ҚазТАГ дерегінше, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Ресей билігі қабылдаған бірқатар талапты Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа қайшы деп таныды. ЕЭК алқасының 8 қыркүйектегі шешімінде Ресей үкіметінің 2021 жылғы 19 маусымдағы №936 қаулысымен бекітілген сәйкестік декларацияларын тіркеу, олардың қолданылуын тоқтата тұру, қайта жалғастыру және күшін жою тәртібіндегі 281-1-тармақ, сондай-ақ сәйкестік сертификаттарына қатысты осы тәртіпті реттейтін 141-1-тармақ ЕАЭО туралы шарттың бірқатар талабына сәйкес келмейтіні көрсетілген. Атап айтқанда, аталған нормалар 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шарттың 28-бабы 2-тармағына, 51-бабы 1-тармағының 8 және 16-тармақшаларына, 53-бабының 2-тармағына және 54-бабының 4-тармағына қайшы деп танылды. Сонымен қатар олар ЕАЭО аясындағы техникалық реттеу туралы хаттаманың 5-тармағына (Шартқа №9 қосымша) және сәйкестікті бағалау органдарын аккредиттеу нәтижелерін тану туралы хаттаманың 3-тармағына (Шартқа №11 қосымша) сәйкес келмейді. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия Ресейге ЕАЭО туралы шарт пен Одақтың тиісті құжаттарында белгіленген талаптарды орындау қажеттігі жөнінде хабарлауға шешім қабылдады.
Еуразия24 пікірі:
Енді бұл шешімнің мәнін қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Әңгіме тауардың қауіпсіздік пен сапаға қойылатын міндетті талаптарға сай екенін растайтын сертификаттар мен сәйкестік декларациялары туралы болып отыр. Ресейде осы құжаттарды тіркеу тәртібіне қосымша талаптар енгізілген. ЕЭК бұл талаптар ЕАЭО-ның ортақ нарығында тауар айналымын қиындатады деген қорытындыға келді. Өйткені Одақтың бірыңғай талаптарына сай келетін және қажетті құжаттары рәсімделген өнім ЕАЭО елдерінің аумағында қайтадан қосымша тексеру мен рәсімдерден өтпеуге тиіс. Сондықтан ЕЭК Ресей енгізген талаптарды ортақ нарықтағы кедергі деп танып, оларды алып тастауды ұсынды. Егер бұл мәселе шешілмесе, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Армения өндірушілерінің Ресей нарығына тауар шығаруы қиындайды. Оларға қосымша құжат рәсімдеуге тура келіп, уақыт пен шығын көбейеді. Ресейге бұл талаптарды ЕЭК шешімі күшіне енген күннен бастап 60 күн ішінде ретке келтіру қажет. Бұдан кейін қабылданған шаралар туралы комиссияға 15 күн ішінде хабарлауы тиіс.




