Евразия24Басты бетАҚШ-пен арасы суыған Канада Еуроодаққа бет бұрды

АҚШ-пен арасы суыған Канада Еуроодаққа бет бұрды

|

|

Канада Премьер-министрі Марк Карнидің Еуропалық одақпен «бірегей одақ» құру ниеті туралы мәлімдемесі геосаяси тұрғыдан елеулі қадам деуге болады. Іс жүзінде Оттава Дональд Трамп жаңаша сипатта ұстанып отырған Монро доктринасына қайшы бағыт таңдағалы отыр. Вашингтон Канаданың мұндай әрекетін жауапсыз қалдырмауы мүмкін. Дегенмен Канаданың бұлай әрекет етуіне негіз бар. АҚШ өз мүддесі үшін одақтастарына қысым жасаудан тайынбайтынын талай рет көрсетті.

Канада дәстүрлі түрде Жаңа дүниедегі Еуропаға ең жақын елдердің бірі саналады. АҚШ-пен салыстырғанда мінезі сабырлырақ, артық қылыққа да көп бара бермейтін «Еуропаның қызы» іспетті. Қалай болғанда да, Оттава мен Вашингтон ұзақ жыл бойы тіл табысып келді.

Екі ел арасындағы алғашқы елеулі келіспеушіліктер Дональд Трамп АҚШ-тың 45-президенті болған тұста басталды. Ол қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай Канада мен Мексикадан қосымша жеңілдіктер алу үшін Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы келісімді (NAFTA) қайта қарауға кірісті. Бұл бастама серіктес елдерге ұнай қойған жоқ. Соған қарамастан, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап NAFTA-ның орнына USMCA (United States–Mexico–Canada Agreement) – АҚШ, Мексика және Канада арасындағы жаңа сауда келісімі күшіне енді.

Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғаннан кейін Вашингтон серіктестерінен тағы да көбірек жеңілдік талап ете бастады. Мексика АҚШ талаптарына біртіндеп көнгенімен, Марк Карни басқарған Канада қарсылық танытты. Ақыры Вашингтонмен сауда жөніндегі келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Канада тарапы бұған Ақ үйдің шектен тыс талаптары себеп болғанын ашық айтып отыр.

2025 жылы Канада экспортының 72%-ы АҚШ нарығына жөнелтілді. Марк Карни Қытаймен сауда-саттықты кеңейту арқылы бұл тәуелділікті азайтуға талпынды. Алайда оның бұл қадамы Дональд Трамптың наразылығын одан әрі күшейтті. Канада Ұлттар достастығына мүше болғанымен, бұл бірлестік Лондон төңірегіне топтасқан ортақ нарық емес. Канада мен Еуропалық одақ арасында 2017 жылдан бері еркін сауда туралы келісім қолданылып келеді. Бірақ оны ЕО-ның он мемлекеті әлі ратификациялаған жоқ. Сондықтан келісім әзірге уақытша әрі толық көлемде жұмыс істемейді.

Канада Еуроодаққа мүше болуды да, қауымдастырылған мүше мәртебесін алуды да көздеп отырған жоқ. Марк Карнидің «бірегей одақ» туралы айтуының себебі де осында. Оттаваға өз тауарларын өткізетін жаңа нарықтар қажет. Ал Брюссель Канадаға Швейцария немесе Норвегия секілді үлгі ұсына алмайтынын мәлімдеді. Бұл екі ел ЕО құрамына кірмегенімен, онымен экономикалық тұрғыдан өте тығыз байланысқан.

Канада премьер-министрінің мұндай мәлімдеме жасауына бірнеше жағдай қатар әсер етті. Трамптың Канаданы АҚШ-тың 51-штатына айналдыру туралы ұсынысы канадалықтардың ашу-ызасын туғызды. Соның әсерінен елде АҚШ-қа қарсы көңіл күй де күшейіп отыр. Онтарио көлінің атауын «Америка» деп өзгерту жөніндегі бастама да бұған қосымша түрткі болды. Дегенмен Канаданы нақты әрекетке итермелеп отырған басты себеп – экономика. Ақ үй басшысы канадалық тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізу арқылы елдің АҚШ нарығына шығуын едәуір қиындатты. Экспортының басым бөлігі оңтүстіктегі көршісіне тәуелді Канада үшін бұл – ауыр соққы.

Қазіргі таңда Ақ үйде өзі шартты түрде «технатшылар» деп атайтын жаһандық жобаны жақтаушылар отыр. Олар Еуроодақ, Ұлыбритания және Канадаға ықпалы басым деп сипатталатын ультраглобалистік күштермен бәсекелеседі. Автор Оттаваның Вашингтонға қарсы қадамдары 2026 жылғы 3 қарашада өтетін аралық сайлауда демократтарға қосымша дауыс жинауға көмектесуі мүмкін деп есептейді.

Алайда Канада үкіметі үшін дәл қазір саяси тартыстан гөрі экономикалық қысым әлдеқайда өзекті. Жалпы құны 20 млрд доллар болатын канадалық тауарларға 50 пайыздық баж салығының салынуы ел экономикасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Оның үстіне АҚШ-тың 47-президенті осындай тариф қолданылатын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтетінін айтып отыр.

Қазақстан үшін Канада, АҚШ және Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастың ең маңызды тұсы – Батыс елдері арасындағы қайшылықтардың қаншалықты тереңдеп бара жатқаны. Ұзақ уақыт бойы Батыстың негізгі бағытын Вашингтон айқындап келді. Қазір жағдай өзгере бастады. Саяси топтар арасындағы бәсеке бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, Марк Карнидің Еуроодаққа бет бұруы соның бір көрінісіне айналды.

Мұндай жағдайда Астанаға Батыспен қарым-қатынаста бәріне ортақ бір ғана ұстаныммен шектелу жеткіліксіз. Әр мемлекетпен және саяси күшпен байланысты жеке қарастырып, Батыс елдері арасындағы ашық қайшылықтармен қатар, сырт көзге байқала бермейтін келіспеушіліктерді де ескеретін икемді саясат қажет. Бұл ретте жағдайдың уақыт өте өзгеретінін, әр елдің мүддесі мен нақты саяси тұлғалардың ұстанымы әртүрлі екенін де назардан шығармаған жөн.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ауыл мектептеріне жасанды интеллект енгізілмек

2028 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан ауылдарындағы 2,6 мыңнан астам шағын жинақты мектеп жасанды интеллектіні енгізу жобасымен қамтылады. Қазір пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептерінде іске асырылып жатыр.

АҚШ қор нарығы ФРЖ шешімі қарсаңында төмендеді

АҚШ-тың негізгі қор индекстері сейсенбі күнгі сауда-саттықты төмендеумен аяқтады. Бұған мемлекеттік облигациялар кірістілігінің өсуі және Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) ақша-кредит саясатын қатаңдатады деген болжам әсер етті.

Түркия Сауд Арабиясына әскери қолдау көрсетуге дайындалып жатыр

Түркия Мекке қорғаныс келісімі аясында Сауд Арабиясына әскери көмек көрсетуге дайындалып жатыр. Алайда Анкара Йемендегі хуситтермен тікелей соғыс қимылдарына араласуды жоспарламайды. Бұл туралы Middle East Eye дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Еурокомиссия басшысы Канадаға ЕО-ның алғашқы қауымдастырылған мүшесі мәртебесін беруді ұсынды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Канада мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, елге ЕО-ның қауымдастырылған мүшесі мәртебесін беруді ұсынды.