Вашингтон. 18 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Иран Пикакс тауының астындағы ядролық бағдарламамен байланыстырылатын нысанның кіреберістерін қосымша бекіте бастаған. Вашингтондағы Ғылым және халықаралық қауіпсіздік институты (ISI) 11 қыркүйекте түсірілген спутниктік суреттерді зерттеп, осындай қорытындыға келді.
Институт есебінде туннельдің батыс жағындағы бір кіреберістің үстіне тағы бір қабат топырақ төселгені, сондай-ақ маңайдағы бірнеше кіреберістің де бекітілгені айтылады. Сарапшылардың түсіндіруінше, топырақ қабаты қалыңдаған сайын жерасты кешенінің әуе соққысына төтеп беру мүмкіндігі артады.
Қазір нысанның ішінде қандай да бір жұмыс жүріп жатқаны байқалмаған. Дегенмен ISI сарапшылары онда маңызды жабдықтар мен материалдар сақталуы мүмкін деп есептейді. Олардың арасында уран байытуға жарамды центрифугалар да болуы ықтимал.
Бұл мәлімет АҚШ президенті Дональд Трамп Пикакс тауындағы нысанға қатысты Иранға кезекті рет ескерту жасағаннан кейін бір апта өткен соң жарияланды.
«Пикакс нысанында белгілі бір белсенділік байқап отырмыз. Иранға отпен ойнамауға кеңес беремін. Әйтпесе оған өте ауыр соққы беруге тура келеді», – деді Трамп өткен аптада журналистерге.
Пикакс тауы Натанздағы ядролық кешеннен шамамен екі шақырым жерде орналасқан. Тау астындағы нысанға бірнеше туннель арқылы кіруге болады. Оның құрылысы 2020 жылы басталған.
Иран билігі бұған дейін бұл жерде заманауи центрифугалар шығаратын жаңа жерасты кешені салынып жатқанын хабарлаған. Сарапшылар оның кейбір бөліктері тау бетінен кемінде 100 метр төмен орналасуы мүмкін деп есептейді. Ал Тегеран Пикакс нысанында ядролық қызмет жүргізіліп жатқанын жоққа шығарып отыр.
ISI Пикакс маңындағы өзгерістермен қатар Иранның тағы бір маңызды нысанында құрылыс жұмыстары жандана түскенін хабарлады.
Институттың жеке есебіне сәйкес, Тегеранның оңтүстік-шығысындағы Парчин әскери кешенінде орналасқан «Талеган-2» (Taleghan 2) нысаны жедел қалпына келтіріліп жатыр.
Vantor Technologies компаниясы 13 қыркүйекте түсірген спутниктік суреттерде бұған дейін қираған қорғалған нысанның үсті арнайы жабынмен жабылғаны көрінеді. ISI сарапшылары мұны құрылыс барысын спутниктен немесе әуеден бақылауға мүмкіндік бермеу әрекеті деп санайды. Нысан аумағында самосвалдар, бульдозерлер, бетон төсеуге арналған техника мен крандар да жұмыс істеп жүрген.
Бұдан бөлек, кешенде әуе шабуылынан қорғанысты күшейтетін жаңа бетон құрылыстар пайда болған.
Израиль «Талеган-2» нысанына алғаш рет 2024 жылғы қазанда соққы жасады. Кейін Иран оны қалпына келтіріп, қорғанысын күшейткен. 2026 жылғы наурызда Израиль бұл нысанға қайта соққы жасаған.




