«Үлгілі оқушы» синдромы: нәтиже бар, бірақ серпіліс неге жоқ?
«Болашақ» бағдарламасы – тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық тұрғыдан ең маңызды бастамаларының бірі. Мәселеге шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, бұл жоба 1990-2000 жылдары кәсіби мамандардың жаңа шоғырын жедел қалыптастыру, елімізді жаһандық жүйеге кіріктіру және халықаралық деңгейдегі кадрларды даярлау ісінде айтарлықтай тиімділік көрсетті.
Дегенмен, бұл бағдарлама «технологиялық ғажайыпқа» айнала алған жоқ. Оқшауланған білікті мамандар пайда болғанымен, Оңтүстік Корея немесе Сингапур деңгейіндегі құрылымдық-технологиялық серпіліс жасалмады. «Болашақ» бағдарламасы елді кадрлармен қамтамасыз еткенімен, олардың күрделі құзыреттеріне деген сұранысты қалыптастыра алмады. Соңғы жылдары осы жобаның төңірегінде сынның көп айтылуы да дәл осы себептермен байланысты.
Бір жағынан, бағдарлама басқару саласының мамандарын, дәрігерлерді, IT-мамандарды, ғалымдарды, қаржыгерлер мен халықаралық деңгейдегі оқытушыларды қамтыған жаңа буын кәсіби элитаны қалыптастырды. Екінші жағынан, мемлекет бағдарламадан ғылымдағы серпіліс, индустрияландыру, технологиялық жаңғыру, қуатты ғылыми мектептердің қалыптасуы және кадрлардың өңірлерге жаппай оралуы секілді ауқымды жүйелі нәтижелер күтті.
Бағдарламаның өзіндік даму кезеңдері болды. 1993 жылдан 2000-жылдарға дейінгі кезең кадр тапшылығымен сипатталып, шетелдік білім алған алғашқы элита қалыптасты. 2000–2010 жылдары бағдарлама аясында кадр даярлау ауқымы ең жоғары деңгейге жетті. Ал 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін кадрларды нысаналы даярлау моделіне көшу жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта мемлекет жаппай оқыту көлемін қысқарту арқылы модельді біртіндеп өзгертіп, нысаналы кадр даярлауды күшейтуге, ғылыми тағылымдамалар санын арттыруға, қатаң KPI көрсеткіштерін енгізуге, кадр тапшылығы байқалатын нақты салаларға және өлшенетін нәтижеге басымдық беруге бағыт алып отыр.
Бағдарламаның Қазақстанға берген нақты пайдалы нәтижелері қандай?
- Жаңа кәсіби элитаның қалыптасуы. Бұл – бағдарламаның ең басты нәтижелерінің бірі деуге болады. 1993 жылдан бері 13 мыңнан астам дипломды және сертификатталған маман даярланды. Олардың басым бөлігі елге оралып, Қазақстанда еңбек етуде. Халықаралық бағдарламалар орталығының дерегінше, міндетті еңбек өтеу мониторингіне кіретін қатысушылардың 98,4%-ы елімізде жұмысқа орналастырылған.
Түлектердің шамамен 43%-ы жеке сектор мен бизнесте, 31%-ы мемлекеттік органдарда, 16,2%-ы квазимемлекеттік секторда қызмет етеді. Сонымен қатар, жоғары технологиялық нақты өндіріс саласында еңбек ететін түлектер саны әлі де болса айтарлықтай аз болып отыр.
Бағдарлама жүзеге асырылған жылдар ішінде түлектердің 55%-ы гуманитарлық бағыттар бойынша, 36%-ы инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша, 7%-ы медицина саласы бойынша, ал 2%-ы мәдениет және өнер бағыттары бойынша білім алған. - Медицина саласындағы айқын нәтижелер. Бұл – бағдарламаның тиімділігі ерекше байқалған бағыттардың бірі. «Болашақ» бағдарламасы арқылы кардиохирургтер, нейрохирургтер, генетиктер, онкологтар және трансплантология саласының мамандары даярланды.
Қазақстандағы көптеген заманауи медициналық тәжірибелер мен технологиялар дәл осы шетелде білім алған мамандардың қатысуымен енгізілді. - Білім беру мен мемлекеттік басқаруды интернационалдандыру. «Болашақ» бағдарламасы ағылшын және өзге де шет тілдерін еркін меңгерген, батыстық басқару модельдерін түсінетін, ғылыми зерттеу мәдениетімен таныс әрі халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарды қалыптастырды.
