Евразия24ЖаңалықтарPDVSA мен ExxonMobil америкалық компанияның Венесуэлаға қайта оралуы жөнінде меморандумға қол қойды

PDVSA мен ExxonMobil америкалық компанияның Венесуэлаға қайта оралуы жөнінде меморандумға қол қойды

|

|

Мадрид. 10 қараша. ИНТЕРФАКС – Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясы PDVSA мен америкалық ExxonMobil (SPB: XOM) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ExxonMobil компаниясының Венесуэланың мұнай-газ секторындағы жұмысын қайта бастау мүмкіндігін қарастырады.

PDVSA хабарлауынша, ел президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес келісім игеріліп жатқан кен орындарын да (brownfield), жаңа жобаларды да (greenfield) қамтитынын айтқан. Олардың болжамды қоры миллиардтаған баррельмен бағаланады.

Мемлекет басшысының айтуынша, серіктестік ExxonMobil компаниясының технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерін Венесуэла мұнай саласының ресурстарымен және кадрлық әлеуетімен ұштастыруды көздейді. Ол жобаларды қысқа, орта және ұзақ мерзімде табысты жүзеге асыру үшін ынтымақтастықтың құқықтық шарттары айқын болуы керек екенін де атап өтті.

Болжамды мұнай қоры бойынша Венесуэла әлемде бірінші орында тұр. Алайда соңғы жиырма жылда елдегі мұнай өндірісі едәуір қысқарды. Бұған тиімсіз басқару және 2000-жылдары ExxonMobil мен өзге де шетелдік компаниялардың активтері мемлекет меншігіне алынғаннан кейін сырттан инвестиция келмеуі себеп болды. Атап айтқанда, ExxonMobil активтері 2007 жылы мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне өткізілді. Бұл компанияның Венесуэлада жұмыс істеген уақытындағы осындай екінші жағдай еді. Компания Венесуэлаға қарсы 12 млрд доллар талап етіп, сотқа жүгінді, бірақ бұл соманың бір бөлігін ғана қайтара алды. 2007 жылға дейін ExxonMobil екі ірі мұнай жобасында – Ориноко белдеуіндегі Cerro Negro және Маракайбо көлі алабындағы La Ceiba жобаларында үлеске ие болды. Бұған қоса, 2000-жылдардың басында Венесуэланың шығысындағы Quiamare-La Ceiba блогының 25%-ы компанияға тиесілі болған. Алайда активтер мемлекет меншігіне алынғанға дейін ол бұл үлесін испаниялық Repsol компаниясына сатқан. Сондай-ақ Exxon бұрын елдегі 49 жанармай бекетінен тұратын желіге иелік еткен. Олар да 2007 жылға дейін сатылып кеткен.

Қазір компания көршілес Гайананың теңіз қайраңында мұнай өндіреді. Ол Stabroek теңіз блогының операторы әрі жобадағы 45% үлестің иесі. Алайда бұл жоба Гайана мен Венесуэла арасындағы аумақтық даудың өзегіне айналып отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Азия биржаларында индекстер өсіп, технологиялық компаниялардың акциялары қымбаттады

Сейсенбіде Уолл-стриттегі өсімнен кейін Азия-Тынық мұхиты аймағының қор индекстері де көтерілді.

Мексика қуаты 649 МВт болатын алты күн электр станциясының құрылысына рұқсат берді

Мексиканың Ұлттық энергетика комиссиясы (CNE) жалпы қуаты 649 МВт болатын алты күн электр станциясын салуға рұқсат берді.

Уоллердің мәлімдемесінен кейін доллар нығайды, нарық АҚШ-тағы инфляция деректерін күтуде

Сейсенбі күні түстен кейін АҚШ доллары еуроға, фунт стерлингке және жапон иенасына қатысты біршама нығайды.

Теңіз кен орнының келісімшартын ұзарту жөніндегі келіссөздер қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан Теңіз мұнай-газ кен орнын игеру келісімшартын 2033 жылдан кейінгі мерзімге ұзарту жөнінде белсенді келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.