Zakon.kz басылымының хабарлауынша: «Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың судьясы Инна Каркада 2026 жылғы 12 қарашада өткен брифингте қазақстандықтардың сотқа шағым түсіріп, істерін қайта қарауды сұрау жиілегенін мәлімдеді. (…) «2025 жылы сот жұмысының алғашқы алты айында айына орта есеппен 83 қылмыстық іс қаралса, 2026 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артты. Статистикаға сәйкес, қазір ай сайын 168 қылмыстық іс кассациялық тәртіппен қайта қаралады…», – деді ол. Судьяның мәліметінше, қабылданған шешімдер 923 адамға қатысты болған. Яғни кассациялық тәртіппен қылмыстық ісі қайта қаралған әрбір үшінші адамның ісі бойынша осындай шешім қабылданған. «Кассациялық іс жүргізудің бір ерекшелігі – біз істі толық көлемде қайта қараймыз және шағымда келтірілген уәждермен ғана шектелмейміз. Егер сотталған адамның жағдайын жақсартуға негіз болса, кассациялық сот тиісті шешім қабылдауға құқылы әрі міндетті. Мысалы, тағайындалған жазаны жеңілдетуге, талап қою бойынша өндірілетін қаражат мөлшерін азайтуға және басқа да шешімдер қабылдауға болады… Айыптау үкімдерінің күші жойылып, қылмыстық істер тоқтатылған жағдайлар да бар. Сот жұмыс істеген уақыттан бері 22 адамға қатысты айыптау үкімдері кассациялық тәртіппен жойылып, қылмыстық істер ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Ақтайтын негіздер дегеніміз – адамның кінәсіз деп танылуы», – деп атап өтті судья».
Еуразия24 пікірі:
Бұл статистика сот жүйесіндегі өзгерістерге сақтықпен болса да оң баға беруге негіз бола алады. Елімізде сот қателіктерін түзетудің нақты тетігі пайда болды. Кассациялық сотқа жүгінген әрбір үшінші адамның ісі бойынша нәтиже бар. Бұл – маңызды көрсеткіш.
Алайда ақталған 22 адамды қаралған қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылған 2848 адаммен салыстырсақ, олардың үлесі 1%-ға да жетпейді. Сондықтан Қазақстанда кассациялық сот құрылғаннан кейін ақтау үкімдерінің саны күрт өсті деп тұжырым жасауға әлі ерте.
Дегенмен оң өзгерістер тек кассациялық сот қызметінде ғана байқалып отырған жоқ. Жоғарғы соттың мәліметінше, 2025 жылы жария айыптау істері бойынша ақталған адамдардың саны 30%-ға, яғни 109-дан 142 адамға дейін артқан. Ал Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, кассациялық тәртіппен өзгертілген сот үкімдерінің үлесі 2024 жылғы 8%-дан 2025 жылы 28%-ға дейін өскен.
Біздіңше, сот реформасының басты жетістігі жіберілген қателіктерді түзетудің көбеюі емес, сот төрелігін жүзеге асыру барысында мұндай қателіктердің мейлінше азаюы болмақ.