1990-жылдардағы Қазақстан үшін бұл аса маңызды стратегиялық қажеттілік болды.
4. «Зияткерлік капиталдың жылыстауының» орнына оның елге қайтарылуы. Көптеген елдерде шетелге кеткен студенттер қайта оралмайды. Ал Қазақстанда міндетті жұмыспен өтеу, кепіл жүйесі және мониторинг тетіктерінің арқасында түлектердің басым бөлігін ел ішінде алып қалу мүмкін болды. Бұл «Болашақ» бағдарламасын көптеген ұқсас халықаралық бағдарламалардан ерекшелендіретін маңызды факторлардың бірі.
Сонымен қатар, экономиканың салалық бағыттары бойынша жоғары деңгейлі мамандар даярлау мәселесінде бағдарламаның тиімділігі әлі де толық айқындала қойған жоқ. Мысалы, Үкімет отырыстарының бірінде екі мемлекеттің батыры, ғарышкер Т. Ә. Мұсабаевқа: «Неліктен «ҚазҒарыш» жобасына «Болашақ» бағдарламасының түлектерін тартпайтыны туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Ағылшын тілін білгенімен, кәсіби тұрғыдан дайын емес», – деп жауап берген.
«Болашақ» түлектерінің беделіне әсер еткен бес мәселе
Сонымен қатар, бағдарламаның күрделі мәселелері де аз емес. Сарапшылар қауымдастығының «Болашақ» бағдарламасына қатысты негізгі сын-пікірлері төмендегідей.
- Жүйелі әсердің әлсіздігі – сыншылар көтеретін басты мәселенің бірі. Мыңдаған түлек даярланғанына қарамастан, неге Қазақстан әлі күнге дейін шетелдік технологиялар мен мамандарға тәуелді? Мысалы, елдің ғылыми базасы әлемдік деңгейге толық сәйкес келмейді, экономиканың нақты секторындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер әлсіз, ғылымды қажетсінетін отандық технологиялар мен компаниялар аз, қуатты зерттеу университеттері жеткіліксіз, ал технологиялық экспорт көлемі төмен деңгейде қалып отыр.
Басқаша айтқанда, бағдарламаның әсері негізінен жекелеген тұлғалардың деңгейінде байқалады, алайда ол әрдайым жүйелі өзгеріске ұласа бермейді. Әлсіз шикізаттық экономика жағдайында және мемлекеттің күрделі құзыреттерге деген сұранысы жеткіліксіз болған кезде жеке жетістік жүйелі серпіліске айнала алмайтынын түсіну қажет. - «Элиталандыру» мәселесі. Қоғамның бір бөлігі бұл бағдарлама тар ауқымдағы артықшылыққа ие топтың қалыптасуына ықпал етті, негізінен қалалық және ауқатты отбасыларға көбірек мүмкіндік берді, соның салдарынан әлеуметтік теңсіздікті күшейтті деп есептейді. Дегенмен, ресми түрде конкурс қоғамның барлық әлеуметтік тобы үшін ашық болып қала береді.
Бұқаралық ақпарат құралдарында шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттердің түрлі келеңсіз әрекеттері туралы ақпараттар жиі жарияланып тұрды. Себебі олардың кейбірі білім алуға емес, өзге мақсаттарға көбірек көңіл бөлді. Қалалық ортадан шыққан жастар ауылдық жерлердегі талапкерлерге қарағанда ағылшын тілін жақсырақ меңгеретіні де байқалады. Сондықтан оларға тілдік іріктеуден өту жеңілірек болғанымен, бұл олардың мамандық бойынша бәсекеде әрдайым басым екенін білдірмейді. - Міндетті еңбек өтеудің формалды сипат алуы. Бұл мәселе бойынша ҚР Парламенті депутаттары мен қоғам тарапынан көп сын айтылды. Сынның негізгі себебі – түлектердің бір бөлігінің міндетті жұмысты тек формалды түрде атқаруы, кейбірінің мамандығы бойынша еңбек етпеуі, сондай-ақ қаражатты қайтару мен міндеттемелердің орындалуын бақылау жүйесіндегі олқылықтар болды.
Сондықтан міндетті еңбек өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін көптеген түлектердің шетелге кетіп жатқаны және алдағы уақытта да кетуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Мұны жанама деректер мен түрлі бақылаулар да растайды. Бұл құбылыс кейінге шегерілген « зияткерлік капиталдың жылыстауының» негізін қалыптастырады деуге болады. - «Академиялық туризм». Соңғы жылдары мемлекет тиімділігі төмен немесе мүлде нәтижесіз тағылымдамалар, шетелдік бағдарламалардың формалды сипат алуы мәселесін ресми түрде мойындады. Бұл мәселе «Болашақ» бағдарламасына да қатысты айтылып, соның салдарынан мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына байланысты сын күшейді.
