Евразия24Басты бетБешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты

Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты

|

|

Федерация құрылғанға дейін сүт, ет, жүн сияқты өнімдерді, сонымен қатар, күнкөріске ең қажет деген тұрмыстық заттарды ғана берген табиғи шаруашылық экономикасы бар мүмкіндігін сарқып, өзінің шегіне жетті. Көршілес хандықтардың бәрі біркелкі өнім шығарғандықтан, көшпелі рулар арасында сауда-саттық болған жоқ, демек, өздеріне жетерлік мөлшерден артық өнім өндірудің де еш қажеттігі жоқ еді. 

Мәңгі Ел тұрғындарын байыта түсудің бір ғана жолы бар еді, ол – мал шаруашылығы өнімдерін неғұрлым көбірек өндіріп, экспортқа, яғни, ондай өнімдерге жаппай сұраныс бар басқа елдерге шығарып сату. Ал, ондай сұраныс тек егіншілікпен айналысатын алыстағы отырықшы халықтардың сыртқы нарығында ғана болады. 

Қойдың жүнін көшпенді-далалықтар ғана өндіретін, сондықтан, малшылардың көп шақырымдық жерлерге бүлдірмей жеткізіп, көптеп сата алатын тамаша экспорттық тауары да осы – қой жүні – болар еді. 

Егіншілікпен айналысатын халықтар тығыз орналасқан ұланғайыр Қытай, Орта Азия, Таяу Шығыс, Кавказ және Русьпен көрші орналасқандықтан, осы елдердің нарығында ауқымды жүн саудасын ұйымдастыруға мүмкіндік бар еді. 

Естеріңізде болса, кезінде Ұлы Британ Империясы Еуропада қой жүнін саудалау арқылы «көтерілген», ол әлі күнге дейін өзіне бағынышты отар елдер – Австралия мен Жаңа Зеландияда құнды қой жүнін көптеп өндіреді. 

Күні бүгінге дейін Біріккен Корольдік Парламентінде Лорд-канцлер басына ортағасырлық жасанды шаш киіп, астына жүн салынған қапшық төсеп отырады, міне, алақандай ғана аралдық Британияның Ұлы империяға айналу тарихындағы жүн саудасының орасан зор маңызын осыдан-ақ көруге болады. 

Жүнді сыртқы нарыққа жеткізу тым қымбатқа түсетіндіктен, бұл жайт Үлкен сауданы ұйымдастыруға зор кедергі болды. Мәңгі Елден шыққан жүк көліктері көршілес хандықтардың аумақтарын кесіп өткен сайын, шығын да көбейетін, өйткені, олар кедендік баждар мен транзит төлемдерін (яғни, өз жерлері арқылы өткені үшін ақы) талап ететін. Отырықшы халықтар жүнді жаппай сатып алуы үшін, оның бағасы тиімді болуы керек. Міне, сол мақсатта Мәңгі Елдің айналасындағы көшпелі халықтардың транзиттік (яғни, жүк тасымалы жолындағы) аумақтары Біртұтас Экономикалық Кеңістікке, сондай-ақ, Кедендік Одаққа тартылды. Нәтижесінде жүк алып өту үшін төленетін төлем мен ішкі шекаралардағы кедендік төлемдер жойылды. 

Одан бөлек, жүздеген тонна жүнді ірі базарларға жеткізу үшін, экономикалық тұрғыдан тиімді жүк көлігі, жақсы жолдар, сенімді көпірлер, көлік малын демалдырып, азықтандырып, суаруға ыңғайлы керуен тоқтайтын қауіпсіз орындар керек. Осының бәрі өте көп материалдық шығынды талап ететіндіктен, жобаға қатысатын көшпенді халықтардың барлық аумақтарындағы барлық шаруашылықтар бірлесіп үлес қосса ғана, ол шығында жабуға болатын еді. 

Әр шаруашылықтың мемлекеттік жобаларға қосар үлесі – салық, демек, Үкімет салық жинап үйренуі керек. Айырбас (бартер) операцияларына салық салу мүмкін емес, өйткені, салықты заттай жинай алмайсың, сол себепті, айырбасқа негізделген бүкіл сауданы салық салынатын тауар-ақша қатынастарына көшіру қажет болды.

