ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды: «Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сатылуына бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Жаңа шаралар азаматтарды сапасыз, тіркелмеген препараттардан қорғауға, сондай-ақ дәріханаларда, маркетплейстерде, әлеуметтік желілерде және басқа да сауда алаңдарында дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуын жедел тоқтатуға бағытталған. Осы мақсатта Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығының жобасы әзірленді. Құжат дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарына өзгерістер енгізуді көздейді. (…) Тиісті лицензиясыз дәрі сатуға, тіркелмеген, жалған және сапасыз препараттарды өткізуге, құрамында есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілерді дәрігер рецептісіз беруге, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке қойылатын міндетті талаптарды сақтамауға қатысты заң бұзушылықтарға ерекше көңіл бөлінеді. (…) Ұсынылған өзгерістерді 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланып отыр».
Еуразия24 пікірі:
Біздің түсінуімізше, мемлекет бүкіл фармацевтика нарығын бірдей тексеріспен әуреге салмай, дәрі сату талаптарын бұзатындарға бақылауды күшейтпек. Әңгіме дәріханалармен ғана шектелмейді. Маркетплейстер мен әлеуметтік желілерде сауда жасайтындар да тексеріледі. Мұндай жерлерде сатып алушылар көбіне тауардың арзан бағасы мен тартымды жарнамасына қызығып, сапасын анықтамастан ала береді.
Бұған қоса, 2027 жылы қаңтардан бастап дәрі сапасын бақылау мүмкіндіктері кеңейеді. Соның ішінде алдын ала ескертпей дәрі үлгілерін алу да қарастырылған.Ең бастысы – бұл шаралардың халыққа нақты пайдасы болуы керек. Түпнұсқа дәріні жалғанынан ажырататындай сатып алушының бәрі бірдей фармацевт емес. Дәрі-дәрмек нарығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Оған қажетті ресурс та, өкілеттік те бар. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында бір ғана мәселе түсініксіз: ведомство интернеттегі заңсыз сауданы қалай анықтамақ? Егер полицияның есірткі саудасын анықтау тәсілдерін қолданса, бұл сұрақтың да жауабы табылар еді.




