Мәскеу. 25 қараша. ИНТЕРФАКС – Ресей мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Екі ел президенттерінің тұрақты кездесулері бұл ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына ықпал етеді. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді.
Кремльде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Путин екі ел басшыларының Ресей мен Қазақстанда, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар аясында тұрақты түрде кездесіп тұратынын атап өтті.
«Бұл жолы сіз Сбербанк ұйымдастыратын жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі конференцияға басты қонақ ретінде қатысуға келістіңіз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөліп жүргеніңізді білемін. Бұл іс-шара сіз үшін қызықты болатынына сенімдімін», – деді Путин.
Ресей президентінің айтуынша, конференция барысында сала мамандарының пікірін тыңдап, жастармен, мектеп оқушылары және студенттермен кездесуге мүмкіндік болады. Сондай-ақ Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар саласындағы, әсіресе жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастығын талқылауға жағдай жасалады.
Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының артып келе жатқанына да тоқталды. Қазіргі уақытта екі елдің өзара сауда көлемі 30 млрд долларға жақындап келеді.
«Есеп айырысудың басым бөлігі ұлттық валюталармен жүргізіледі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 90 пайыздан асты, меніңше, 96 пайызға жетті. Үкіметаралық комиссия екі тараптан да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, ынтымақтастығымыз жақсы қарқынмен дамып, жоғары деңгейде сақталып отыр», – деді Путин.
Ресей президенті екі ел басшыларының тұрақты кездесулері де осы үдеріске оң әсер ететінін атап өтті.
«Біздің тұрақты кездесулеріміз өзара қарым-қатынастың нығаюына қолайлы жағдай жасап, ынтымақтастықтың дамуын жеделдетеді деп ойлаймын. Сондықтан сізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Қош келдіңіз!» – деді Путин.




