Вашингтон. 21 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ-тың соғыс министрі Пит Хегсет Америка Құрама Штаттарының Канадамен қорғаныс саласындағы ынтымақтастығын шектейтін құпия директиваға қол қойды. Бұл туралы The Washington Post газеті ресми дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Осы аптада қол қойылған директиваның нақты мазмұны жарияланбады.
Пентагон өкілі Шон Парнелл басылымға берген мәлімдемесінде министрлік «Канадамен ынтымақтастықтың АҚШ-тың қорғаныс саласындағы нақты мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуін және түптеп келгенде екі ел арасындағы қорғаныс байланыстарын нығайтуға қызмет етуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап жатқанын» айтты.
Оның сөзінше, Пентагон «АҚШ пен Солтүстік Америка құрлығының қауіпсіздігін нығайтуға, сонымен қатар Канаданың НАТО алдындағы міндеттемелерін орындау мүмкіндігін сақтауға бағытталған екіжақты ынтымақтастыққа басымдық береді».
Сонымен бірге Парнелл бұл директива қорғаныс саласындағы барлау деректерімен алмасуға, сондай-ақ АҚШ пен Канада қарулы күштерінің НАТО және Солтүстік Американың әуе-ғарыш қорғанысы жөніндегі бірлескен қолбасшылығы (NORAD) аясындағы ынтымақтастығына әсер етпейтінін атап өтті. Аталған қолбасшылық екі елдің әуе кеңістігі мен теңіз шекараларын қорғауға арналған.
Басылым АҚШ пен Канаданың ондаған жыл бойы тығыз қарым-қатынас орнатып келгенін еске салады. Екі елдің ортақ шекарасының ұзындығы шамамен 8,9 мың шақырымды құрайды. Канада әскери қызметшілері америкалық әскерилермен бірге түрлі әскери операцияларға қатысқан. Соның ішінде Ауғанстандағы соғыс қимылдарында кемінде 158 канадалық әскери қызметші қаза тауып, тағы 2 мың адам жараланған.
Канада сондай-ақ бірнеше ондаған жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бес көз» (Five Eyes) барлау ақпаратын алмасу бірлестігінің мүшесі. Бұл ұйымға Канададан бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия және Аустралия кіреді. Басылымның мәліметінше, «Бес көзге» мүше елдердің бірінің өкілі АҚШ ақпарат алмасу тәртібінің өзгеретіні туралы ресми хабарламағанын айтқан. Дегенмен оның сөзінше, соңғы бір жылда америкалық билік түрлі платформалар арқылы бұрынғыдан аз ақпарат бөлісе бастаған.
Дональд Трамп президенттігінің алғашқы мерзімінде Канаданың қорғанысқа жұмсайтын шығыстарын үнемі сынап келген. Ол Оттаваны қауіпсіздік мәселесінде АҚШ-қа шамадан тыс арқа сүйейтін НАТО-ның өзге одақтастарымен қатар атаған. Сондай-ақ АҚШ пен Канада арасындағы сауда қатынастарын да сынға алып, бұл ынтымақтастық Америкаға жеткілікті пайда әкелмейтінін мәлімдеген.
2024 жылы қайта президент болып сайланғаннан кейін Трамп Канадаға қысымды күшейтіп, оны «АҚШ-тың 51-штатына» айналдыру идеясын ұсына бастады. Алғашында канадалық шенеуніктер мұны әзіл деп қабылдаған. Алайда АҚШ президенті Канаданы аннексиялау мүмкіндігі туралы бірнеше рет мәлімдеме жасады.
Ақырында, Канада премьер-министрі Марк Карни 2025 жылғы мамырда Ақ үйдің Сопақ кабинетінде өткен кездесуде Трампқа Канаданың «сатылмайтынын» және «ешқашан сатылмайтынын» ашық айтты.
Трамптың экономикалық саясаты екі ел арасындағы қатынасты одан әрі шиеленістірді. Президент қызметіне кіріскеннен кейін көп ұзамай ол Канададан импортталатын болатқа, алюминийге және басқа да тауарларға кедендік баж салығын енгізді. Канада бұған жауап ретінде америкалық тауарларға да баж салығын белгіледі. Сонымен қатар, Оттава америкалық қару-жараққа тәуелділігін азайтуға ұмтылып отыр.
Жұма күні Ақ үйде сөйлеген сөзінде Трамп Карниді «өте жағымды адам» деп мақтады. Алайда Канаданың өзі ұсынған шарттар бойынша сауда келісімін жасаспағанына наразылық білдірді.




