Оқиға Қарағанды облысында болды. Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақов онлайн отырыс кезінде жұмыс кабинетінде темекі шеккен.
Алайда отырыстың видеосы интернетке тарап, темекі шегіп отырған депутатқа желі қолданушылары ғана емес, полиция да назар аударды.
Ulysmedia басылымының хабарлауынша, Осакаров аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Қаныбек Төлеуов оқиғаның расталғанын мәлімдеді. «Жұмыс орнында темекі шеккені расталды. Биыл 15 қыркүйекте Осакаров ауданының полиция қызметкері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырып, айыппұл салды», – деді ол.
Осылайша аудандық мәслихат төрағасы темекі және құрамында никотин бар өнімдерді рұқсат етілмеген жерде пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабының 1-бөлігінде мұндай әрекет үшін 15 АЕК, яғни 64 875 теңге айыппұл қарастырылған.
Бір қызығы, Қанат Саққұлақов 2024 жылы «Осакаров ауданының құрметті азаматы» атанған. Мәслихатта ұзақ жыл қызмет еткен, еңбек жолы да біршама салмақты. Бірақ жұрт назарына іліккені – қызметтегі жетістігі емес, жұмыс кабинетінде шеккен бір тал темекісі. Аудан игілігі үшін атқарылған көп жылғы еңбектен гөрі, орынсыз жерде тұтатылған бір тал темекі көбірек сөз болғаны да осы.




