Евразия24Басты бетЕңбек нарығында маман тапшы: кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа міндет жүктелді

Еңбек нарығында маман тапшы: кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа міндет жүктелді

|

|

8 қыркүйектегі Үкімет отырысында техникалық және кәсіптік білім беру саласына қатысты ауқымды өзгерістер жарияланды. Жан басына бөлінетін қаржыны екі есеге көбейту, өңірлерде салалық кластерлер құру, колледждер мен жұмыс берушілердің байланысын күшейту көзделіп отыр. Алайда еңбек нарығындағы жағдай әлдеқайда күрделі. Кәсіпкерлер білікті жұмысшы тапшы екенін айтып келеді, ал елде жүздеген мың бос жұмыс орны әлі де толмай тұр. «Қоғамда елде жұмыс жоқ деген пікір қалыптаспауы керек. Жұмыс істегісі келген адамға жұмыс табылады», — деді Премьер-министр Олжас Бектенов. Үкімет басшысының бұлай айтуына негіз бар. Жергілікті маман жетіспегендіктен, кәсіпорындар бірнеше жылдан бері шетелден жұмыс күшін тартуға мәжбүр. Үкімет бұл мәселені шешуге бағытталған жаңа шараларды ұсынды. Бірақ түйткілдің төркіні бастамалардың аздығында ма, әлде бұрыннан бар тетіктердің дұрыс жұмыс істемеуінде ме?

БЕКТЕНОВТІҢ ЕСКЕРТУІ

Үкімет басшысы елде жұмыс жоқ деген пікірмен келіспейтінін білдірді.

«Жұмыс тоқтап қалмауы үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Қоғамда елде жұмыс жоқ деген пікір қалыптаспауы керек. Жұмыс істегісі келген адамға жұмыс табылады», — деді Олжас Бектенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев келтірген деректер де еңбек нарығындағы жағдайды аңғартады. Жыл басынан бері жұмыс берушілер Enbek.kz электрондық еңбек биржасына 845 мың бос жұмыс орнын орналастырған. Соның 432 мыңы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Соған қарамастан, ұсынылған орындардың 30–40%-ына маман табылмай жатады. Кәсіпорындар кадр тапшылығын өтеу үшін жыл сайын шетелден шамамен 300 мың адамды жұмысқа тартады.

Біздіңше, мемлекет мұның себебін жұмыссыз жүрген азаматтардың еңбек етуге құлықсыздығынан ғана іздеп отырған жоқ. Мәселе жергілікті мамандардың білімі мен білігі жұмыс берушілердің талабына сай келмеуінде болуы мүмкін. Екінші жағынан, ұсынылатын жалақының төмендігі де адамдардың мұндай жұмысқа баруына кедергі болуы ықтимал.

Әйтпесе Еңбек министрлігі әкімдіктермен бірлесіп мансап орталықтарының жұмысын қайта қарап, жаңа цифрлық платформаларды енгізуге кіріспес еді.

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ СҰРАНЫС БОЛЖАМЫ

Алдағы он жылда өнеркәсіп пен әлеуметтік саланы қажетті мамандармен қамтамасыз ету Қазақстан үшін маңызды міндеттердің біріне айналмақ.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, елдегі жұмыс күшінің жалпы саны 9,8 млн адам. Оның 9,4 миллионы еңбекпен қамтылған. Жұмыспен қамту деңгейі 96% болғанымен, бірқатар салада маман жетіспеушілігі сақталып отыр.

«2035 жылға қарай ел экономикасына 2,9 млн маман керек болады. Соның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Ең көп сұранысқа ие кәсіптер тізімі 51-ден 174 мамандыққа дейін толықтырылды. Оған инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы бағыттары енгізілді», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев .

Салалық министрліктер де алдағы кадр қажеттілігіне қатысты нақты есептерін ұсынды.

Өнеркәсіп пен құрылысқа 36,7 мың маман қажет. Оның 16,2 мыңы құрылысқа, 14,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өндірісте цифрлық егіздер мен жасанды интеллект технологияларын меңгерген мамандарға сұраныс жоғары болады.

