ҚазТАГ хабарлайды: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. «28 қазандағы жыл сайынғы Жолдауымда жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру барысында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру қажет деп санаймын. Оның құрамына бірқатар салалық ведомстволардың басшылары, Құрылтай мен мәслихат депутаттары, Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, еріктілер мен журналистер кіреді», – деп Мемлекет басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды».
Еуразия24 пікірі:
Президент 28 қазанда жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу және жаңғырту көзделген. Атап айтқанда, өңірлерде денсаулық сақтау саласына қарасты 70-ке жуық нысан, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларына арналған 50 шақты мекеме салынып, жаңғыртылады. Үкімет жыл соңына дейін нақты нысандардың тізбесін бекітуі тиіс. Бағдарламаны негізінен мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға 6,5 трлн теңге бөлінеді. Президент бағдарламаның «халықтық» деп аталуын оның ел игілігіне бағытталуымен және нәтижесін бақылауға қоғамның қатысуымен түсіндірді.
Президент ұсынған комиссия құрамы бақылаудың бірнеше деңгейін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді. Салалық ведомстволардың өкілдері қаржылық және жобалық құжаттаманы тексерсе, депутаттар бюджет қаражатының игерілуін қадағалай алады. Ал қоғам өкілдері мен журналистер шығындардың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпал етіп, жергілікті белсенділер мен еріктілер құрылыс жұмыстарының барысын тікелей бақылай алады.
Алайда комиссия жұмысының тиімділігі оның құрамына қанша және қандай өкілдердің енгенінен гөрі, оларға берілетін өкілеттіктер мен бақылау тетіктеріне байланысты болмақ. Комиссия мүшелерінің сметаларға, келісімшарттарға, мердігерлер туралы мәліметтер мен орындалған жұмыстардың актілеріне қол жеткізуі бір бөлек те, ара-тұра жиналыс өткізіп, өзгелердің есебін тыңдаумен шектелуі мүлде басқа мәселе.




