Евразия24Басты бет«Діндер және бейбітшілік»: Өзара түсіністік пен ортақ келісім – татулық кепілі

«Діндер және бейбітшілік»: Өзара түсіністік пен ортақ келісім – татулық кепілі

|

|

20–23 қазан аралығында Мәскеуде «Діндер және бейбітшілік» атты XII халықаралық форум өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл басқосуға түрлі діни конфессиялардың, мемлекеттік органдардың өкілдері, білім, мәдениет және құқық салаларының сарапшылары, қоғам қайраткерлері мен әлемнің 20-дан астам елінен келген қонақтар қатысады. Форум аясында қатысушылар өзара құрметке негізделген ашық диалог жүргізіп, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтау мен бейбітшілікті нығайтудың маңызы жөнінде пікір алмасады.

«Біз ешкімге ортақ бір көзқарасты таңуды мақсат етпейміз. Керісінше, бұл форум әртүрлі пікірді тыңдауға, бір-біріміздің ұстанымымызды түсінуге және мүмкіндігінше ортақ мәмілеге келуге жол ашу үшін құрылған. Шынайы келісімге осылай қол жеткізуге болады», – деп форум жетекшісі Алексей Черкезов басқосудың негізгі мақсатын атап өтті.

Форумда діни және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері де талқыланды. Басқосудың негізгі тақырыптарының бірі орыс тілін дамытуға арналды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік кеңістікте орыс тілін қолдаудың біртұтас институционалдық жүйесі сақталмай, бұл бағыттағы жұмыс әр елде әрқалай жүргізіле бастады. Ресей осы кезеңде бірқатар мемлекетпен екіжақты бағдарламаларды жүзеге асыруға күш салды. Олардың қатарында «Шетелдегі ресейлік мұғалім» бағдарламасы, шетел азаматтарына Ресей жоғары оқу орындарында білім алуға квота бөлу және оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты бастамалар болды. Алайда бұл шараларды біріктіретін ұзақ мерзімді көпжақты стратегия қалыптаспады. 2020 жылдардың басына қарай аталған мәселені шешу үшін халықаралық шартқа негізделген, барлық қатысушы мемлекеттің тең құқылы ынтымақтастығын қамтамасыз ететін тетік қажет екені айқындалды. Бұл бағыттағы маңызды бастама Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан көтерілді. Мемлекет басшысы 2021 жылы Ресей Президенті Владимир Путинге тиісті ұсынысын жеткізіп, мәселені шешуге негіз қалады.

ТІЛ – ҮСТЕМДІК ҚҰРАЛЫ ЕМЕС, ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Ұлтаралық келісімді қалыптастыру тәжірибесімен бөлісуге арналған «Ұлтаралық келісім – бейбітшіліктің негізі» атты секция отырысында Халықаралық орыс тілі ұйымы (ХОТҰ) Бас хатшысының орынбасары Алексей Волков сөз сөйледі. Ол 2022 жылы Санкт-Петербургте өткен ТМД саммитінде Қазақстан Президенті Франкофония үлгісімен жаңа халықаралық ұйым құруды ұсынғанын айтты. Бұл бастаманың басты ұстанымы – тілді үстемдік жүргізудің құралына емес, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың негізіне айналдыру. 2023 жылы Бішкекте алты мемлекеттің басшысы Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы шартқа қол қойды. Бастаманы көтерген Қазақстан 2024 жылдың қарашасында аталған құжатты бірінші болып ратификациялады. 2026 жылдың көктемінде шарт күшіне енді. 2026 жылғы 11 наурызда Мәскеуде ұйымның алғашқы министрлік конференциясы өтті. Ал сәуір айында Сочидегі «Сириус» университетінің базасында ұйым хатшылығы жұмысын бастады. 2026 жылғы 22 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық орыс тілі ұйымының Бас хатшысы Наталья Бочаровамен кездесті. Мемлекет басшысы ұйымның тиімді халықаралық құрылым ретінде жұмыс істеуінің маңызын атап өтті. Сондай-ақ орыс тілі саяси мүдделерден тыс, халықтарды жақындастыруға қызмет етуге тиіс екенін, бұл ретте барлық қатысушы мемлекеттің мүдделері тең дәрежеде ескерілуі қажеттігін айтты. Кейінірек, 2026 жылдың қазан айында өткен ТМД саммитінде Қазақстан Президенті Достастық елдерін Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырды.

