Ақорда хабарлайды: «Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ықпалдастықты одан әрі нығайту үшін «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. «Ұйымымыздың беделін арттыру мақсатында Ресейдің ниетіне оң қабақ танытып, оған осы форматқа қосылуды немесе ТМҰ қызметіне бақылаушы ретінде қатысуды ұсынған дұрыс әрі әділ шешім болар еді. Ірі держава ретінде Ресей ғасырлар бойы түркі әлемімен тығыз байланыс орнатып келеді. Бұл елдің аумағында тарихи тұрғыдан көптеген түркі халықтарының өкілдері мекендейді. Қазіргі уақытта Ресей «Алтай — түркі өркениетінің бесігі» жобасын ілгерілетуде, оны Қазақстан да қолдайды. Орыс тіліндегі көптеген сөздердің түп-төркіні де түркілік сипатқа ие. Жалпы алғанда, егер Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымымыздың бір бөлігіне айналса, бұл барлық мемлекеттеріміз үшін пайдалы болар еді», – деді Президент».
Еуразия24 пікірі:
Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы дер кезінде көтеріліп отыр. Оның негізінде ортақ тарих, мәдени дәстүрлер мен тілдік туыстықтан әлдеқайда ауқымды алғышарттар жатыр.Түркі мемлекеттері Ресей тікелей қатысатын немесе экономикалық тұрғыдан мүдделі серіктес ретінде атсалысатын ірі халықаралық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Мәселен, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы Қазақстан, Ресей және басқа да Еуразия мемлекеттерінің көлік инфрақұрылымымен тікелей байланысты. Сондай-ақ ұзындығы шамамен 8,5 мың шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтеді. Ресейдегі М-12 «Восток» жоғары жылдамдықты автомагистралі де осы көлік жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Ресейді Иран және Үндістан нарықтарымен байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің батыс тармағы Әзербайжан арқылы, ал шығыс тармағы Қазақстан мен Түрікменстан арқылы өтеді. Демек, Ресей үшін стратегиялық маңызы бар көлік бағыттарының бірін дамыту түркі мемлекеттерінің инфрақұрылымы мен олармен арадағы ынтымақтастыққа тікелей тәуелді.
Бұған Түркияны да мысал етуге болады. Ол – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ең ықпалды мүшелерінің бірі әрі Ресей мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің маңызды экономикалық серіктесі. Кейбір саяси келіспеушіліктерге қарамастан, Мәскеу мен Анкара «Түрік ағыны» және «Көгілдір ағын» газ құбырлары, «Аккую» атом электр станциясы сияқты ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.
Осылайша, Ресейдің экономикалық мүдделері ТМҰ-ның негізгі мүшелерінің барлығымен дерлік тоғысады. Қазақстан және Қырғызстанмен оны ЕАЭО аясындағы ықпалдастық байланыстырса, Әзербайжан және Түрікменстанмен «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытудағы ортақ мүдде біріктіреді. Ал Түркиямен энергетика және сауда салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Демек, Ресей түркі мемлекеттерімен ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру үдерісіне іс жүзінде қазірдің өзінде қатысып отыр. Ендеше, бұл қатысуды нақты мәртебемен неге бекітпеске?