Ол үшін ұлттық валюта қалыптастырып, оны айналымға енгізу механизмін ойлап табу қажеттігі туындады. Сөйтіп, Жеңістің Үкіметі “Федерацияның Ақша Сарайы” деп аталатын мемлекеттік кәсіпорын құрып, бүкіл Мәңгі Елден сол кәсіпорынға жиналған металлургтер мен ұсталар тез арада іске кірісіп, қолданысқа ыңғайлы, құны әр түрлі мыс және күміс ақша соға бастады. Ол ақша «теңге» деп аталды.

Мәңгі Елдің экономикасына тауар-ақша қатынастарын жаппай енгізу тәсілі де табылды – ол үшін Федерацияның негізгі тауары ретіндегі қой жүнін сатып алып, шетке шығару (экспорттау) хұқығы “Ұлттық Тауар Корпорациясы” мемлекеттік кәсіпорнына берілді, міне, осы кәсіпорын Мәңгі Ел аумағында өндірілген бүкіл жүнді бірыңғай әділ бағаға сатып алып, ақысын қолма-қол ақша – теңгемен – төлеп отырды.

Қолында теңге толы дорбасы бар бақытты қазақтың суреті салынып, астына «Мәңгі Елдің малшылары, қой жүнін қалағандарыңызша өндіріңіздер! Мемлекет оны кез-келген мөлшерде және әділ бағамен сатып алады!» деген үндеу жазылған үгіт-насихат парақшалары әр ауылға таратылып, бұл үндеу тұрғындарды жігерлендіре түсті! Өз өнімінің еш кедергісіз әрі кез-келген көлемде сатылатынына кепілдік берілсе, ісін дамытқысы келетін өндірушіге бұдан артық не керек?! Кез-келген кәсіпкердің арманы сол емес пе?! 

Бүкіл Федерация аумағында Ұлттық Сауда Корпорациясының тұрғындардан жүн сатып алып, экспортқа дайындайтын мекемелері (қысқаша – дайындау мекемелері) ұйымдастырылып, ол мекеме қызметкерлері арбаларымен өңірдегі барлық қоныстарды аралап, жұрттан жүн сатып алып, оны сұрыптап, қаптарға салып, буып-түюмен айналысты. Сыртқа шығарылатын тауар ретіндегі қой жүнін өндіріп, оны теңгеге сату үшін, Мәңгі Ел халқы түгелдей белсеніп, қой басын көбейтуге кірісті. Ол теңгеге енді сатылатын дүниенің бәрін сатып алуға болады, ең бастысы – келешектің қамымен ақша іркіп, кез-келген мөлшерде сақтап қоюға болады, ал, бұл өте ыңғайлы әрі сенімді еді. 

Жұрттан жүн сатып алып, олармен сауда келісімшартын жасаса жүріп, Ұлттық Сауда Корпорациясының қызметкерлері Үкімет үшін маңызды тағы бір міндетті атқарды — олар халық пен актив (яғни, мал) санағын жүргізді. Ал, Үкімет сатып алынған жүннің жалпы көлемін есептеп, Федерацияның әр аумағындағы Жалпы Ішкі Өнім (ЖІӨ) мөлшерін анықтап отырды; халықты қаржылық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді басқару үшін, бұны міндетті түрде білу қажет. 

Аумақтардың Ішкі Өнімінің мөлшерін білетін Үкімет, әрбір өңір төлеуі тиіс Бірыңғай Федерациялық Салық (айналып келгенде – Қосымша Құн Салығы) сомасын анықтады, ол сома 5 жылда 1 рет тағайындалатын. «Жасақ» деп аталған Бірыңғай Федерациялық Салық табыстың 10% мөлшерінде белгіленді. Салық төлемегендерге берілетін жазамен салыстырғанда, бұл салық мөлшерінің мардымсыздығы сонша, одан да салық төлеп, тыныш ұйықтаған әлдеқайда артық еді. Федерациялық Салықты төлемеу мемлекетке қарсы аса ауыр қылмыс ретінде жарияланып, заң бұзушының бүкіл мүлкі тәркіленіп, өлім жазасына кесілді. 