- Ғылымға қосқан үлестің жеткіліксіздігі. Бұл мәселе әсіресе PhD даярлығы мен ғылыми-зерттеу бағыттары үшін аса өзекті. Бағдарлама нәтижесінде зертханалар саны артып, патенттер көбейіп, ғылыми мектептер қалыптасып, Q1 деңгейіндегі зерттеулер саны өседі деген үміт болды. Алайда күтілген мақсаттарға толық көлемде қол жеткізілген жоқ.
Қазақстан ғылыми зерттеулердің көлемі мен оларды коммерцияландыру деңгейі, инновациялық экожүйені қалыптастыру және жоғары технологиялар саласы бойынша әлі де айтарлықтай артта қалып отыр.
Есеп пен қисынға құрылған 30 жыл: оқытушылар құрамын жібермеудің сыры неде?
1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінің Ғалымдар кеңесінде баламалы нұсқа ретінде – «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелге жоғары оқу орындарының оқытушыларын міндетті жұмыспен өтеу шартымен жіберу туралы ұсыныс айтылған болатын. Бұл әлдеқайда арзан әрі тиімдірек болар еді. Бірақ неліктен біздің пікірімізге ол кезде құлақ аспады?
Бұл идея жүйесіз немесе әлсіз болған жоқ. Керісінше, мұндай модельдің көптеген элементтері қазіргі уақытта Қазақстанда біртіндеп енгізіліп жатыр. Оған ғылыми тағылымдамалар, біліктілікті арттыру, профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы, постдокторантура бағдарламалары, қысқа мерзімді зерттеу тағылымдамалары және оқытушыларды KPI көрсеткіштеріне байланыстыра отырып оқыту мысал бола алады.
Мемлекеттік тиімділік тұрғысынан қарасақ, бұл өте қисынды тұжырым. Шынымен де, егер шетелге оқуға жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жүрген оқытушыларды жіберсе, олардың елге оралуына кепілдік болар еді. Өйткені алған білімді іс жүзінде қолданатын дайын алаң бар, маман жүйенің ішіне еніп үлгерген, сондай-ақ студентті нөлден бастап толық оқытуға қарағанда маманның біліктілігін арттыру әлдеқайда арзанға түседі. Сонымен қатар, бұл тәсіл жоғары оқу орны үшін жылдам нәтиже беріп, «зияткерлік капиталдың жылыстау» қаупін азайтады, оқу бағдарламаларын дереу жаңартуға және шынайы зерттеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Гарвардтың атағы 300 профессордан қымбат па: имидждің саяси экономикасы?
Неліктен жүйе ішінде қисынды идеялар жиі «қабылданбай» қалады? Біздің ойымызша, бұған бірнеше себеп бар.
- Мемлекет мүлдем басқа міндетті шешуді көздеді. 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы алғаш іске қосылған кезде, алға қойылған мақсат тек «оқытушылардың біліктілігін арттыру» ғана емес еді. Ол тұста елде жаңа элиталық шоғырдың тапшылығы қатты сезілді, батыстық білімі бар кадрлар мүлдем болмады, заманауи басқарушылар қажет еді, яғни халықаралық деңгейдегі адам капиталын жедел қалыптастыру талап етілді. Басқаша айтқанда, негізгі екпін жоғары оқу орындарын жаңғыртуға емес, жалпы алғанда, жаңа буын кадрларын қалыптастыруға жасалды.
- Жүйеде көбіне «ауқымды саяси нәтиже» жоғары бағаланады. Мыңдаған жастың Harvard University, University of Oxford, Massachusetts Institute of Technology, University College London сияқты әлемдік оқу орындарында білім алуын көрсететін бағдарлама мемлекеттің беделін арттыратын ірі имидждік жоба ретінде қабылданады.
