ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 81 бастапқы медициналық көмек орталығы мен аутизмі бар балаларға арналған 189 күндізгі бөлімше ашу жоспарланып отыр. «Бұл бастама психикалық денсаулыққа қатысты бұзылыстарды ерте анықтау, емдеу және оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін медициналық көмек алу мүмкіндігі кеңейеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді. Кеңес барысында ол халықтың психикалық денсаулығын қорғауға арналған 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын таныстырды. Құжатта 11 бағыт бойынша 60 іс-шара қарастырылған. Қазіргі уақытта елімізде 20 психикалық денсаулық орталығы, 101 бастапқы медициналық көмек орталығы және осы салаға мамандандырылған 212 кабинет жұмыс істейді. Бұған қосымша 12 өңірде тағы 81 бастапқы орталық ашу қажеттігі анықталды. Аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Олар үшін психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар жанынан 189 күндізгі бөлімше ашу көзделген. Бұл балаларды тәулік бойы ауруханаға жатқызбай-ақ, оңалту қызметтерін көрсету мүмкіндігін кеңейтеді», – деп министрлік хабарлады .
Еуразия24 пікірі:
Бұл жаңалықты естігенде, ең алдымен, мынадай ой келеді: Қазақстанда психикалық денсаулық саласындағы көмек көрсету жүйесін осыншалықты кеңейту жоспарланса, демек, елде бұл мәселеге қатысты жағдай күрделі болғаны. Мұндай болжамның қате болғанын қалар едік. Алайда ресми статистика көңіл көншітпейді.Мәселен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халық арасында мүгедектіктің таралуына қатысты мәліметтерді жариялады. Ведомство есебінде мынадай деректер келтірілген:
«18 жасқа дейінгі балалар арасында психикалық бұзылыстар салдарынан мүгедектік белгіленгендердің үлесі басым – 42,1%. Ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 32,6% болған. Психикалық бұзылыстарға байланысты мүгедектігі бар деп танылған балалар саны 3360-тан 4615-ке дейін өсіп, 37,4%-ға артқан. Екінші орында туа біткен даму ақаулары – 17,5% (2025 жылы – 22,4%), үшінші орында жүйке жүйесінің аурулары – 14,6% (17,3%)».
Тағы бір назар аударарлық құжат бар. Ол – 2025 жылғы 15 қарашада Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет аппараты басшысы жолдаған хат.«Психоактивті заттарды қолдануға байланысты емес психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар науқастардың жалпы саны 200 мың адамнан асты. Аталған аурулардың тұрақты өсуі байқалады. 2024 жылы психоактивті заттарды қолдануға байланысты емес психикалық және мінез-құлық бұзылыстарының алғаш рет анықталу көрсеткіші 2023 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артты», – делінген хатта.
Демек, Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бастамасы орынды. Өйткені елімізде психикалық бұзылыстар анықталған адамдар саны артып қана қоймай, оларға ұзақ мерзімді қолдау көрсету қажеттілігі де күшейіп келеді. Мұндай қолдау медициналық емдеумен шектелмейді. Оған түзету-дамыту сабақтары, оңалту шаралары, отбасыларға көмек көрсету және диагнозы бар балалардың білім алуына жағдай жасау да кіреді.Денсаулық сақтау министрлігі қолға алған шаралардың қаншалықты нәтижелі болатынын олардың тиімділігі жөніндегі есептер жарияланғаннан кейін бағалауға болады. Мемлекет бұл мәселелерді жасырмай, ресми деректерді ашық жариялап отырғандықтан, қабылданған шешімдердің нақты нәтижесі де көп ұзамай белгілі болады.