Сатылған жүннен түскен теңгеден Мәңгі Ел шаруашылықтары Федерациялық Қазына бюджетіне жасақ төлеп отырды, ал, қалған табысын жинауға немесе импорт, яғни, сырттан келетін тұтыну тауарларына жұмсауға ерікті еді. 

Импорт тауарларын сату монополиясы да Ұлттық Сауда Корпорациясына берілді, соның нәтижесінде аталмыш Корпорация Қазына бюджетін кіріске толтырып, халықтың қордаланып қалған теңгелерін ақша айналымына қайтарып отырды. 

Жаңа салық жинау жүйесі де қызық ұйымдастырылды. Әр аймақта көп мүлкі кепілге қойылған жергілікті байлардың арасынан бірыңғай салық жинаушы таңдап алынды, ол адамды «басқақ» деп атады. Басқақ өзіне бекітіліп берілген аумақтан Қосымша Құн Салығына (ҚҚС) жиналуы тиіс соманы алдын-ала 100%, яғни, толықтай Федерация бюджетіне қолма-қол төлейтін. 

Осыдан кейін сол аймақтан жасақ салығына жиналатын бар ақша басқаққа тиетін. Өзіне тапсырылған аймақтың бүкіл активін (яғни, мал-мүлкін) бес саусағындай білетін басқақ «ақшамды қайтара алмай қалам-ау» деп қорықпай, сенімді түрде жасақ жинауға кірісіп, жоспарланған соманы да шығарып алатын, жоспардан асатын соманы да қалтаға басып, пайда табатын. Осы ретте, басқақ өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы бизнестің дамып, жоспарды асыра орындап, Үкіметтің есебі бойынша 5 жылда алынатын кіріс мөлшерінен әлдеқайда артық кіріс табуына мүдделі болған, сонда оның (яғни, басқақтың) да табысы жылдан-жылға артып отырған. Басқақтар ​​өз аумақтарында қолының жымқырмасы бар жүн дайындаушы қызметкерлерді оңай анықтап, салықтан жасырын сауданы да тез жойды.

Жергілікті тұрғындардан ру бюджетіне қаржы жинау баяғыша ру ақсүйектерінің құзырында қалды және оның мөлшері сол аумаққа белгіленген жасақ сомасы мөлшерінің 5%-нан аспауы тиіс болатын. Бұны басқақтар қатаң қадағалап отырды, өйткені, олар жергілікті биліктің өндіруші-кәсіпкерлерді өздерінің алымдарымен діңкелетіп, жұтатып тастамауына жан-тәнімен мүдделі еді​​. 

Осылайша, экспортқа шығарылатын қой жүнін тауар ретінде жаппай өндіру ісі де, салық түсімдерін тұрақты жинау жүйесі де жолға қойылды. Ол түсімдер, негізінен, Үлкен Сауданың транспорттық инфрақұрылымын, яғни, көлік желісін құруға жұмсалды.

Мәңгі Ел Федерациясы Үлкен Экономикалық серпін алу үшін, өндірістік, қаржылық және технологиялық қуат жиып, күшейе берді. Ұлттық Сауда Корпорациясының қоймаларында елден сатып алынған жүздеген тонна қой жүні жиналды, халықтың қалтасы ақшаға толып, оны қайда жұмсарын білмеді. Шұғыл түрде халық тұтынатын импорттық тауарлар әкелу керек болды, әйтпесе, теңге құнсызданып, Мәңгі Ел экономикасы инфляциядан құлдырауы мүмкін еді. Сөйтіп, Федерация дамуының келесі сатысы – Ұлы Сауданы бастайтын кез де келіп жетті.

Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»

Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы» 

Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»

Кітаптың төртінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Бешпармақ төңірегіндегі жаңсақ түсінік. Палауға түсіндірме»

Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»

Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»

Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»

Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»

Кітаптың тоғызыншы бөлімі “Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары” 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуы тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналып,...

Тоқаев Үкіметке мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектті енгізу бойынша шаралар әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке...

Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейтіп, қызметтік хат алмасуды отандық мессенджерге көшіруді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік...

Жыл соңына дейін қазақстандық кәсіпорындар өндірісте жасанды интеллект енгізудің экономикалық нәтижесін көрсетуі тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды...