Евразия24Басты бетҚазақстан «Бриллиантовая бабочка» халықаралық киножүлдесінің екі марапатын иеленді

Қазақстан «Бриллиантовая бабочка» халықаралық киножүлдесінің екі марапатын иеленді

|

|

Еуразия киносының жарқын жетістігі

Қазақстандық «Рестарт» және «Эвакуация» фильмдері актерлік шеберлік пен операторлық жұмыс үшін көптен күткен екі бірдей жүлдеге ие болды. Екінші Ашық Еуразиялық «Бриллиантовая бабочка» киножүлдесінде Жасұлан Көпбергенов үздік актер, ал Александр Плотников үздік оператор атанды. Қырғызстан да жүлдесіз қалмады. «Айтматов» фильмі үшін Қаныбек Калматов үздік режиссер атанды.

Марапаттау рәсімі 12 қарашада Мәскеудегі Никита Михалковтың «Мастерская „12“» театрында өтті.

Киножүлдеге 19 елден 41 фильм ұсынылды. Бұл туындылар әртүрлі кино мектептерінің, тілдер мен мәдени дәстүрлердің ерекшелігін танытады. Ал жүлдеге ие болған әр фильмнің арқауында әлемнің әр түкпіріндегі көрерменнің көңілінен шығатын оқиға жатыр.

Қазақстан киносы үшін бұл кеш айрықша табысты болды. Еліміздің атынан төрт фильм қатысты: Думан Еркімбектің «Рестарт», Фархат Шәріповтің «Эвакуация», Гүлшат Смағұлованың «Граждане крыши» және Әділ Мерекенің «Осенний бриз» туындылары. Соның екеуі актерлік және операторлық жұмыс бойынша жеке марапаттарға ие болды.

«Мұндай әрбір марапаттың артында тұтас шығармашылық ұжымның еңбегі жатыр. Актердің, оператордың және режиссердің шеберлігіне берілген жоғары баға біздің киноның көрерменге түрлі көркемдік тәсілдер арқылы ой жеткізе алатынын көрсетеді. Қазақстан мен Қырғызстан үшін бұл жетістіктің фильмдерге жаңа көрермен тауып, олардың авторларына алдағы жобаларды жүзеге асыратын серіктестермен байланыс орнатуға жол ашқаны маңызды. Бізде өз өңірімізден тыс жерлердегі көрерменге де түсінікті әрі қызықты болатын оқиғалар көп», – деді марапаттау рәсімінің ашылуында Қазақстан кинематографистері лигасының төрағасы Айдар Баталов.

Жасұлан Көпбергенов қазақстандық көрерменге «Қайтадан» деген атаумен таныс «Рестарт» фильміндегі басты рөлі үшін марапатталды.

Жасұлан Көпбергенов
Жасұлан Көпбергенов

Фильмде оның кейіпкері уақыт тұзағына түсіп, бір күнді қайта-қайта бастан кешіреді. Алайда әр күн ауыл тұрғындарына қауіп төндіретін бөгеттің бұзылуымен аяқталады. Бәрін басынан бастау мүмкіндігі жасөспірімді күрделі таңдау алдына қояды. Өзгелерді құтқару үшін алдымен оның өзі өзгеруі керек.

Александр Плотников Фархат Шәріповтің «Эвакуация» фильміндегі операторлық жұмысы үшін марапатталды.

Александр Плотников, Жасұлан Көпбергенов

Бұл туындыда өткенге оралып, болған оқиғаны өзгерту мүмкін емес. Ұлы Отан соғысы жылдарында теміржол станциясында қызынан көз жазып қалған ана оны іздеп Алматыға аттанады. Фильм ауқымды тарихи қасірет аясында жеке адамның тағдырын суреттейді. Баласын табуға деген үміт әйелдің алдағы күнге деген жалғыз сүйенішіне айналады.

Қырғызстандық режиссер Қаныбек Калматов өз туындысын Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығына арнаған. Өмірбаяндық драмада жазушының шығармаларына негіз болған оқиғалар мен оның өмірлік және шығармашылық жолы баяндалады. Туған жерінің тыныс-тіршілігін арқау еткен туындылары арқылы әлем оқырманына танылған қаламгердің тұлғасы ашылады. Үздік режиссер атануы жас автордың шығармашылық жолындағы маңызды белес болды.

«Бұл керемет марапат арманға сеніп, оған жету жолында талпыну керектігін көрсетеді. Ол мен сияқты жас кинематографистерге болашаққа үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Мен әрдайым табысқа жетіп, биік белестерді бағындыруға ұмтыламын. Ал шығармашылық жолымдағы алғашқы бұл марапат мені одан әрі жігерлендіре түседі», – деп атап өтті Калматов.

Киножүлденің бас жүлдесін Никита Высоцкий мен Илья Лебедев түсірген ресейлік «Август» әскери детективі иеленді. Әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үшін берілетін арнайы марапат Алиса Фрейндлихке табысталды. Жалпы жеңімпаздар 12 аталым бойынша анықталды.

Киножүлденің атауы оның марапаттарынан да көрініс тапқан. «Бриллиантовая бабочка» мүсіншесінен бөлек, негізгі кәсіби аталымдардың жеңімпаздарына әрқайсысының құны 250 мың долларға тең, салмағы бес карат болатын якут гауһартасы табысталды. Ал үздік фильмге құны 1 миллион долларға тең, салмағы он карат болатын гауһартас берілді. Бұл сирек кездесетін асыл тастар салмағының ірілігімен, ерекше тазалығымен және түсінің әсемдігімен ерекшеленеді. Орыс зергерлік мектебінің үздік дәстүрлеріне сай шебер өңделген гауһартастардың табиғи сұлулығы мен жарықта құбылған жарқылы айқын көрінеді.

Еуразиялық кинематография өнері академиясын Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі мен Ресей мәдениет қоры құрған. Никита Михалковтың бастамасымен тағайындалған киножүлдені Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен Ресей мәдениет қоры ұйымдастырады. Жүлденің мақсаты – ұлттық кино өнерін дамытуға қолдау көрсету, мәдени мұра мен жалпыадамзаттық құндылықтарды арқау еткен фильмдерді дәріптеу.

Қазақстан мен Қырғызстан үшін киножүлденің қорытындысы отандық туындыларға және оларда көтерілген тақырыптарға халықаралық көрерменнің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл фильмдерде адамның есейіп, тұлға болып қалыптасуы, өткенді ұмытпау және жауапкершілік мәселелері қозғалады. Жүлдегерлердің есімдерімен қатар олардың туындылары да көпшілікке кеңінен таныла түсті. Енді көрерменде бұл фильмдерді қайта тамашалауға немесе алғаш рет көруге тағы бір себеп бар.

Марго Джиембай

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты күрт азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты күрт азайтуға бағытталған ұсыныстарды 24 қарашаға дейін әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанда квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық дауына байланысты жуырда салынған әлеуметтік нысандардың сапасы тексеріледі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз жолмен иемденілген активтерді қайтару есебінен жуырда салынған әлеуметтік нысандардың сапасын тексеру қажет деп санайды.

Вэнс 2028 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенімді емес – БАҚ

АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс 2028 жылғы президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбауы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлардың «Самұрық-Қазына» қорына деген сенімін арттыруға тиіс – Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры басшысының ұсталуына байланысты оқиға қор мен мемлекеттік компаниялардың жұмысына әсер етпеуге тиіс екенін мәлімдеді.