Мәскеудегі форумда сөз сөйлеген Алексей Волков Халықаралық орыс тілі ұйымының басты міндеті орыс тілі мен Достастық елдерінің тілдерін дамыту арқылы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты сақтау және нығайтуекенін атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтар – сапалы білім беруді қолдау, орыс филологиясы саласындағы мамандарды даярлау, ғылыми және мәдени байланыстарды дамыту.

«Орыс тілі – бейбітшілік пен әріптестіктің құралы» атты дөңгелек үстел отырысында «Орыс, славян және казак этномәдени бірлестіктерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі мен «Алматы облыстық орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалдарының төрайымы Лариса Леонидовна Котельникова сөз сөйледі. Оның айтуынша, Қазақстанда орыс тілі күнделікті тұрмыста, білім беру, мәдениет, экономика және халықаралық байланыстар салаларында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылу аясы да кеңейіп келеді. Бұл екі үрдіс бірін-бірі толықтырады. 2026 жылы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітілген, ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданылады. 2021 жылы халық санағының қорытындысы бойынша бес жастан асқан тұрғындардың 83,7 пайызы орысша ауызекі сөйлеу тілін түсінеді. Этникалық қазақтар арасында бұл көрсеткіш 79,5 пайызды құраған. 2025–2026 оқу жылында мектеп оқушыларының шамамен 30 пайызы, колледж студенттерінің 37,6 пайызы және жоғары оқу орындары студенттерінің 24,8 пайызы орыс тілінде білім алған. Ал Ресей университеттерінде Қазақстанның 60 698 азаматы оқиды.

Орыс тіліндегі білім беру ісі Қазақстанда да, халықаралық ынтымақтастық аясында да қолдау тауып келеді. Елімізде Мәскеу мемлекеттік университетінің, Мәскеу инженерлік-физика институтының, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің, Ресей химия-технология университетінің филиалдары жұмыс істейді. 2025 жылы Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы ашылды. Сонымен қатар 2023 жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Халықаралық орыс тілі ұйымы құрылды.

2025 жылы жүргізілген сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің жартысына жуығы орыс тілін негізгі жұмыс тілдерінің бірі ретінде атаған. Бұл іскерлік келіссөздер жүргізу мен шарт жасасуды жеңілдетеді. Дегенмен тіл мәселесі қоғам үшін әлі де маңызды әрі сезімтал тақырыптардың бірі болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 145 және 174-баптарында тілдік белгісі бойынша кемсітушілікке қатысты жауапкершілік көзделгенін Лариса Котельникова атап өтті. Ол Қазақстандағы тіл саясатының ерекшелігін мемлекеттік тіл – қазақ тілін дамытумен қатар орыс тілінің қолданысын сақтау және елдегі барлық этностың тіліне құрмет көрсету ұстанымымен байланыстырды. Спикердің пікірінше, мұндай саясат Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Түрлі дін, ұлт және жас өкілдерінің өзара түсіністігін арттыруға, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және қоғамдағы азаматтық бірлікті сақтауға ықпал ететін медиаконтент әзірлеудің тәжірибелік тәсілдері мен қағидаттарына арналған «Заманауи медиа: мазмұн арқылы өзара түсіністікке» атты секция отырысында қазақстандық журналист, деректі фильмдер авторы Ақмарал Баталова сөз сөйледі. Ол форумға қатысқан әр елдің ақпараттық саясат саласындағы мамандарына, редакторлар мен контент менеджерлеріне, экстремизмнің алдын алу және этносаралық қатынастарды үйлестіру мәселелерімен айналысатын қызметкерлерге, PR мамандарына, баспасөз хатшыларына, блогерлер мен тақырыптық арна авторларына Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі ахуал туралы баяндады. Сондай-ақ әріптестерін Қазақстанда блогерлердің ұсталуына қатысты мәліметтерді жарияламас бұрын мұқият тексеруге, шындыққа жанаспайтын немесе толық емес ақпаратты таратпауға шақырды.

Журналист Қазақстанда Қылмыстық кодекстің ұлтаралық және өзге де алауыздықты қоздыруға қатысты 174-бабы бойынша Анастасия Ахметова мен Эльмира Кулакова-Вайстың ұсталғаны жөніндегі ақпараттың қалай ұсынылғанына ерекше тоқталды. Ресейде бұл жағдайды «Ресейді қолдайтын белсенділерден тазарту» деп сипаттаған. Ақмарал Баталованың пікірінше, мұндай тұжырым оқиғаның шынайы мән-жайын бұрмалайды. Анастасия Ахметова өзін Қазақстанның мүддесін жақтайтын блогер ретінде танытады. Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамытуға, ортақ кеңестік тарихты, әсіресе Ұлы Отан соғысындағы халқымыздың ерлігі туралы тарихи жадыны сақтауға тұрақты түрде қолдау білдіріп келеді. Анастасия интернационализм қағидаттарын берік ұстанып, халықтар достығын белсенді түрде жақтайды.

