Әлеуметтік желілерде кішкентай балалардың өз қатарласының бірін тұншықтырып, тепкілеп, ұрып-соққаны бейнеленген жан түршігерлік видео таралып жатыр. CMN ақпарат агенттігінің хабарлауынша, оқиға Алматыдағы жекеменшік балабақшалардың бірінде болған. Ал әлеуметтік желідегі басқа бір парақшада аталған балабақшаның атауы да көрсетілген.

Әзірге балабақша әкімшілігі де, Алматы қаласының Полиция департаменті де ресми түсініктеме берген жоқ. Сондықтан оқиғаның мән-жайына қатысты нақты тұжырым жасауға ерте.
Дегенмен 2GIS платформасында аталған балабақша туралы 23 қазанда ssima есімді қолданушының жазған пікірі көңіл аудартады. Онда оқиғаға қатысты нақты жайттар баяндалған. Пікірді орыс тілінен аударып, толық нұсқасын ұсынамыз.
«2026 жылы 23 қазанда ұлым Арслан баратын жекеменшік балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын көрдік. Көзіммен көрген нәрсеге әлі де сене алмай отырмын…
Таңғы сағат 09:48 шамасында екі бала кішкентай ұлымды ұрып-соғып, бетінен ұрған, тепкілеген, тістеген, тұншықтырған, күртесінің бас киімінен тартып, еденмен сүйреген. Бейнежазбада олардың баламның бетіне отырғаны да көрінеді. Ұлым еденде жатып жылаған, кейін қозғалыссыз қалып, есінен танып қалған. Ана ретінде бұл көріністерді көру маған өте ауыр тиді.
Мен баламды балабақшаға сеніп тапсырдым. Оны қорғауға міндетті адамдардың қарауында деп ойладым. Кез келген ана секілді, баламның қауіпсіз жерде екеніне сенімді болдым.
Алайда бейнежазбадан баламның басынан өткен жағдайды көргенде, қатты күйзеліске түстім.
Бұған дейін де ұлым балабақшадан көзінің айналасында жарақат іздерімен келген болатын. Оның себебін сұрағанымызда, тәрбиеші қалай пайда болғанын білмейтінін айтқан еді. Ал бүгін бейнебақылау камераларының жазбаларын көрдік…
Ең ауыры – сол сәтте баламның өзін қорғауға еш мүмкіндігі болмағанын көру.
Ол әлі кішкентай. Өзін толық қорғай алмайды. Жасы да өз құқығын қорғауға немесе басынан өткен жағдайды ересектерге егжей-тегжейлі түсіндіріп беруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан балабақшадағы балалардың қауіпсіздігіне жауапты ересектерге ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Біз баламызды дәрігерге апарып, тексеруден өткіздік. Қазір оның жағдайын бақылап отырмыз. Күйеуім полицияға арыз жазды. Құқық қорғау органдары бұл оқиғаны жан-жақты тергеп, әділ шешім қабылдайды деп үміттенеміз.
Менің мақсатым – ешкімді дәлелсіз айыптау немесе біреуді қорлау емес. Мен баламның құқығын қорғауды, болған оқиғаның толық әрі әділ тергелуін және балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдардың өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауын қалаймын.
Бүгін мұндай жағдай менің баламның басынан өтті. Ертең басқа біреудің баласы осындай жағдайға тап болмайтынына кім кепілдік бере алады?
Балабақша бала үшін қауіпсіз орын болуы тиіс. Ата-аналар таңертең баласын балабақшаға алаңсыз тапсырып, кешке оның аман-есен оралатынына сенімді болуы керек».
Әйел жазбасымен бірге баланың бетінде соққы іздері анық байқалатын екі фотосуретті жариялаған.
Зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол беруге болмайды. Ал балалардың бір-біріне күш көрсетуі мұқият тексеруді қажет етеді. Бұл іске қатысты жаңа мәліметтер пайда болған жағдайда оқырмандарды жедел хабардар етеміз.