«300 оқытушыны зерттеу бағыты бойынша шетелге жіберу» моделі экономикалық тұрғыдан әлдеқайда тиімді болғанымен, саяси тұрғыдан ауқымды көрінбейтіні анық. Бұл нұсқаның сөзсіз артықшылығын алға тартпасақ та, уақытында анағұрлым прагматикалық баламалардың талқыланғанын, бірақ саяси тұрғыдан ұтымдырақ жобалардың пайдасына қарай ысырылғанын аңғару қиын емес. Өйткені мемлекеттік аппарат шешім қабылдауда тек нақты тиімділікті ғана емес, символикалық сипатты да жиі басшылыққа алады. - ЖОО оқытушылары ұзақ уақыт бойы экономиканы алға сүйрейтін негізгі күш ретінде ескерілмеді. Мемлекеттік ұстаным «университет – тек білім береді, ғылым – екінші кезекте, ал инновация – мемлекеттік бағдарламалар мен бизнестің еншісінде» деген қисынға тірелді. Сондықтан инвестициялар академиялық зерттеу ортасына емес, менеджерлер мен шенеуніктерді даярлауға, мұнай және қаржы саласына көбірек кетті. Тек кейінгі жылдары ғана мықты оқытушыларсыз сапалы әрі тиімді ғылыми-білім беру жүйесін құрудың қисынсыз екеніне көз жетті.
- Прагматикалық ұсыныстар стратегиялық тұрғыдан ұзақ мерзімді ойлауды талап етті. Ал ауқымды әрі ұзақ уақытқа негізделген реформаларды билік дәліздерінде «өткізу» әлдеқайда қиын. Талдау көрсеткендей, біз жоғарыда атап өткен тәсіл кафедраларды жаңарту, жаңа зертханалар ашу, заманауи оқу бағдарламаларын әзірлеу және анағұрлым сапалы білім алған келесі буын студенттерін даярлау арқылы тек 5–10 жылдан кейін ғана өз нәтижесін берер еді. Алайда шенеуніктер көбіне қысқа мерзімді кезеңдер, есептілік және 1–3 жылға ғана есептелген KPI логикасы шеңберінде жұмыс істейді. Мысалы, «шетелге 1000 студент аттандырдық» деген есеп — тез арада қол жеткізуге болатын әрі сырт көзге өте тартымды көрсеткіш.
Біздің пайымдауымызша, дұрыс стратегиялық жоспарлау мен жүйелі тәсіл қолданылған жағдайда, студенттердің бакалавриаттың базалық курсын аяқтап, магистратурада оқуын тәмәмдауын күтпей-ақ, нәтижесін 2–3 жылдан кейін-ақ көруге болатын еді. - Басқару жүйесі жоғары оқу орындарының іштен өзгеруінен сескенеді. Егер оқытушыларды әлемнің үздік университеттеріне жаппай жіберетін болса, олар елге оралған соң академиялық еркіндікті, оқу бағдарламаларын жаңартуды талап ете бастайды. Сондай-ақ ескірген тәсілдерді сынға алып, ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды алға тартады және басқарудың вертикалды үлгілерін бұзуға тырысады. Бұл, әрине, консервативті жүйе үшін қолайсыз екені түсінікті.
Қызығы сол, қазіргі уақытта Қазақстан біз бұдан 30 жыл бұрын айтқан модельге ішінара болса да бет бұра бастады. Қазір жаппай «элиталық білім беруден» гөрі ғылыми тағылымдамаларға, профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруға көбірек көңіл бөлінуде. Негізгі екпін оқытушылар мен ғалымдарға, мақалалардың жариялану көрсеткіштеріне (KPI) және ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу мен олардың тиімділігіне жасалып отыр.
Яғни, бұл идеяның өміршеңдігі дәлелденді, тек ол өз уақытынан ерте айтылып, жүйе оны қабылдауға әлі дайын болмаған сияқты.
Білім мен технологияны ұштастыру формуласы: Қазақстан пайдаланбаған халықаралық тәжірибе
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, студенттерді шетелге оқуға жіберудің өзі ғана елде ғылыми және технологиялық серпіліс болуына кепілдік бере алмайды. Нақты нәтиже кадрлар даярлау ісі экономиканы, ғылым мен өнеркәсіпті дамытудың ауқымды мемлекеттік стратегиясының ажырамас бөлігіне айналғанда ғана көрініс табады. Ең бастысы – түлектер нақты бір елге емес, қолайлы кәсіби ортаға оралады.
Мысалы, Оңтүстік Корея 1960–1980 жылдары шетелге тек студенттерді ғылыми бағыттар бойынша ғана емес, сонымен бірге оқытушыларды, инженерлер мен зерттеушілерді де жаппай аттандырды. Алайда мұндағы басты мақсат тек білім берумен шектелмеді. Мемлекет шетелде оқып келген мамандардың алған білімдерін іс жүзінде қолдана алуы үшін параллельді түрде қолайлы орта қалыптастырды. Осы мақсатта ел ішінде ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар, өнеркәсіптік корпорациялар мен технологиялық орталықтар салынды.