Ал Эльмира Кулакова-Вайс қазақ тіліне қатысты өткір пікірлерімен, ұлтжанды азаматтарға бағытталған дөрекі айыптауларымен, өзгенің контентін көшіріп жариялауымен және арандатушылық сипаттағы тікелей эфирлерімен Қазнеттің орыстілді аудиториясының белгілі бір тар ортасында танылған. Аталған екі блогердің қоғамға танылу деңгейі де, көздеген мақсаты мен аудиториясы да әртүрлі. Сондықтан оларды бір ақпараттық тақырып аясында біріктіріп, екеуін де «Ресейді қолдайтын белсенділер» деп көрсету дұрыс емес екенін қазақстандық журналист түсіндірді.

СӨЗ САПТАУДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Ақмарал Баталова Ресейдің медиа саласындағы белгілі тұлғаларының кейбір мәлімдемелерін де мысалға келтірді. Оның пікірінше, мұндай сөздер Қазақстан мен Ресей басшылары қолдап отырған тату көршілік қатынастарға, бейбітшілікті сақтауға және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеуге кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, Еуразиялық сыйлықты табыстау рәсімінде Маргарита Симоньян: «Қазір шетелде орыс тілін насихаттау, шын мәнінде, ерлікпен пара-пар. Орысша сөйлеуге, Ресейге, оның тіліне қызығушылық танытуға немесе орыс тілімен қандай да бір байланыс орнатуға ұмтылған адамдардың қандай қиындықтарға тап болып жатқанын білеміз. Олардың қылмыстық қудалауға ұшырап, тіпті балаларынан айырылып қалу қаупімен бетпе-бет келетін жағдайлары да бар», – деп мәлімдеген.

Қазақстандық журналистің пікірінше, мұндай жалпылама мәлімдемелер барлық елде жағдай бірдей деген жаңсақ түсінік қалыптастырады. Шын мәнінде, орыс тілін қолдануға шектеулер жекелеген мемлекеттерде ғана бар. Осындай сөздер өз елінің ұлттық мүддесін қорғап, сонымен бірге Ресеймен тату көршілік қатынастарды сақтауды жақтайтын азаматтарды қиын жағдайға қалдырады.

Ақмарал Баталова журналистік әдепке қайшы келетін тағы бір мысалды атап өтті. 2026 жылдың ақпанында Женевада төрт жылға созылған соғыстан бері алғаш рет Ресей мен Украинаның әскери барлау басшылары жетекшілік еткен делегациялар соғысты тоқтату шарттары жөнінде келіссөз бастады. Оның қарсаңында Украина Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов мұндай келіссөздердің қажеттігін айтып: «Әйтпесе, бір-бірімізді өлтіруді жалғастыра береміз», – деген еді. Ал «Комсомольская правда» радиосының жүргізушісі Мария Баченина саясаттанушы Александр Казаковпен сұхбат барысында соғысып жатқан екі елдің әскери құрылымдары арасындағы келіссөздерді талқылай отырып, Будановтың Ресейде террорист деп танылғанына ерекше тоқталды. Жүргізуші оны «Ресей азаматтығы бар кез келген оқушы маңдайынан атып өлтіре алуға тиіс қарақшы» деп атады.

Ақмарал Баталова Ресейдің жетекші федералдық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің мұндай пікірлері мен зорлық-зомбылыққа шақыруын ақтауға болмайтынын атап өтті. Қарулы қақтығысқа қатысушы тараптарға қатысты ресми ұстаным немесе журналистің жеке көзқарасы мұндай мәлімдемелерге негіз бола алмайды. Ол әріптестеріне таратқан ақпараттары тек ел ішіндегі аудиторияға ғана емес, шетел жұртшылығына да жететінін ескертті. Қазақстандық журналистің пікірінше, балаларды өшпенділікке тәрбиелеу соғыстың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына жол ашып, өңірдегі халықтар арасында сенімсіздік пен алауыздықтың таралуына қауіп төндіреді. Әрине, журналистердің өз пікірін білдіруге, қоғамды жан-жақты әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз ету үшін кез келген тақырыпта сұрақ қоюға құқығы бар. Алайда олар кәсіби жауапкершілікті де ұмытпауы тиіс. Өйткені мәселенің мән-жайын жете түсінбей айтылған пікірлер, жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, бейбіт келіссөздердің өтуіне, сондай-ақ тұтас өңірдегі тату көршілік қатынастарға кері әсер етуі мүмкін.