Агроөнеркәсіп кешенінде қазір 1,1 млн адам еңбек етеді, оның 595 мыңы — жұмысшы мамандар. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәліметінше, 2035 жылға дейін салаға тағы шамамен 73 мың жұмысшы қажет болады. Олар өсімдік және мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығын механикаландыру және өнім өңдеу бағыттарына тартылады.

Көлік және логистика саласында бүгінде 870 мың адам еңбек етеді. Яғни елдегі әрбір оныншы жұмыскер осы салада қызмет атқарады. Соған қарамастан, алдағы жылдары тағы 57 мың маман қажет болмақ. Әсіресе машинист, жүргізуші, инженер, ұшқыш және кеме капитаны секілді мамандарға сұраныс жоғары.

«Салада жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты 31 жаңа мамандыққа сұраныс туындап отыр. Жол шаруашылығына BIM технологиясын меңгерген жобалаушылар, «ақылды жол» жүйелерімен жұмыс істейтін мамандар және құрылыс роботтарының операторлары қажет. Теміржол мен логистика саласында цифрлық логистика мен автоматика мамандарына қажеттілік артып келеді. Авиацияда да жаңа бағыттар пайда болды. Соның ішінде жасанды интеллектіні пайдаланатын диспетчерлер, әуе қозғалысын жобалау мамандары және ұшқышсыз техника операторлары бар», — деді көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Мұнай өңдеу саласында да мамандарға сұраныс арта түспек. Бұған мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатын 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспары себеп.

«Осыған байланысты мұнай мен газды өңдеу және өткізу бағыты бойынша сегіз кәсіби стандартқа кіретін 29 мамандық қайта қаралып, олардың талаптары жаңартылып жатыр», — деп энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімде.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те  бұл мәселеге назар аударды.

Кешенді болжам нәтижесі еңбек нарығындағы сұраныстың жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға тиесілі екенін көрсетеді.

СТУДЕНТТЕРГЕ БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ АРТАДЫ

Бұл сұранысты өтеу үшін Үкімет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға кірісті. Өзгерістер 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, негізгі міндет — колледждерде ел экономикасына қажетті мамандар даярлауды күшейту.

Қазір 480 колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша 131 мың студент білім алып жүр. Олардың 79%-ы колледжге 9-сыныптан кейін түскен. Жаңа оқу жылында осы бағыттарға 57 мың студент қабылданды.

Бұл мақсатқа бөлінетін қаржы да едәуір көбейіп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмысшы мамандықтарын даярлауға бір студентке бөлінетін қаржы екі есе көбейді. Биыл осы мақсатқа 60 млрд теңге қарастырылған. Бұған дейін қаржы колледждердің рейтингіне қарай бөлінетін. Биылдан бастап бұл тәртіп тоқтатылып, барлық колледжге бірдей талаппен қаржы бөлінеді. 2027 жылға 95 млрд теңге, 2028 жылға 80 млрд теңге қарастырылып отыр», — деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Үкімет басшысы колледждерді қолдауға бағытталған өзге де шараларды атады. Колледждерге қабылдауға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс 93 мыңнан 145 мың орынға дейін көбейтілді, шәкіртақы мөлшері 50%-ға өсті. Алдағы үш жылда 7,5 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.

Алайда қаржы бөлу кезінде колледждердің рейтингін ескермеу және бюджет қаражатын барлық оқу орнына бірдей тәртіппен үлестіру қаншалықты тиімді болатынына назар аударған жөн. Өйткені білім беру сапасы мен түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші әртүрлі колледждер қаржыландыру жағынан бірдей жағдайда қалады. Бұл оқу орындарының жұмыс нәтижесін ескеруге мүмкіндік бермей, қаржыландырудағы теңгермешілікке әкелуі мүмкін.

Сондықтан мемлекет бұл тәсілді әлі де жан-жақты қарастырғаны жөн.

