Евразия24ЖаңалықтарБразилияда Трампты елді «отарлауға» ұмтылып отыр деп айыптады

Бразилияда Трампты елді «отарлауға» ұмтылып отыр деп айыптады

|

|

Лондон. 25 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силваның сайлауалды штабы АҚШ президенті Дональд Трампты оңшыл кандидат Флавиу Болсонаруды қолдау арқылы Бразилияны отарлауға әрекет жасап отыр деп айыптаған бейнеролик жариялады. Бұл туралы жұма күні The Guardian хабарлады.

«Флавиу Болсонару – Трамптың кандидаты. Ал Трамп Бразилияны отарлап, байлығымызды иемденгісі, болашағымызды ұрлап, бізді түксіз қалдырғысы келеді», – дейді бейнероликтегі диктор.

Бейнероликте Бразилия барлау қызметі елдің Орталық сайлау комиссиясына АҚШ-тың сайлауға араласу қаупі «аса жоғары деңгейге» жеткені туралы ескерту жолдағаны айтылады.

Кейін Лула да Силваның өзі де қарсыласын Трамппен тығыз байланыста деп айыптады.

«Ол еліміз бен табиғи ресурстарымызды АҚШ-қа бергісі келеді. Бәрі соның еркінде болса, Бразилия қайтадан отарға айналады», – деп жазды Лула да Силва X әлеуметтік желісінде.

Трамп әкімшілігінің Бразилиядағы сайлауға араласуы мүмкін деген сын АҚШ-та да айтылып жатыр. Бейсенбі күні АҚШ Конгресіндегі Демократиялық партияның 30-ға жуық өкілі Мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға хат жолдап, Трамп әкімшілігінің Бразилиядағы сайлауға «араласуға және оның өтуіне ықпал етуге бағытталған әрекеттерін» сынға алды.

Өкілдер палатасының 30 мүшесі мен сенатор Берни Сандерс хатта Трамп әкімшілігінің бірқатар әрекетін атап өткен. Олардың пікірінше, бұл қадамдар Болсонарудың сайлауда жеңіске жетуіне жағдай жасауға бағытталған. Конгресс мүшелері мұндай әрекеттерді «Трамп әкімшілігінің соңғы уақытта Латын Америкасындағы сайлау үдерістеріне араласуынан байқалған ауқымды әрі қатты алаңдаушылық туғызатын үрдістің» бір көрінісі деп бағалады.

АҚШ Мемлекеттік департаменті өткен айда сайлауға ықтимал араласу туралы айыптауларды жоққа шығарған.

«Демократиялық мемлекеттегі сайлауға нұқсан келтіруге бағытталған қандай да бір «астыртын жоспар» бар деген тұжырымдардың еш негізі жоқ», – деп мәлімдеді ведомство.

Бразилиядағы президент сайлауының бірінші кезеңі 4 қазанға белгіленген. Егер кандидаттардың ешқайсысы 50%-дан астам дауыс жинай алмаса, екінші кезең 25 қазанда өтеді.

Лула да Силва – орталық-солшыл бағыттағы Еңбекшілер партиясының мүшесі. Ол сайлауда жеңіске жеткен жағдайда елдегі бірқатар мәселені шешуге, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй құрылысына инвестиция салуға уәде берді.

Флавиу Болсонару – Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың ұлы әрі оңшыл Либералдық партияның мүшесі. Ол Лула да Силваны мемлекеттік компанияларды шығынға ұшыратты және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізуге құлықсыз деп айыптайды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Польша 10 мыңға дейін АҚШ әскерін тұрақты орналастыруға дайын

Польша өз аумағында 10 мыңға дейін АҚШ әскери қызметшісін тұрақты негізде орналастыруға дайын. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский мәлімдеді.

Тоқаев Қазақстан мен Қытайдың Common History Destiny бағдарламасын іске қосуды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan бағдарламасын іске қосуды ұсынды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Тоқаев Қазақстан-Қытай инвестициялық форумын жыл сайын өткізуді ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай инвестициялық форумын жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынды

Қазақстан Қылмыстық істер бойынша Еуропалық конвенцияға қосылады

Kazinform мәліметінше, Қазақстанға шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға мүмкіндік беретін тағы бір құқықтық тетік қолжетімді болады.