Ақмарал Баталова Қазақстанда журналистер мен блогерлердің ұсталуын соңғы екі жылда биліктің ақпарат кеңістігіне бақылауды күшейтуімен байланыстырды. Оның түсіндіруінше, мұндай саясат елдің саяси жүйесі конституциялық өзгерістерден өтіп жатқан кезеңде экстремизмнің алдын алу қажеттігінен туындаған. Журналист шектеулердің түрлі, соның ішінде бір-біріне қарама-қайшы көзқарастағы ақпарат көздерін де қамтығанын атап өтті. Атап айтқанда, «Айран» YouTube арналары жабылып, «Орда» және ҚазТАГ басылымдарының бас редакторлары сотталған. Журналист Вадим Борейконың «Гиперборей» арнасына қатысты да сұрақтар туындаған. Ал радикалды ұлтшыл Арман Шураев тағы да 20 тәулікке қамауға алынған. Сонымен бірге Баталова аталған жобалардың бұрын жарияланған материалдары әлі де ашық қолжетімді болып, қысқа бейнероликтер түрінде таралып жатқаны қоғамды алаңдатып отырғанын жеткізді.

Ақмарал Баталованың бағалауынша, Қазақстанда гибридті соғыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Ол адамдардың санасына және ақпарат кеңістігіне ықпал ету, сауда саласындағы қысым, кибершабуылдар, телефон алаяқтығы, есірткі тасымалы, сыбайлас жемқорлық, құмар ойындарға тәуелділік пен балаларға қарсы қылмыстардың көбеюі түрінде көрініс табуда. Сарапшы мұның бәрін әлемдік алпауыт күштердің Орталық Азиядағы ықпал үшін күресінде мемлекетті әлсіретуге бағытталған әрекеттердің құралы деп есептейді. Оның пікірінше, арнайы қызметтердің жұмысының арқасында бұл текетірес әзірге қарулы қақтығысқа ұласқан жоқ. Журналист Астананың көпвекторлы әрі бейбітшілікке негізделген сыртқы саясаты өткір мәселелерді көпшілік алдында кеңінен талқылаудан бой тартуды көздейтінін де атап өтті. Алайда кейбір шенеуніктер осы жағдайды өз пайдасына пайдаланып, қызметтік өкілеттігін асыра қолданатынына тоқталды. Оның айтуынша, олар ұлттық қауіпсіздікті желеу етіп, өздеріне ұнамаған журналистерді қудалайды. Сондықтан биліктің беделіне нұқсан келтіретін мемлекеттік қызметшілердің де жауапкершілігін қарастыру қажет. Дегенмен мұндай жұмыс жалпы мемлекетке деген сенімді әлсірететін дабыралы әрі жиі қайталанатын науқандарға айналмауы тиіс. Баталова бұған оң мысал ретінде Қазақстандағы Орыс православие шіркеуінің Астана және Алматы епархиясында бұрын иеромонах болған Яков Воронцовтың ісін атады. Діни дәрежесінен айырылып, қылмыстық іс бойынша сотталған Воронцовқа қатысты тергеу, іс жүргізу органдары мен соттың жұмысын журналист жоғары бағалады. Оның пікірінше, істің мұқият жүргізілуі Қазақстанда құрметке ие діни институт – Орыс православие шіркеуінің атына қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер мен интернеттегі жағымсыз пікірлердің таралуына жол бермеді. Қазақстандық журналист ресейлік әріптестерін материал әзірлегенде осы жайттарды ескеруге шақырды.

Журналист Қазақстандағы сарапшылар қауымдастығының Қылмыстық кодекстің 174-бабын қолдану тәжірибесіне қатысты басты сыны сот процестерінің жариялылығы жеткіліксіз болуына байланысты екенін де айтты. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, жеке адамға қарсы жасалған қылмыстар жөніндегі істерден өзгеше, алауыздықтың кез келген түрін қоздыруға қатысты қылмыстық істер қоғамға сабақ болатындай ашық жүргізілуі тиіс. Азаматтар қандай мәлімдеме, жарияланым немесе нақты сөз тіркесі қылмыс құрамын құрайтынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабында кепілдік берілген сөз бостандығы мен алауыздық қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің арасы қай тұстан ажыратылатынын анық түсінуі қажет.

