Минск. 4 қараша. ИНТЕРФАКС – Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз тарихи келісімге қол қойдық. Осы келісім аясында Германиямен қауіпсіздіктің барлық дерлік бағыты бойынша ынтымақтастығымызды кеңейтеміз. Германия бригадасы бұрынғыдай әріптестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Келісім Литваның қорғаныс мүмкіндіктерін бүгінгі қажетке сай кеңейтуге, бірлескен оқу-жаттығулардың санын арттыруға және әскерді жылжытуға қатысты рәсімдерді жеделдетуге мүмкіндік береді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс пен ұшқышсыз аппараттардан қорғануды басты басымдықтардың бірі деп белгіледік», – деді Робертас Каунас. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі жазды.
«Германия – Литваның қорғаныс саласындағы ең маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі», – деп атап өтті Литва Қорғаныс министрлігі.
«Жаңа декларация ынтымақтастық аясын кеңейтеді. Ондағы мақсат – екі елдің қарулы күштері арасындағы ықпалдастықты тереңдету, олардың әскери операцияларды үйлесімді жүргізу қабілетін арттыру және бірлесіп әрекет етуге әзірлігін қамтамасыз ету», – делінген хабарламада.
Құжатта екі елдің қорғаныс әлеуетін дамыту жолындағы ынтымақтастықты кеңейту және қорғаныс өнеркәсібіндегі әріптестікті нығайту көзделген. Тараптар логистика, әскерді тасымалдау және медициналық қамтамасыз ету салаларында да тығыз жұмыс істемек.
«Екі ел әскери барлау, радиоэлектрондық күрес, әскери және қос мақсаттағы инфрақұрылым, ғарыштағы қауіпсіздік пен қорғаныс, киберқауіптер мен гибридті қатерлерден қорғану бағыттарында да ынтымақтастықты жандандырады. Мұндай ынтымақтастық стратегиялық коммуникациялар мен ақпараттық шабуылдарға қатысты мәселелерді де қамтиды», – деді Литва Қорғаныс министрлігі.




