«Еуразия24» бұған дейін республикалық бюджеттің 2024 жылғы орындалуы жөніндегі Үкімет есебіне қатысты Жоғары аудиторлық палатаның сыпайы, бірақ сынға толы қорытындысы қоғамда үлкен резонанс тудырғанын жазған болатын.
Аталған қорытындының сыпайылықпен қатар, өткір сын элементтерін де қамтығанын оның алғашқы екі сөйлемінен-ақ аңғаруға болады. Біріншісінде: «2024 жылы Қазақстанның экономикалық өсуі 4,8% деңгейінде болды» деп нақты көрсетілген. Ал келесі сөйлемде бұл көрсеткіш Үкімет болжаған мақсатты деңгейден (5,3%) және өткен жылғы өсім қарқынынан (5,1%) төмен болғаны атап өтіледі.
Қорытындыда бұдан әрі келтірілген тұжырымдар сыпайы баяндалғанымен, мәні жағынан сыншыл әрі қатаң сипатқа ие: «2024 жылы Қазақстанның номиналды ішкі жалпы өнімі (ЖІӨ) 12,4%-ға артып, 134,3 трлн теңгені құрады. Алайда, нақты сатып алу қабілеті мен өндіріс көлемінің өсукөрсеткіштері, яғни ЖІӨ-нің нақты өсімі (4,8%) инфляция әсерінен бейтараптандырылды», – делінген Жоғары аудиторлық палата қорытындысында.
Бұл тұжырымды бірнеше қырынан бағалауға болады. Бір жағынан, инфляция жалпы өсімді толықтай жоймағанын, ЖІӨ-де нақты өсім сақталғанын білдіруі мүмкін. Екінші жағынан, осы 4,8% көрсеткіштің өзі де нақты емес, түзетілген немесе асыра бағаланған болуы ықтимал деген күмән тудырады.
Ресми статистикалық деректердің дұрыстығына күмән келтіру немесе керісінше, олардың шынайылығына толық сенім білдіру – әркімнің жеке ұстанымы. Алайда, қандай көзқарас ұстансақ та, қазіргі таңда экономика құрылымын зерттеу, оның ішкі процестерін талдау мен өзара байланыстарын бағалау үшін қолданар басқа сенімді құрал жоқ. Әрине, супермаркет, базар немесе демалыс орнындағы жеке тәжірибе мұндай талдауға балама бола алмайды.
Ресми статистиканың пайдасына мынаны айтуға болады: бұл жүйе өзінің күрделілігімен ерекшеленеді және оңай бұрмаланатын механизм емес. Яғни, қандай да бір тарап – билік не оппозиция – өз мүддесіне қажет көрсеткіштерді жай ғана қолдан жасау оңай емес. Бір статистикалық деректі екіншісі арқылы тексерудің тәсілдері жеткілікті – енді сол мүмкіндіктерді пайдаланып көрейік.
Экономикалық өсім көрсеткіштерінің шынайылығын тексерудің алғашқы тәсілі – электр энергиясын тұтыну. Электр қуатынсыз елдің, қоғамның және экономиканың бірде-бір үдерісі жүзеге аспайды. Егер нақты өсім болса, онда электр энергиясына деген сұраныс та артады. Осы орайда, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларындағы ЖІӨ құрылымындағы «Электр энергиясымен, газбен және ыстық сумен жабдықтау» көрсеткіші – 2024 жылдың қаңтар–маусымына шаққанда 100,5%-ды құрады. Өсу бар, иә, бірақ 4,8% емес, небәрі 0,5%.
Ал тіпті электр қуатына қарағанда да маңызды болып саналатын, онсыз жеке адам да, жалпы экономика мен мемлекет те өмір сүре алмайтын не бар?Дұрыс, су. Және кәріз жүйесі. «Сумен жабдықтау және су бұру» саласы бойынша көрсеткіш 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94,7%-ды құрады. Бұл – айтарлықтай құлдырау. Алаңдауға асықпаңыз. Мүмкін, бұл суды тұтынудың азаюы емес, үнемдеу болар. Тиісінше, кәрізге де аз су кеткен. Бұны теріс емес, керісінше, үкіметтің пайдасына жазып қоялық.
Енді әрі қарай қарайық: электр энергиясы мен су тұтынудан кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды – өсім, тұрақтылық немесе құлдырау жағдайын сипаттайтын қандай көрсеткіш бар? Әрине, жүк айналымы. Біріншіден, бұл – барлық көлік түрімен тасымалданатын жүктің көлемі туралы мәлімет, екіншіден – жолаушылар айналымы. Біріншісі – экономикалық белсенділіктің көрінісі, ал екіншісі – халықтың әлеуметтік көңіл күйі мен төлем қабілетінің көрсеткіші.
Бұл тұрғыда мәліметтер келесідей: 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында жүк айналымы 275,7 млрд тонна-шақырымды құрады, бұл 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға артық. Жолаушылар саны – 928 млн адам, өсім – 10,5%.