Қазақстандық сарапшы елде Батыстың «жұмсақ күш» саясаты 30 жылдан астам уақыт бойы нәтижелі жүргізіліп келе жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта USAID, Сорос қоры, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар желісі мен шетелдегі оппозициялық құрылымдар белсенді жұмыс істеген. Трамп әкімшілігінің шешімімен USAID қызметі тоқтатылып, Сорос қорының Орталық Азиядағы өкілдіктері қысқартылған. Қордың Бішкектегі жалғыз кеңсесі CAPS Unlock атауын алып, мәртебесі «сараптамалық қызмет көрсетуші» болып өзгерген. Алайда Баталованың бағалауынша, Батыстың ықпалы әлсіреген жоқ. Керісінше, бұл қызмет Вашингтонның қаржылық және саяси бақылауына көбірек тәуелді болып, бұрынғыдай ашық жүргізілмейтін сипатқа көшкен. Қазақстанда Еуропалық одақ пен өзге де шет мемлекеттердің арнайы құрылымдары жұмысын жалғастырып келеді. Ал Қытай елдің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстана отырып, экономикалық ықпалын кеңейтуде. Баталованың пікірінше, Бейжің мен Мәскеу Қазақстан егемендігінің кепілі ретінде қарастырылады. Ресей бұл рөлді ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ аясындағы бірлескен ұйымдар мен ортақ әуе қорғанысы жүйесі арқылы атқарса, Қытай ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық және 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін жариялаған саяси кепілдіктері арқылы жүзеге асырады. Қазақстандық журналист ЕАЭО елдерінің журналистері мен сарапшылары арасында шынайы ақпарат алмасудың бірыңғай әрі ашық тетігін құруды ұсынды. Оның пікірінше, бұл бастама ақпарат кеңістігіндегі сенімді сақтауға және халықтардың құқықтарын, мәдениетін, дәстүрлері мен тілдерін өзара құрметтеуге негізделген, баршаға қолайлы Еуразиялық кеңістік қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақмарал Баталова – қазақстандық журналист, деректі фильмдер авторы, «Купол Юрты» YouTube арнасының жүргізушісі. Ол журналист Лилия Игликова жетекшілік ететін «Евразия24» арнасымен бірлесіп, тарихи жадыны сақтау, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, «Бессмертный полк» шеруінің қазақстандық баламасы – «Батырларға тағзым» еске алу шеруін өткізу қажеттігі, тарихқа жауапкершілікпен қарау және мектеп оқулықтарының мазмұнына қатысты мәселелерді көтеріп келеді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Суданның оңтүстік-шығысындағы төрт провинция дрон шабуылынан кейін жарықсыз қалды

Суданның мемлекеттік энергетикалық компаниясы Жедел әрекет ету күштері (ЖӘК) елдің оңтүстік-шығысындағы электр станцияларына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Соның салдарынан өңірде электр қуатын беру тоқтаған. Бұл туралы Батыс ақпарат құралдары хабарлады.

Бразилияда сайлау нәтижесіне наразылық саяси төңкеріске ұласуы екіталай

Ресей Ғылым академиясының Латын Америкасы институтының бас ғылыми қызметкері Збигнев Ивановский Бразилиядағы президент сайлауының екінші турының нәтижесі қайта қаралады деп есептемейді. Сайлауда елдің қазіргі президенті Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жеткен.

Израиль парламент сайлауы аяқталғанға дейін Иранға шабуыл жасамайды – Қорғаныс министрі

Израиль 27 қазанда өтетін парламент сайлауы аяқталғанға дейін Иранға соққы беруді қайта бастамайды. Бұл туралы дүйсенбі күні Израильдің Қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді.

АҚШ қор индекстерінің фьючерстері қымбаттап жатыр

Дүйсенбі күнгі саудада АҚШ қор индекстерінің фьючерстері өсіп жатыр.Инвесторлар мұнай бағасының төмендеуін бағамдап, маңызды экономикалық жаңалықтарға толы аптаға дайындалуда. Алдағы күндері нарық қатысушыларының назары компаниялардың тоқсандық қаржылық есептері мен АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешіміне ауады.