ӨҢІРЛІК КЛАСТЕРЛЕР МЕН ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚТАР

8 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов бірқатар нақты тапсырма берді:

  • жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығын іске қосу;
  • өңірлерде мамандар даярлайтын салалық кластерлер құрып, олардың біліктілігін тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу;
  • 1 қарашаға дейін техникалық және кәсіптік білім беру инфрақұрылымын дамытудың 2027–2030 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу.

Премьер-министрдің айтуынша, қазір жұмыс істеп тұрған колледждердің 70%-дан астамы 40 жылдан бұрын салынған. Сондықтан олардың материалдық базасын заман талабына сай жаңарту қажет.

Біз бұған дейін білім беру саласында жүргізілген реформаларға да назар аудардық. Сөйтсек, салалық кластерлер құру, құзырет орталықтарын ашу және мамандардың біліктілігін тәуелсіз бағалау бастамалары Қазақстанда бұған дейін де қолға алынған екен.

Соның бірі — 2019–2021 жылдары жүзеге асырылған «Жас маман» жобасы. Оның аясында 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуға бюджеттен 57,9 млрд теңге бөлінді.

Сол кезде еліміздің әр өңіріндегі колледждерде құзырет орталықтары ашылып, шетелден қымбат жабдықтар, зертханалық құрылғылар мен тренажерлер сатып алынды. Бір оқу орнын жабдықтауға 300–400 млн теңгеге дейін қаржы жұмсалды.

Бұдан бөлек, Қазақстанда мамандардың біліктілігін тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу және тәуелсіз емтихан орталықтарын құру жұмыстары 2010 жылдардың басында-ақ қолға алынған. Медицина саласында Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы құрылса, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан біліктілікті растау орталықтары жұмыс істеді.

Енді Үкімет өңірлерде салалық кластерлер құрып, тағы бір Ұлттық орталық ашуды ұсынып отыр. Бұл бастамалар да бұрынғы жобалардың кебін кимей ме деген сұрақ туындайды.

Жалпы, біз Үкіметтің соңғы тапсырмаларын ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі экономикаға қажетті мамандарды даярлай ала ма деген сауалға жауап іздеп көрдік. Алайда әзірге оған сенімді жауап беру қиын.

Егер жаңа тапсырмалар бұрынғыдай баяу орындалып, жұмыс есеп үшін атқарылатын болса, экономикаға қажет 1,8 млн білікті маманды даярлау оңайға соқпайды. Мамандар даярланған күннің өзінде олардың білімі мен дағдысы жұмыс берушілердің талабына сай келмеуі мүмкін. Ал біліктілігі жеткілікті болғанымен, ұсынылатын жалақы төмен болса, бос жұмыс орындары тағы да толмай қалады.

Демек, мәселе тек колледждерге қаржы бөлу немесе жаңа орталықтар ашумен шешілмейді. Маман даярлау сапасы, жұмыс берушілердің сұранысы, біліктілікті бағалау, еңбек жағдайы мен жалақы мәселесі өзара үйлестірілуге тиіс. Енді салалық министрліктер жарияланған жобаларды белгіленген мерзімде қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетеді.

Искандер Смаилов

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

БАӘ басшысы ХАМАС шабуылы туралы Нетаньяхуға алдын ала ескерткен

Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығы 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылдан бірнеше күн бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға ХАМАС-тың ауқымды шабуыл әзірлеп жатқаны туралы ескерткен.

Валюта нарығында доллар тұрақтылығын сақтады

Сейсенбі күнгі саудада АҚШ долларының еуро мен фунт стерлингке шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал иенамен арадағы бұрынғы төмендеуінің орнын толтырды.

Ресей Вьетнаммен сауда-экономикалық байланысты дамытуға басымдық береді

Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Вьетнам Компартиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, ел президенті То Ламмен кездесуінде Мәскеудің Вьетнаммен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.

ЕО Израильдің Палестина жеріндегі қоныстарын бейбітшілікке кедергі деп санайды

Еуропалық одақ басып алынған Палестина аумағындағы Израиль қоныстары халықаралық құқыққа қайшы деген ұстанымын тағы да растады.