Автомобиль және қалалық электр көлігі бойынша: жүк тасымалы 1,8%-ға, оның ішінде автомобиль көлігі – 40,8%-ға артты. Жолаушылар тасымалы мен жолаушылар айналымы сәйкесінше 10,7% және 20,1%-ға ұлғайды. Құбыр көлігімен тасымал – 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,2%-ға өсті. Әуе көлігімен 7,2 млн жолаушы тасымалданды, бұл – 6,1%-ға артық. Пассажир-шақырым бойынша өсім – 9,4%.
Үйдегі су мен жарық көлемі артпағаның себебі халықтың жаппай саяхатқа шығуы деу – шындыққа сай келмейді. Бұған қатысты нақты қорытындылар жасау үшін, Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджетті орындау туралы есепке байланысты қорытындысында айтылғандай, азаматтардың төлем қабілеттілігіне қатысты ресми деректерді қарастырған жөн.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында халықтың ақшалай кірісініңиндексі 107,9%-ды құрады. Бұл номиналды өсімді көрсеткенімен, нақты ақшалай табыс индексі 96,9%-ды ғана көрсетті. Осылайша, тұтыну бағаларының өзгерісін ескерсек, азаматтардың нақты табысы 3,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткішті халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі ретінде бағалауға болады.
Аталған 3,1%-дық көрсеткіш ресми инфляция деңгейі негізінде есептелгенін де ескерген жөн. Жалпы алғанда, отандық статистика органдары тұтыну бағаларының нақты деңгейін артық бағалауға бейім емес. Сондықтан бұл дерек халықтың нақты экономикалық жағдайын шынайы сипаттайды деуге негіз бар.
Халықтың төлем қабілеттілігін сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – азаматтардың азық-түлікке жұмсайтын шығындарының жалпы ақшалай шығыс құрылымындағы үлесі. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы ресми деректерге сәйкес, бұл көрсеткіш 50,6%-ды құрады. Бұл – алаңдаушылық тудыратын белгі. Себебі, отбасы бюджетінің жартысынан астамы тек азық-түлікке жұмсалса, оған қоса коммуналдық қызметтер мен несиелерді өтеуге кететін шығынды ескерсек, қарапайым өмір сүру қажеттіліктеріне, саяхат немесе өзге де шығынға қаржы қалмайтыны анық.
Азаматтардың осындай төмен төлем қабілеттілігі – тек жекелеген отбасылардың ғана емес, ішкі нарыққа бағытталған тұтас экономиканың мәселесі. Себебі шикізаттық емес секторларда өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің негізгі тұтынушысы – қазақстандықтар, шетелдік туристер мен іссапармен келгендер ғана.
Дегенмен, бұл жағдайға байланысты Үкіметтің ұстанымын атап өтуге болады. Атап айтқанда, 50,6% деңгейіндегі азық-түлік шығындарының үлесі өткен жылы да осы шамада болған. Яғни, халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығындары арта қоймаған. Премьер-министр О. Бектенов басқарып отырған Үкімет бұл бағытта тұрақтылықты сақтай алғанын айтуға болады. Мысалы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 51,3%-ды құраған еді, ал одан бұрынғы жылдары бұдан да жоғары болған. Демек, қазіргі жағдайда бұл көрсеткіштің біршама төмендеуі – оң үрдіс ретінде қарастыруға негіз бар.
Дегенмен, ЖІӨ өсіп, жүк және жолаушы тасымалының көлемі айтарлықтай қарқынмен артып жатқанда, электр энергиясын тұтыну деңгейі өзгеріссіз қалуы, халықтың нақты табысының төмендеуінің себебі неде? Бұл көрсеткіштердің барлығы шынайы, әрі бір-біріне қайшы келмей қатар тіркеліп отыр.
Мұның себебі айқын. Қазақстан экономикасы бүгінде екі параллельді кеңістікте дамып жатыр. Біріншісі – ішкі экономика. Мұнда халықтың төлем қабілетінің төмендігі, инфляцияның жоғары деңгейі, бюджеттік қиындықтар, Ұлттық қордан аударылатын трансферттерге тәуелділіктің артуы, қосымша құн салығының көтерілуі, ұлттық валютадағы өндірістік несиелер мен инвестициялардың жетіспеушілігі байқалады.
Екіншісі – сыртқы факторларға негізделген, бағыт-бағдары көпвекторлы экономика. Бұған америкалық және еуропалық инвесторлар игеріп жатқан Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған сияқты ірі мұнай жобалары кіреді. Сонымен қатар, Қытаймен, Ресеймен және басқа да елдермен энергетика, көлік, логистика және өнеркәсіп салаларында біріккен жобалар бар. Дәл осы бағыттарда экономикалық белсенділік жоғары: ЖІӨ өсімі мен тасымал көлемінің артуы – осының айқын дәлелі.
Бұл құрылымдық ерекшеліктер келесі жылы Есеп комитетінің қорытындысында ескеріле ме, жоқ па – бұл әзірге белгісіз. Алайда бұл – мемлекеттің алдағы экономикалық бағытын айқындайтын маңызды фактор. «Еуразия24» бұл мәселеге оралып, тақырыпты жан-жақты талдауды жалғастырады.