ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды: «Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері жетілдіріліп жатыр. Мемлекеттік көмекті азаматтардың нақты мұқтаждық деңгейіне қарай көрсету үшін отбасылардың материалдық жағдайын объективті бағалауға басымдық берілген. Осыған байланысты үй шаруашылықтарының табысын, мүлкін және қаржылық міндеттемелерін бағалау тәсілдерін өзгертуді көздейтін Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі қайта қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, әдістемені жетілдіру барысында бағалаудың жекелеген өлшемшарттары өзгертілген. «Атап айтқанда, табыс пен кредиттік міндеттемелерді, оның ішінде ипотекалық қарыздарды бағалау тәсілдері өзгертілді. Автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте пайдаланылғанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасы бағалау өлшемдерінен толық алып тасталды. Жеке кәсіпкерлікпен айналысу және заңды тұлғаның болуы есепке алынбайды. Сондай-ақ шағын жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуы да ескерілмейді», – деді министр. Бұдан бөлек, отбасын асырауға жұмсалатын шығындар, кредиттік міндеттемелер, отбасында жалғыз асыраушының болуы және жалғыз баспананың болуы сияқты жағдайларды есепке алу көзделген».
Еуразия24 пікірі:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың бұрынғы өлшемдеріне қатысты айтылған сын-пікірлерді ескерген сияқты.Жаңартылған әдістеме бұрынғыдай азаматтардың әл-ауқатын тек мүлкі мен кәсіпкерлікқызметіне қарап бағалаумен шектелмей, олардың нақты тұрмыс жағдайын ескеруге бағытталған.
Шынында да, ескі трактордың болуы ауылдағы отбасының ауқатты екенін білдірмейді. Сол сияқты жеке кәсіпкер ретінде тіркелу де тұрақты табыс табудың кепілі емес. Отбасының жалғыз баспанасы болуы мүмкін, бірақ онда тұру ешқандай табыс әкелмейді, керісінше, оны күтіп ұстауға қомақты қаражат жұмсалуы ықтимал. Енді осы жағдайлардың бәрі ескерілмек.
Алайда жаңартылған әдістеменің әлеуметтік көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтардыталаптарға сәйкес келгенімен, материалдық жағдайы жәрдемақысыз өмір сүруге жеткіліктіадамдардан қалай және қаншалықты дәл ажырататыны әзірге белгісіз.
Егер отбасының жалғыз баспанасын сатып алуға алған ипотекалық қарызы есепке алынатын болса, мұны маңызды әрі орынды шешім деуге болады. Ал отбасының аса қажетті емес тауарларды сатып алу үшін рәсімдеген тұтынушылық кредиттері көп болса ше?
Азаматтардың нақты табысын анықтау да оңайға соқпайды. Мемлекет ресми жалақы мен тіркелген мүлік туралы мәліметтерді бақылай алады. Ал бейресми табыс көздері қалай анықталады?
Сондықтан жаңа бағалау жүйесін 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бірден қолданысқа енгізгеннен гөрі, алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу орынды болар еді. Бұл әдістеме бойынша алынған нәтижелерді азаматтардың нақты материалдық жағдайымен салыстырып, жүйенің қаншалықты тиімді екенін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.