Сингапур кадрларды қатаң әрі мақсатты түрде даярлауға басымдық берді. Мемлекет елге нақты қандай мамандар қажет екенін, олардың экономиканың қай салалары үшін оқытылатынын және түлектердің кейін қайда жұмыс істейтінін алдын ала анықтап отырды. Осылайша, кадрларды дайындау ісі мемлекеттің өнеркәсіптік және экономикалық саясатымен тікелей байланыстырылды.
Қытай бастапқыда «зияткерлік капиталдың жылыстауы» (кадрлардың сыртқа ағылуы) атты үлкен мәселеге тап болды. Кейіннен бұл тәсіл өзгерді: ғалымдар үшін заманауи зертханалар салынып, гранттар, қажетті құрал-жабдықтар бөлінді, сондай-ақ зерттеу жұмыстарына мүмкіндіктер мен ғылыми еркіндік берілді. Нәтижесінде мамандардың жай ғана өз еліне емес, ең алдымен, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі көрсете алатын қолайлы ортаға оралатыны белгілі болды.
Израиль университет ғылымына, қолданбалы зерттеулерге және технологиялық стартаптарға бәс тікті. Онда мамандарды даярлау бағдарламасы инновациялармен, өнеркәсіппен және жаңа технологияларды дамыту ісімен тығыз ұштастырылды.
Әлемдік тәжірибе мынадай маңызды заңдылықты айқындап берді: білікті мамандар даярлау ісі алған білім нақты технологияға, іргелі ғылыми мектептерге, жаңа өндіріс орындарына және бәсекеге қабілетті экономикаға ұласқанда ғана өзін-өзі ақтайды. Әйтпесе, жүйенің әлсіздігі салдарынан ең мықты мамандардың өзі ескерусіз қалып, әлеуетін жоғалтып алады.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, табысты мемлекеттер Қазақстанға қарағанда кадр әлеуетін арттырумен қатар, экономиканың жаңа бағыттарын да қатар қалыптастырып отырған. Мысалы, Оңтүстік Корея кадрлармен бір уақытта электроника, автомобиль мен кеме жасау өнеркәсібін және ірі ғылыми орталықтарды қатар өркендетті. Қытай тарапы индустриалды аймақтар мен технологиялық кластерлер ашып, ғылыми-зерттеу зертханаларын құруға басымдық берді. Ал Сингапур билігі нарыққа бұдан 10–15 жылдан кейін қандай мамандар керек болатынын қолмен қойғандай алдын ала болжай алды.
Шикізатқа тәуелді экономика және сұраныссыз қалған білім
Біздің пайымдауымызша, шетелде оқып келген түлектердің өз елінде әлеуетін толық көрсете алмауына басты себеп — Қазақстан экономикасының терең білімге, озық технологиялар мен күрделі құзыреттерге деген ауқымды сұранысты қалыптастыра алмауында. Бұған кейінгі онжылдықтардағы экономикалық құрылым мен даму моделі тікелей әсер етті.
Мемлекет халықаралық деңгейдегі көптеген мамандарды даярлағанымен, ел экономикасы негізінен шикізат пен әкімшілік басқаруға арқа сүйеуін тоқтатпады. Ал мұндай жағдайда жоғары технологиялық білімге деген сұраныс тар шеңберде қалып қоятыны заңды. Соның салдарынан түлектердің едәуір бөлігі ғылым мен озық технологиялар саласында емес, негізінен мемлекеттік басқару, квазимемлекеттік және қаржы секторларында, сондай-ақ қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге мәжбүр болды.
Бұл жердегі жүйелі қателік — мамандар даярлау ісінің экономиканы стратегиялық тұрғыдан ұзақ мерзімді жоспарлау бағытынан тыс, дербес жүргізілуінде еді. Басқаша айтқанда, елде халықаралық деңгейдегі кадрлар оқытылғанымен, олардың өз әлеуетін нарықтың нақты қай секторларында іске асыратыны әу баста ескерілмеді.
