Астана. 28 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны спорттағы айтулы жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен кеңінен танылуына қосқан зор үлесі үшін III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады», – делінген хабарламада.
Дүйсенбі күні Тоқаев Рыбакинамен кездесіп, оны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен және әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады. Президент бұл жетістіктің тарихи маңызын және оның Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Сіздің жеңістеріңізден кейін балаларымыздың тенниске қызығушылығы артып, үйірмелерге көптеп жазыла бастады. Олар да чемпион болғысы келеді. Сіз балаларымызға жақсы үлгі көрсетіп жүрсіз. Бұл – өте жақсы. Балаларымыздың спортпен айналысуы олардың болашағы үшін аса маңызды. Үлкен дулыға турнирлеріндегі үш жеңісіңіз теннис тарихында мәңгі қалады. Мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да жеңісті жолыңызды жалғастыра бересіз деп ойлаймын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортшының адами қасиеттеріне де ерекше тоқталды.
«Сіз кортта да, адамдармен қарым-қатынаста да өзіңізді лайықты ұстайсыз. Мен Сіздің жеке мәдениетіңіздің өте жоғары екенін үнемі атап өтемін. Мұның да маңызы зор. Соның ішінде Қазақстанды спортқа, әсіресе тенниске қолдау көрсететін дамыған әрі өркениетті мемлекет ретінде таныту тұрғысынан да маңызды», – деді Президент.
Рыбакина Тоқаевқа жеке қолдауы және Қазақстанда үлкен теннисті дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғаны үшін алғыс айтты.
Әлемнің бірінші ракеткасы халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсететінін мақтан тұтатынын айтып, алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қазақстандық жанкүйерлерді жеңістерімен қуанта беруге ниетті екенін жеткізді.




