптастыра алатын білікті кадрлар қажет. Ол үшін білім беру жүйесі экономиканың болашақтағы сұранысына, технологиялық өзгерістерге және әр өңірдегі еңбек нарығының қажеттілігіне сай дамуға тиіс. Адами капиталдың деңгейін білім сапасы ғана емес, адамның қандай жағдайда және қаншалықты өнімді еңбек ететіні де айқындайды.
Қазақстанда ресми жұмыссыздық деңгейі салыстырмалы түрде төмен. 2026 жылдың екінші тоқсанында Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша жұмыссыздық 4,5% болды. Алайда бұл көрсеткіш қанша адамның тұрақты, өнімді әрі лайықты жалақы төленетін жұмыспен қамтылғанын көрсете алмайды. Сондықтан жұмыссыздықтың төмен болуы еңбек нарығында бәрі жақсы дегенді білдірмейді.
Реформалардың тиімділігіне не кедергі?
Дәл осы тұста жоғарыда сөз болған мәселелердің барлығы бір арнаға тоғысады. Қазақстанда стратегия да, мемлекеттік бағдарлама да, түрлі шешімдер де аз емес. 2008 жылдың өзінде экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, бәсекені күшейту және жеке секторды дамыту қажеттігі айтылған. Кейінгі жылдары да осы мәселелер талай мемлекеттік бағдарламада көтеріліп, халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына арқау болды.
Сондықтан бүгінде мұны ақпараттың аздығымен немесе мәселенің мәнін жете түсінбеумен түсіндіру қиын. Ендігі сұрақ басқа: мәселе дұрыс анықталғанымен, неге оны шешуге бағытталған шаралар әрдайым тұрақты экономикалық нәтиже бермейді?
Статистикалық деректерге қарап, мемлекеттің бүкіл экономикалық саясатын тиімсіз немесе кәсіби деңгейі төмен деуге негіз жоқ. Өткен жылдары нақты жетістіктерге қол жеткізілді, олардың бірқатарына жоғарыда тоқталдық. Алайда жинақталған деректер қабылданған реформалар мен олардың нақты нәтижесі арасында жүйелі алшақтық бар екенін көрсетеді.
Көп жағдайда мемлекеттік басқару жүйесі қабылданған шешімнің мәселені шын мәнінде өзгерткен-өзгертпегенін тұрақты бағалаудан гөрі, жаңа шешімдер әзірлеуге, бағдарламалар қабылдауға және тапсырмалар беруге бейім болып отыр. Ал күрделі жүйелерді тиімді басқару үшін қабылданған шараның нәтижесін үнемі бақылап, соған қарай келесі қадамды түзетіп отыру қажет. Басқару теориясында мұндай тәсіл «кері байланысы бар жүйе» деп аталады.
Тиімді басқару үдерісі мынадай ретпен жүруі тиіс: мақсат → ресурс → іске асыру → нәтижені өлшеу → тәуелсіз бағалау → түзету → жауапкершілік.
Егер бағдарлама аяқталғаннан кейін қол жеткізілмеген нәтижелердің себебі жан-жақты сараланбай, оның орнына кезекті құжат әзірлеуге кіріссе, бұрынғы мәселе басқа сипатта қайта туындауы мүмкін.
Сондықтан мәселе мемлекеттің шешім қабылдау тетіктерінің жоқтығында емес. Негізгі кемшілік – қабылданған шешімнің түпкі нәтижесін қамтамасыз ету және оны бағалау жүйесінің жеткілікті қалыптаспағанында. Демек, «Не істелді?» деген сұрақпен шектелмей, «Не өзгерді?», «Бұл өзгеріске не әсер етті?», «Нәтижеге кім жауапты?» және «Көзделген нәтижеге қол жеткізілмесе, нені өзгерту қажет?» деген сұрақтар да тұрақты қойылуға тиіс.
Жоспардың орындалуы мәселе шешілді деген сөз емес. Бөлінген қаржының игерілуі оның экономикаға пайда әкелгенін білдірмейді. Белгілі бір нысанның салынуы сол жерде жаңа бизнестің пайда болуына кепілдік бермейді. Сол сияқты көрсеткіштің атаулы мәнде өсуі де адамның нақты тұрмысы жақсарды дегенді білдірмейді. Сондықтан келесі кезеңдегі басты міндет – басқарудың барлық буынын бір-бірімен байланыстыру. Қойылған мақсаттың нақты өлшенетін нәтижесі болуы керек, сол нәтиже тәуелсіз бағалануға тиіс, бағалау қорытындысы саясатқа қажетті өзгерістер енгізуге негіз болуы қажет. Ал оған жауапты орган көзделген нәтижеге қол жеткізу үшін әрі институционалдық, әрі дербес жауапкершілік арқалауға тиіс.
Осындай тәсіл қалыптасқанда ғана мемлекеттің жұмысы қабылданған шешімдер мен бағдарламалардың санымен емес, экономика мен халықтың тұрмысында болған нақты өзгерістермен бағаланады.
Экономикалық өсім халық игілігіне айналуы тиіс
Қазақстан ендігі жерде экономикасын өсіре алатынын ғана емес, сол өсімді еңбек өнімділігін арттыруға, өнімділікті сапалы жұмыс орындарын ашуға, ал мұндай жұмысты халықтың нақты табысын көбейтуге және соның нәтижесінде азаматтардың әл-ауқатын тұрақты жақсартуға бағыттай алатынын көрсетуі керек.
Осы тұрғыдан алғанда, алдағы жылдардағы басты міндет жаңа бағдарламалар қабылдау емес. Негізгі сұрақ: бұрыннан келе жатқан мәселелердің қаншасы шын мәнінде шешіледі? 2008 жылғы талдаудан бері он сегіз жыл өтті. Бүгінде экономикалық саясаттың қаншалықты нәтижелі әрі кемел екенін дәл осы өлшем айқындауға тиіс.
Сондықтан Құрылтайға сәтті бастама ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының бүгінгі міндеттерін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру жолында нәтижелі жұмыс тілейміз. Ал жаңа Үкімет осы тұжырымдарды өз жұмысында ескерер деген үміттеміз.
Қоғам қайраткері,
ҚР ҰИА академигі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент
Еділ Мамытбеков




