Евразия24Үздік бестікке енген ақпараттарСауда министрлігі FlyArystan компаниясына қарсы сотта жеңіске жетті

Сауда министрлігі FlyArystan компаниясына қарсы сотта жеңіске жетті

|

|

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі хабарлады: «Сот FlyArystan әуе компаниясының ішкі ережелерінде анықталған тұтынушылар құқығының бұзылуын жою туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі берген нұсқаманың заңдылығын растады. Әуе компанияға тексеріс жүргізуге жолаушының шағымы негіз болды. Алматы қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен және оның Астана қаласындағы аумақтық департаментімен бірлесіп, жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында әуе компаниясының ішкі ережелерінде жолаушылардың құқықтарын шектейтін бірқатар талап анықталды. Атап айтқанда, тасымалдау шарттарын біржақты өзгерту, әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін шектеу, жекелеген алымдарды заңсыз өндіріп алу, жолаушылардың ақшасын қайтарып алу құқығын шектеу, тұтынушыларды ақпараттандыру талаптарын сақтамау және жазбаша шағым беру тәсілдерін шектеу сияқты заң бұзушылықтар тіркелді. Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясына анықталған заң бұзушылықтарды жою және тасымалдаудың ішкі ережелерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестендіру туралы нұсқама берілді. (…) Сауда және интеграция министрлігінің ұстанымы айқын: әуе компанияларының ішкі ережелері заңнамада кепілдік берілген жолаушылардың құқықтарын шектемеуге тиіс».

 

Еуразия24 пікірі:

Қазақстанда әуе компанияларымен, банктермен немесе байланыс операторларымен соттасу оңай шаруа емес. Ірі компаниялардың заңгерлік бөлімдері де, ұзаққа созылатын сот процестеріне жұмсайтын қаржысы да бар. Ал қарапайым тұтынушының қолында көбіне өзінің наразылығынан басқа ештеңе болмайды.

Сондықтан жолаушылардың мүддесін қорғаған мемлекеттік органның пайдасына шығарылған сот шешімі әуе компаниясы мен оның клиенттері арасындағы қарым-қатынасты өзгертуге тиіс.

Бірақ шынымен өзгерте ала ма? Мәселен, 2025 жылы Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев өзінің рейсі 10 сағаттан астам уақытқа кейінге шегерілгеннен кейін FlyArystan әуе компаниясын ашық сынға алған болатын. Ол сондай-ақ багаж үшін алынатын қосымша төлемдер мәселесін көтерді.

Тағы бір мысал – 2026 жылғы қазанда заңгер Аблай Байтенов FlyArystan компаниясына қарсы сотта жеңіске жетті. Бұған жолаушылардың аптап ыстықта кондиционері жұмыс істемейтін жабық ұшақ ішінде 45 минут бойы отыруға мәжбүр болғаны себеп болды. Сот әуе компаниясынан 700 мың теңгеден астам қаражат өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұл сомаға моральдық зиян үшін 200 мың теңге өтемақы мен сот шығындары да кірді.

Ал Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде Қазақстанның төрт әуе компаниясына жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынған.

Сауда және интеграция министрлігі біраз уақыт өткен соң әуе компанияның сот заңды деп таныған нұсқаманы қаншалықты адал әрі толық орындағанын қайта тексерсе, дұрыс болар еді. Сонда бір мәселеге қатысты заң бұзушылықтарды сотта қайта-қайта дәлелдеудің қажеті болмайды.

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстанда 2027 жылы спутниктік интернеттің тағы екі операторы жұмысын бастауы мүмкін

Қазақстан 2027 жылы спутниктік байланыс қызметін көрсететін тағы екі шетелдік оператордың – қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology және америкалық Amazon LEO компанияларының нарыққа шығуын күтіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

«Қазақтелеком» байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді де сұрап отыр

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин байланыс қызметін негізгі инфрақұрылымдық қызмет түрі ретінде заң жүзінде бекітуді және байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

Қазақстанда «Батыс – Шығыс» цифрлық магистралінің 87 пайызы тартылды

Қазақстанда Ақтау қаласы мен Қытай шекарасындағы Қорғас халықаралық орталығын байланыстыратын «Батыс – Шығыс» талшықты-оптикалық байланыс желісінің 87 пайызы тартылды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

Қазақстан әзірге «Деректер орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға кедергі келтіретін қауіп-қатерлерді көріп отырған жоқ

Қазақстан америкалық Nvidia компаниясы мен Firebird инвесторы қатысатын «Деректер орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға қатысты әзірге құқықтық шектеулер туындауы мүмкін деп есептемейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.