Астана. 25 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы аясында бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк құрылысының басталуына қатысты, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Жобаны биоферментация саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі – қытайлық Fufeng Group жүзеге асырып жатыр.
Бірінші кезеңде өндірістік кешенді құруға 350 млн доллар инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңдейді.
Екінші кезеңде кәсіпорынның қуатын жылына 3 млн тонна жүгеріге дейін жеткізіп, шығарылатын өнім түрлерін көбейту көзделген. Бұл кезеңдегі инвестицияның жалпы көлемі 1,15 млрд долларды құрайды.
Өнеркәсіптік парк іске қосылғаннан кейін шамамен 1,5 мың жұмыс орны ашылып, Қазақстанда астықты терең өңдеудің толық өндірістік циклі қалыптасады.
Бұған дейін жүгеріні терең өңдеуге маманданған қытайлық Fufeng Group компаниясының өнеркәсіптік паркі 2025 жылдың көктемінде салына бастағаны хабарланған.
Жоба Шу ауданында, Jibek Joly арнайы экономикалық аймағына (АЭА) жақын жерде жүзеге асырылып жатыр. Ол Қазақстанның агроөнеркәсіп саласындағы ең ірі жобалардың біріне айналады деп күтілуде.
Жоба аясында крахмал қанты өндірілетін зауыт, аминқышқылдарын өндіретін үш ферментациялық кәсіпорын және ағын суды тазарту станциясы салынады. Кейін тұз қышқылы мен сұйық аммиак өндірісін жолға қою жоспарланған.
Кәсіпорында лизин, натрий глутаматы, ксантан шайыры және мал азығына арналған аминқышқылдары да шығарылады. Kazakh Invest мәліметінше, бұл өнімдердің бағасы бастапқы шикізат құнынан 10–15 есе жоғары.
Өнімдер Еуропалық одақ, Солтүстік Африка және Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.
Fufeng Group Company Limited – Қытайдағы биоферментация өнімдерін шығаратын ірі компания. Ол тағамдық қоспалар, дәм күшейткіштер, тәттілендіргіштер, дәмдеуіштер, сондай-ақ аминқышқылдары, құрама жем, тыңайтқыштар, косметикалық және фармацевтикалық өнімдер өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Компания натрий глутаматы, ксантан шайыры, глюкоза және фруктозаны қоса алғанда, 50-ден астам негізгі өнім түрін шығарады.




