Лондон. 10 қазан. ИНТЕРФАКС – Ұлыбританияның Корольдік әуе күштерінің Моулсворт базасына заңсыз кіргені үшін ұсталған екі Латвия азаматы кепілмен босатылды. Бұл туралы британ полициясының терроризмге қарсы күрес басқармасы хабарлады.
Лондоннан солтүстікке қарай 110 шақырым жерде орналасқан Моулсворт базасында АҚШ Қарулы күштерінің Еуропадағы қолбасшылығының (USEUCOM) барлау орталығы және НАТО-ның Біріккен барлау орталығы (NATO Intelligence Fusion Center) орналасқан. Аталған орталық НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысына барлау мәліметтерін ұсынады.
Сәрсенбі күні база шекарасының маңынан иесіз қалған автокөлік табылғаннан кейін британ әскери полициясы мен Кембриджшир графтығының полициясы оқиғаны тергеуге кірісті. Кейін қоршаудан адам өте алатындай шағын саңылау анықталды. Бейсенбіге қараған түні полиция база аумағынан Ұлыбританияда тұратын Латвияның екі азаматын ұстады. Оларға Ұлттық қауіпсіздік туралы заңның 4-бабы – «Ұлыбритания мүддесіне нұқсан келтіру мақсатында кіруге тыйым салынған нысанға заңсыз өту» бойынша айып тағылды.
Лондон полициясының терроризмге қарсы күрес бөлімінің басшысы Хелен Флэнаганның мәлімдемесінде : “Тергеу жалғасып жатыр. Бұл мәселе бойынша Қорғаныс министрлігінің полициясымен және Кембриджшир полициясындағы әріптестерімізбен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Тергеудің негізгі міндеттерінің бірі – бұл адамдардың аталған жерде қандай мақсатпен болғанын анықтау. Соның ішінде олардың қандай да бір қылмыстық әрекетке қатысы болуы мүмкін деген болжам да тексеріледі”, – делінген.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта бұл оқиғаны өткен аптада Корольдік әуе күштерінің Фэрфорд авиабазасында болған жағдаймен байланыстыруға негіз жоқ. Ол кезде АҚШ Әскери-әуе күштерінің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары пайдаланған базада теракт ұйымдастыруға дайындалды деген күдікпен Ұлыбританияның бес азаматы ұсталған. Кейін жеткілікті дәлел болмағандықтан, олар да кепілмен босатылды.




