Мадрид. 26 қараша. ИНТЕРФАКС – Конго Демократиялық Республикасында (КДР) Эбола вирусын жұқтырудың 12 мыңнан астам жағдайы расталды. Індеттен 5,9 мыңнан астам адам көз жұмды. Бұл туралы бейсенбі күні ел билігінің мәліметіне сүйенген EFE ақпарат агенттігі хабарлады.
КДР Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының соңғы есебіне сәйкес, елде Эбола вирусын жұқтырудың 12 021 жағдайы тіркелген. Оның 5904-і өліммен аяқталған.
Аурудан қайтыс болғандардың үлесі 49,1 пайызды құрайды.
Індет Конго Демократиялық Республикасының солтүстігі мен шығысындағы 26 провинцияның сегізіне таралған.
Бұған дейін, қараша айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Эбола індеті әлі де халықаралық деңгейде қоғамдық денсаулық сақтау саласына төтенше қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеген болатын.
Ал Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы КДР-дің шығысындағы гуманитарлық дағдарыс, тұрақсыздық пен халықтың жаппай қоныс аударуы Эбола індетінің бүкіл құрлыққа кеңінен таралуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Конго Демократиялық Республикасының Итури провинциясында Эбола індетінің басталғаны 15 мамырда ресми түрде жарияланды. Кейін Уганда мен Оңтүстік Суданда да ауру жұқтыру жағдайлары тіркелді.
Тамыз айының соңында ДДҰ Угандада Эбола вирусының таралуы тоқтағанын хабарлады.




