Астана. 24 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин байланыс қызметін негізгі инфрақұрылымдық қызмет түрі ретінде заң жүзінде бекітуді және байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
«Бүгінде байланыс қызметі электр энергиясы, су немесе жылу сияқты азаматтардың негізгі қажеттіліктерінің біріне айналды. Алайда оның құқықтық мәртебесі әлі де осы қызметтермен теңестірілмеген. Сондықтан байланыс қызметін негізгі инфрақұрылымдық қызмет түрі ретінде заңнамада кезең-кезеңімен бекітуді және байланыс желілерін зақымдағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз», – деді Мусин сейсенбі күнгі Үкімет отырысында.
Оның мәліметінше, биылғы он айда өзге ұйымдар «Қазақтелекомның» байланыс желілерін 459 рет зақымдаған. Соның салдарынан байланыс қызметінің тоқтап тұрған жалпы уақыты 80 күнге жеткен.
«Қазір байланыс желілерін бүлдіргені үшін салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 120 айлық есептік көрсеткішті немесе 519 мың теңгені құрайды. Соның салдарынан тұрғындар бірнеше сағат бойы байланыссыз қалуы мүмкін. Ал компания шығынға ұшырап қана қоймай, оның инфрақұрылымын пайдаланатын басқа операторлар алдында да жауапкершілік арқалайды», – деді Мусин.
Сонымен қатар, ол құрылыс компанияларына жаңа тұрғын үйлерді пайдалануға беру кезінде әр пәтерге дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды міндеттеуді ұсынды. Сондай-ақ ғимараттарда 5G базалық станциясын орналастыруға арналған арнайы орын қарастырылып, оған электр қуаты, жерге тұйықтау жүйесі және талшықты-оптикалық байланыс жеткізілуі тиіс.
Мусиннің айтуынша, бұл азаматтарды интернетке қосу үдерісін жеделдетіп, телекоммуникация саласындағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Олжас Бектенов аталған ұсыныстарды қолдап, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне тиісті заңнамалық өзгерістерді әзірлеу мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның телекоммуникация нарығында басым орынға ие. Компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры. 2026 жылдың 1 сәуірдегі жағдай бойынша қордың үлесі 71,32 пайызды құрайды. Сондай-ақ «Қазақтелекомға» Kcell ұялы байланыс операторы акцияларының 51 пайызы тиесілі.
2025 жылы қаңтарда «Қазақтелеком» Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін еншілес «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ін катарлық Power International Holding (PIH) компаниясына 1,1 млрд долларға сатты.
24 қарашада ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 455,12 теңге.




