«2026 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қ. Омарбековті және басқа да тұлғаларды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», – деп ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Осы ақпарат жарияланғаннан кейін көп ұзамай ҚазТАГ агенттігі «Қазатомөнеркәсіптің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ұлттық компанияның өндіріс жөніндегі бұрынғы бас директоры әрі басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растағанын хабарлады. Ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Компания құқық қорғау органдарына тергеу барысында жан-жақты көмек көрсететінін де мәлімдеген.
Сондай-ақ Омарбеков ұсталғаннан кейінгі күні «Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесі оның және коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатқаны белгілі болды.ҰҚК ресми хабарламасында Қуаныш Омарбековпен бірге «басқа да тұлғалардың» ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны айтылған. Біздің болжамымызша, олардың бірі Владислав Байгужин болуы мүмкін. Дегенмен оның қызметінен босатылуы Қуаныш Омарбековке қатысты қылмыстық іспен мүлде байланысты болмауы да ықтимал.
Жалпы, ҰҚК «Қазатомөнеркәсіптің» жоғары лауазымды басшыларын «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдіктеніп отырғанын ескерсек, бұл істің 11 қарашада ұсталған қордың бұрынғы басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа қатысты тергеумен байланысы болуы әбден мүмкін.
Тағы бір маңызды жайтқа тоқталайық. «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы басқарма мүшесі мен өзге де тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған баптың бұл бөлігі аса ірі мөлшерде немесе қылмыстық топ құрамында пара бергені үшін жауапкершілікті қарастырады. Демек, күдіктілер пара алды деп емес, пара берді деген күдікке ілініп отыр. Ал параның нақты кімге берілгенін ҰҚК әзірге ашып айтқан жоқ.
Квазимемлекеттік сектордың жоғары лауазымды басшылары қандай заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін екенін болжап, күмәнді тұжырымдар жасауға асықпайық. Дегенмен ҰҚК-нің ұлттық компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерді тергеуді жалғастырып жатқаны алдағы уақытта тағы да адамдар ұсталуы мүмкін екенін көрсетеді.
Өйткені «Самұрық-Қазына» қорының құрамында екі ғана еншілес компания жоқ. Егер сыбайлас жемқорлық схемасы шынымен қор басшылығы деңгейінде ұйымдастырылған болса, оның еншілес құрылымдарды қаншалықты кең қамтығаны әзірге белгісіз.




