Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады: «Қазақстанда қан ауруларының ауыр түрлеріне, соның ішінде лейкозға шалдыққан науқастарға қан түзетін дің жасушаларын трансплантациялау мүмкіндігін кеңейту ұсынылып отыр. Ерекше жағдайларда медициналық көрсеткіштері сәйкес келген науқастардың кәмелетке толмаған бауырлары да донор бола алады. Тиісті түзету Құрылтай депутаттарының қарауына ұсынылған денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген. (…) Ұсынылған өзгерістер ауыр қан ауруларына шалдыққан науқастарды емдеудің қосымша жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте барлық медициналық талаптардың сақталуы және кәмелетке толмаған донордың денсаулығын қорғау міндетті шарт болып саналады. Баланың донор болуы үшін оның екі заңды өкілінің нотариат куәландырған жазбаша келісімі қажет. Егер баланың бір ғана заңды өкілі болса, сол адамның келісімі жеткілікті. Медициналық шара басталғанға дейін бұл келісімді кері қайтарып алуға болады».
Еуразия24 пікірі:
Бұл – маңызды әрі ойландыратын жаңалық. Оның үстіне, 2009 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте белгілі бір талаптар сақталған жағдайда кәмелетке толмаған балалардың донор болуына рұқсат етілген еді. Алайда 2020 жылғы кодексте тірі донордан ағзалар мен тіндерді алуға 18 жастан бастап қана рұқсат берілді.
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған өзгерістің ізгі мақсатты көздейтіні түсінікті. Дегенмен мұнда этикалық тұрғыдан күрделі мәселе бар. Өзімізді ата-ананың орнына қойып көрейік. Бір баласы лейкозға шалдыққан, ал екіншісі дені сау әрі донор бола алады делік. Әрине, ата-ана науқас баласын қандай жолмен болса да аман алып қалуға тырысады. Бірақ осындай жағдайда олар екінші баласының денсаулығына төнетін қауіптерді қаншалықты әділ әрі дұрыс бағалай алады?
Ата-ананың келісімін нотариат арқылы куәландыру заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Алайда бұл кәмелетке толмаған донорға психологиялық қысым көрсетілмейтініне кепіл бола алмайды. Тіпті заңда баланың өз келісімін алу міндеттелсе де, бүкіл отбасы ауыр дертке шалдыққан бауырын аман алып қалуға күш салып жатқанда, ол өз еркін ашық білдіре ала ма?
Біздіңше, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді де ескеруі қажет. Мемлекет науқас баланың сауығып кетуіне мүмкіндік жасаумен қатар, дені сау баланың да құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті. Екі баланың да өмірі мен денсаулығы бірдей маңызды.




