Құрылтай Мәжіліс депутаты Мақсұт Нәсібуловтың депутаттық сауалын жариялады: «Қазақстанда 2025 жылғы қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынды. Ал биылғы қаңтардан бастап бұл өнімдерге акциз салығы енгізілді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, мәселенің ауқымы ұлғайып келеді. Энергетикалық сусындарды өндірушілер мен импорттаушылар қауымдастығының мәліметінше, 2023 жылы елімізде 215 млн литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 млн литрге жеткен. Екі жылдағы өсім 65 пайызды құрады! Ал Statista халықаралық компаниясы сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы Қазақстандағы энергетикалық сусындар нарығының ақшалай көлемі 93 млн АҚШ долларына жеткен. 2026 жылдың қорытындысы бойынша да бұл саладағы сатылым көлемі арта түсетініне сенімдімін. Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) фракциясының депутаттары Үкіметке мынадай шаралар қабылдауды ұсынады: (…) Төртіншіден. Энергетикалық сусындардың айналымын заңнамалық тұрғыдан реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, соның негізінде Қазақстанда бұл мәселені реттейтін жаңа заңнамалық шаралар әзірлеу қажет. Оның ішінде еліміздің аумағында энергетикалық сусындарды өндіруге, әкелуге және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігі де қарастырылуы тиіс».
Еуразия24 пікірі:
Бір қызығы, Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салу мәселесі Қырғызстаннан кейін көтеріле бастады. Көрші елде қараша айының басында Президент Садыр Жапаров Министрлер кабинетіне осы мәселені қарастыруды тапсырған болатын. Ал 12 қарашада тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжатта 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға ғана емес, тіпті ішуге де тыйым салу көзделген.
Айта кетейік, әлемнің көптеген елінде энергетикалық сусындардың айналымына заң жүзінде шектеулер қойылған. Алайда оларды толықтай тыйым салған мемлекеттер туралы мәлімет таба алмадық.
Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың денсаулыққа зиян екеніне қатысты депутаттың пікірімен келісеміз. Дегенмен 21 жасқа толған адам не ішіп, не жейтінін өзі шеше алатын жаста емес пе? Мемлекет азаматтарды олардың таңдауы қандай салдарға әкелуі мүмкін екенінен хабардар етуге құқылы әрі міндетті. Бірақ сол таңдау құқығынан мүлде айыру қаншалықты дұрыс?
Халықты денсаулыққа зиянды дүниелердің бәрінен толық қорғауға тырысамыз деп шектен шығып кету де оңай. Егер тек денсаулыққа пайдасы мен зиянын ғана басшылыққа алсақ, келесі кезекте темекі мен алкогольге де толық тыйым салуға тура келеді. Одан кейін тәтті газдалған сусындар, фастфуд, чипсы мен кондитерлік өнімдер де осы тізімге енуі мүмкін.