Қазақстандағы жаңғыру процестері көбіне тұтас емес, үзік-үзік (фрагментті) сипатта өрбіді: жекелеген кәсіпорындар жаңартылды, кейбір технологиялар енгізілді, жекелеген процестер цифрландырылды. Алайда жалпы экономика ауқымында ірі жоғары технологиялық салалардың толыққанды қалыптасуы өте баяу жүрді. Соның салдарынан түлектердің бір бөлігі өздерінің күрделі ғылыми және инженерлік құзыреттерін қолданатын ортаның тарлығына тірелді. Ішкі нарықта меншікті технологиялық компаниялар, зерттеу орталықтары, инженерлік мектептер мен озық өндіріс орындары жеткіліксіз болғанда, ең мықты мамандардың өзі жаңа салалардың негізін қалаудың орнына, қолданыстағы экономикалық модельдерге бейімделіп, өз мүмкіндіктерінен төмен деңгейде жұмыс істеуге мәжбүр болады.
Қорытындылай келе, бүгінгі күннің басты түйткілі — Қазақстанның ұзақ уақыт бойы кәсіби ортаны қалыптастырудан көрі, мамандар даярлау ісін тым ілгерілетіп жіберуінде болып отыр. Қазіргі таңда шынайы серпіліс жасау үшін тек шетелде кадр оқытудың жеткіліксіз екені айдан анық.
Индустрияландыру стратегиясы жаңа өндіріс орындарын құруға емес, өзгелерді қуып жету мен дайын өнімді сатып алуға ғана негізделген жағдайда, бұл бағдарламаның экономикада түбегейлі бетбұрыс жасауы объективті түрде мүмкін емес еді. Даму идеологиясы жоқ ортада 13 мың түлектің күшімен ғана елдің бүкіл экономикалық моделін өзгертеміз деп үміттену — стратегиялық қателік.
Мәселе тек кадрда емес: отыз жылдық кезеңнен алынған сабақ
«Болашақ» бағдарламасының негізгі түйіні оның сәтті немесе сәтсіз болғанында емес. Өз кезеңінде бұл жоба тарихи миссияны атқарып шықты. Осы кезеңнен өтпегенде, еліміздің жаһандық білім беру және басқару кеңістігіне дәл осылай жедел кірігуі екіталай еді.
Алайда кейінгі онжылдықтардың тәжірибесінен ұғарымыз — жекелеген мықты мамандарды даярлаудың өзі ғана мемлекеттің ғылыми және технологиялық серпілісіне кепілдік бере алмайды. Адами капитал оның төңірегінде даму мен жетілуге қажетті барлық жағдай жасалғанда ғана өз әлеуетін толық қуатында көрсете алады.
Алайда кейінгі онжылдықтардың тәжірибесі көрсеткендей, жекелеген білікті мамандарды даярлау ісі мемлекеттің ғылыми-технологиялық серпілісін өздігінен қамтамасыз ете алмайды. Адами капитал оның төңірегінде даму мен жетілуге қажетті барлық жағдай жасалғанда ғана өз әлеуетін толық қуатында көрсете алады.
Бүгінде Қазақстан дамудың келесі сатысына — «элита даярлау» үлгісінен толыққанды ұлттық зияткерлік экожүйе құру моделіне біртіндеп ойысып келеді. Ал адами капиталдың құрғақ имидждік көрсеткіш қана емес, елді нақты алға сүйрейтін қозғаушы күшке айналуы мемлекеттің кадр әлеуетін, ғылымды, өндірісті және технологиялық саясатты бір арнаға тоғыстыра алу қабілетіне тікелей байланысты болмақ.
Сондықтан қазіргі таңда мәселе шетелде қанша маманның оқығанында емес, мемлекеттік жүйенің білім экономикасына көшуге қаншалықты дайын екендігінде тіреліп тұр. Иә, «Болашақ» — сәтсіз жоба да, таңғажайып керемет те емес. Бұл — отыз жылдық үлкен тәжірибе. Ал оның негізгі түйіні мынау: тиісті институционалды ортасы жоқ адами капитал — бұл тек мүмкіндік қана, әлі нақты нәтиже емес. Бағдарлама Қазақстанға білікті элита қалыптастырып бергенімен, олардың әлеуетіне сай лайықты жұмыс орындарын ұсына алмады. Ендігі отыз жылда Қазақстан сол мамандарға деген сұранысты арттырып, олардың нәтижелі жұмыс істеуі мен өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қажетті кәсіби ортаны құруға күш салуы тиіс.
ҚР Парламенті Сенаты жанындағы
Сенаторлар кеңесінің мүшесі,
физика-математика ғылымдарының кандидаты,
доцент, ҚР ҰИА академигі
Еділ Мамытбеков
Физика-математика ғылымдарының докторы,
профессор, ҚР ҰИА мүше-корреспонденті,
ХАЖА академигі,
Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Талғат Мазаков




