Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда алғаш рет қасиетті жәдігерлер көрмесі өтті: дінаралық диалогтың жаңа парағы ашылды

Қазақстанда алғаш рет қасиетті жәдігерлер көрмесі өтті: дінаралық диалогтың жаңа парағы ашылды

|

|

2025 жылдың 1 тамызында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі аясында екі бірдей халықаралық рухани-мәдени көрменің тұсауы кесілді. «Турин Кебіні» және «Қасиетті кітаптар» көрмесі – Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырған бірегей іс-шара. Бұл көрмелердің басты мақсаты – әртүрлі діни конфессиялардың тарихи және рухани мұрасын кеңінен насихаттау арқылы қоғамда өзара түсіністік пен құрметті арттыру.

Ғылым мен руханияттың тоғысқан тұсы

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Мұқатай бұл көрменің ғылым мен руханият үшін маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, дін мен ғылым – бірін-бірі терістемейтін, қайта толықтыратын ұғымдар.

«Ізденістің түбінде шындық бар. Ғылымды ешкім жоққа шығара алмайды, өйткені ислам діні өзі ғылымға үндейді. Құран – тұтас ғылым кітабы. Бұл көрмеде ұсынылған қасиетті кітаптар мен сирек қолжазбалар – өркениет пен мәдениеттің ізі. Оларды зерттеу, сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз», – деді Ермек Мұқатай.

Ол сондай-ақ көрмеде ұсынылған Кенесары ханның Құран кітабына ерекше тоқталып, бұл жәдігердің тарихи және рухани мәніне назар аударды. Қазір бұл кітап Әзірет Сұлтан кесенесінде сақтаулы тұр.

Мәдениет министрі: «Бұл – ұлы оқиғалардың куәсі»

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрмеде ұсынылған артефакттер жай ғана жәдігер емес, адамзаттың рухани-мәдени тарихының куәсі екенін атап өтті.

«Мұндай тарихи мұраларды сақтай отырып, біз өзара түсіністікке, рухани бірлікке негізделген болашақтың іргетасын қалаймыз», – деді ол.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дін туралы көзқарасын да еске салып, оның: «Дін – білім беру институты» деген сөзін мысалға келтірді. Президент өз Жолдауында Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да киелі кітаптар әрдайым гуманизм мен бейбітшілікке үндейтінін айтқан болатын.

Халықаралық қауымдастық Қазақстанға ризашылық білдірді

Көрменің ұйымдастырылуына жоғары баға берген шетелдік дін өкілдері Қазақстанның дінаралық келісімді сақтаудағы рөліне тоқталды.

Апостол Нунцийі, Архиепископ Георг Панамтхундила:

«Бұл көрменің Қазақстанда – діни келісімге құрметпен қарайтын елде ұйымдастырылуы өте орынды. Қазақстан Президентіне қолдауы үшін алғыс білдіремін».

Рим-католик шіркеуінің архиепископ-метрополиті Томаш Бернард Пета:

«Көрменің ел астанасында және басқа да қалаларда өткізілуі – Қазақстанда діни бостандықтың бар екенін, халықтың бірлігіне ұмтылысты көрсетеді».

«Турин Кебіні»: археология мен сенімнің тоғысы

Христиан әлеміндегі ең киелі жәдігерлердің бірі – Турин Кебіні алғаш рет Қазақстан жұртшылығына ұсынылды. Аңыз бойынша, бұл мата – шегеленіп өлтірілген Иса Мәсіхтің денесін орау үшін қолданылған. Көрмеде осы кебіннің дәлме-дәл көшірмесі, 27 тақырыптық ақпараттық панель, тарихи артефакттер мен бейнематериалдар қойылған.

Астана және Қазақстан митрополиті Александр:

«Бұл көрме көпшілікті археологиялық жәдігердің тарихы мен ғылыми зерттеулерімен таныстырады. Турин Кебіні – ең көп зерттелген объектілердің бірі».

«Қасиетті кітаптар»: әр діннің рухани негізін паш ету

Көрменің тағы бір бөлігі – «Қасиетті кітаптар» экспозициясы. Мұнда әлемдік діндерге қатысты 50-ден астам сирек қолжазба ұсынылды. Солардың қатарында VII ғасырдағы Құран, XIX ғасырдағы Інжіл, Кенесары ханның Құраны, сондай-ақ Талмуд, Тора сынды басқа да қасиетті жазбалар бар.

Көрме 25 қыркүйекке дейін жалғасады

Көрмелердің басты идеясы – түрлі діни дәстүрлер арасындағы рухани үндестікті, мәдени әртүрлілікті және тарихтың ортақ сабақтастығын көрсету. Қазақстан қоғамы үшін бұл көрме – тек діни немесе ғылыми іс-шара ғана емес, мәдениет пен бейбітшілікке бастайтын мағыналы жол.

Көрме 2025 жылдың 25 қыркүйегіне дейін жалғасады. Бұл – көпшілікке рухани мұрамен терең танысуға берілген бірегей мүмкіндік.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ЕАЭО аясында ұлттық мүдде қорғалды

Мәжіліс депутаттары мен Үкімет мүшелерінің ЕАЭО шеңберінде Қазақстан азаматтарының мүддесін қорғауға бағытталған шұғыл әрекеті – тағы бір маңызды жетістік. Бұл – ұжымдық жұмыстың нәтижесі ғана емес, мемлекеттің қалай әрекет етуі қажет екенін көрсететін нақты мысал.

Азық-түлік бағасы неліктен тұрақтамайды?

Үкіметтің, соның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің азық-түлік бағасының күрт қымбаттауын жаһандық үрдістермен байланыстырып түсіндіруі — негізсіз емес. Алайда бұл түсініктемелер қарапайым қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жеткілікті ме?

eGov.kz порталында қауіпсіздік күшейтілді

Цифрлық қызметтерді пайдалануда тәжірибесі аз кей азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба, логин мен құпиясөз деректерін делдалдарға тапсырып, кейін оларды жаңартуға мән бермейді . Бұл – электрондық кілтті иесінің келісімінсіз қолдануға жол бермейтін нақты тосқауыл.

Теңсіздік тереңдеп барады

Еліміз болашақта әскери қақтығыс қаупі жоғары он екі елдің қатарына енгізілген. Бұл қауіп-қатердің негізгі себептерінің бірі ретінде – әлеуметтік теңсіздік көрсетілген. Экономист Рахимбек Абдрахмановтың пікірінше, бұл фактор елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін басты сын-қатерге айналып отыр.Елімізде халықтың небәрі 6 пайызы бүкіл тұрғын үй қорының 40 пайызына ие. Ал оның ішінде 1,5 пайызы — тұрғын үйдің 15 пайызын иемденіп отыр. Сол отбасылардың 40 пайызы — бір ғана бөлмеде күн кешуде.