Астана. 10 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Теңіз мұнай-газ кен орнын игеру келісімшартын 2033 жылдан кейінгі мерзімге ұзарту жөнінде белсенді келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.
«Келіссөздер қызу жүріп жатыр, тараптармен тұрақты байланыстамыз, пікір алмасып отырмыз», – деді Ақкенженов Астанада үкіметтегі баспасөз конференциясында Теңіз келісімшартын ұзарту жөніндегі келіссөздің барысы туралы сұраққа жауап беріп.
«Келіссөзді аяқтаудың нақты мерзімі белгіленген жоқ. Басты мақсат – Қазақстан халқының мүддесін қорғау. Өзге мақсатымыз жоқ. Қанша уақыт қажет болса, сонша келіссөз жүргіземіз. Ең бастысы – өз мүддемізді қорғау», – деп қосты министр.
Энергетика министрінің айтуынша, әзірге бұл мәселе бойынша ешқандай келісімге қол жеткізілген жоқ.
Бұған дейін ол Chevron компаниясының Теңізді игеру келісімшартын 2033 жылдан кейін де ұзартуға ниетті екенін хабарлаған.
Кен орнын игеру жөніндегі қолданыстағы келісімшарт 1993 жылы жасалған. Оның мерзімі 2033 жылғы сәуірде аяқталады.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке елдің ірі мұнай-газ кен орындары – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ бойынша келісімшарттар мен өнімді бөлу туралы келісімдердің мерзімін ұзарту жөніндегі келіссөздерді жандандыруды тапсырған. Мемлекет басшысы олардың талаптарын Қазақстанның үлесін арттыруға мүмкіндік беретіндей етіп қайта қарауға қол жеткізу міндетін қойған.
Теңіздегі мұнай қоры 3,1 млрд тоннаны құрайды. Кен орнының операторы «Теңізшевройл» ЖШС-нің қатысушылары – Chevron Corp. (50%), ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc. (25%), «ҚазМұнайГаз» арқылы Қазақстан (20%) және «ЛУКОЙЛ» (5%).




