Lenta.ru хабарлайды: «Қазақстанда шетел азаматтарының, соның ішінде ресейліктердің елге кіруі ақылы болатыны расталды. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне электрондық рұқсат (ETA) рәсімделетін QazETA (Kazakhstan Electronic Travel Authorization) жүйесінің операторы мәлімдеді. Оператордың хабарлауынша, ETA құны барлық елдің азаматтары үшін бірдей болады. Нақты мөлшері әзірге белгіленген жоқ, бұл мәселе қазір келісіліп жатыр. Қазақстанға сапарлауға электрондық рұқсат беру жүйесі 2026 жылдың жазының соңында іске қосылды. Жаңа тәртіп әзірге сынақ режимінде болғандықтан, ETA құжатының болмауы елге кіргізбеуге негіз болмайды. Қазіргі уақытта рұқсат тегін рәсімделеді. Жаңа талап кезең-кезеңімен енгізіледі. 1 қарашадан бастап ұшақпен келетін жолаушылар ETA алуға міндетті. 15 қарашадан бастап бұл талап автокөлікпен келетіндерге де қолданылады, алайда ЕАЭО елдерімен арадағы шекара бекеттері әзірге бұған кірмейді. 30 қарашадан бастап ЕАЭО елдері жағынан автокөлікпен келетіндер де электрондық рұқсат алуға тиіс. Ал 15 желтоқсаннан бастап талап теңіз порттары арқылы келетін жолаушыларға енгізіледі. ETA құжатының жарамдылық мерзімі — 180 күн».
Еуразия24 пікірі:
Бұл жаңалыққа әлеуметтік желі қолданушыларының алғашқы реакциясы: «Шетелдіктерден ақша алудың тағы бір жолын тапқан екен». Алайда мұнда соншалықты тосын шешім жоқ. Керісінше, Қазақстан көптеген дамыған елде бұрыннан қалыптасқан тәжірибені енгізуге көшіп отыр.
Сапар алдында электрондық рұқсат алу тәртібі Канада, Ұлыбритания, АҚШ, Австралия және Жаңа Зеландияда қолданылады. Мәселен, Канадада мұндай рұқсат 7 канадалық доллар, Ұлыбританияда 20 фунт стерлинг тұрады, ал АҚШ-та ESTA жүйесі жұмыс істейді. Демек, визасыз сапардың өзінде шетелдік азамат туралы мәліметті елге келмей тұрып тіркеу тәжірибесі әлемде кеңінен енгізіліп келеді.
Айта кетейік, Ресей де 2025 жылғы 30 маусымнан бастап RuID қосымшасы арқылы шетелдіктердің сапарын алдын ала цифрлық рәсімдеуді сынақтан өткізе бастады. Визасыз келетін шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан мен ЕАЭО-ның өзге елдерінің азаматтары алдын ала цифрлық профиль ашып, Ресейге бару туралы электрондық өтініш беруі керек. Кейін бұл тәжірибенің мерзімі 2027 жылдың соңына дейін ұзартылды.
QazETA мәліметінше, Қазақстандағы жүйе де өтінішті электронды түрде алдын ала беруге негізделген. Берілген рұқсат 180 күнге дейін жарамды болады.
Мұндай жүйенің мемлекет үшін тиімді тұстары бар. Электрондық рұқсат арқылы шетелдік азамат ел шекарасына жетпей тұрып, жолаушылар легі, сапар мақсаты және елге келушілер туралы негізгі мәліметтер алдын ала жиналады. Туризмді дамытып, жаңа әуе бағыттарын ашып, шетелден келетіндер саны артып отырған Қазақстан үшін мұны қазіргі көші-қон саясатының бір құралы деуге негіз бар.




