Kazinform хабарлайды: «Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Тимур Турлов Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында әлемдік шахматты дамытудың негізгі міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, басты мақсаттардың бірі – шахматты дамытуға тұрақты қаржы көздерін тарту және осы спорт түрін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, гроссмейстерлердің әр жүрісінің мәні мен қабылдаған шешімдерін көрерменге түсінікті етіп жеткізу арқылы шахматтың тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Қазақстан шахматының болашағына қатысты пікір білдірген Турлов алдағы төрт жылда еліміз әлемдегі шахматтан үздік он мемлекеттің қатарына қосылып, ерлер құрамасы Олимпиада медальдарына үміткер бола алатынына сенім білдірді».
Еуразия24 пікірі:
Бір қызығы, шахмат әлемдегі ең кең таралған зияткерлік ойындардың бірі саналады. Оның халықаралық федерациясы, әлем чемпионаттары және ұлттық құрамалар арасында қалыптасқан жарыс жүйесі бар. Соған қарамастан, шахмат әлі күнге дейін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жоқ.
Егер шахмат олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына қосылса, Қазақстанның жоғары жүлделерге таласуға мүмкіндігі мол болар еді. Өйткені елімізде шахмат мектебі жақсы дамыған, халықаралық дәрежедегі атақтарға ие спортшыларымыз бар. Қазақстандық шахматшылар командалық жарыстарда да мол тәжірибе жинақтаған.
Әйтсе де, бір мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Қыркүйек айының соңында
Тимур Турлов басшылыққа келген Халықаралық шахмат федерациясын (FIDE) Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бұрыннан мойындаған. Ал шахмат 1999 жылы ресми түрде спорт түрі ретінде танылды. Алайда содан бері Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген жоқ. Неліктен? Біздіңше, бұған шахмат жарыстарының өзіндік ерекшеліктері себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, ойынның көрерменге ұсынылу тәсілі, турнирлердің ұзақтығы және аудиторияның қызығушылығы өзге спорт түрлерінен ерекшеленеді.
Сондықтан FIDE көптеген елдің ұлттық құрамалары қатысатын Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын тұрақты түрде өткізіп келеді. Сонымен қатар шахматты Олимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енгізу бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Тимур Турловтың Халықаралық Олимпиада комитетімен келіссөздері қаншалықты нәтижелі болатынын болжау қиын. Бұл тартыста шешуші жүрісті кім жасайтынын уақыт көрсетеді.




