2025 жылдың екінші жартысында Қазақстанда инфляцияға деген көзқарас күшейе түсті. Салдарынан базалық мөлшерлеме 18 пайызға дейін көтерілді. Соған қарамастан, халық баға өзгерісін өз күнделікті тәжірибесіне сүйеніп бағалайды. Ұлттық банк жүргізген инфляциялық күтулерге арналған соңғы сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың басым бөлігі тауарлар мен қызметтердің, әсіресе азық-түлік бағасының өсуін әлі де қатты сезініп отырғанын көрсетті. Ал ресми деректер мен экономикалық құрылымдардың мәлімдемелері әртүрлі. Баға өсімі қарқынының баяулауы туралы деректер инфляциялық күтулердің тұрақты өсуімен қатар тіркелуде.
Сауалнамаға қатысқандардың 87 пайызынан астамы соңғы бір жылда бағаның өскенін айтты. Олардың жартысына жуығы бағаның «айтарлықтай қымбаттағанын» атап өтті. Респонденттердің 45 пайыздан астамы азық-түлік бағасының едәуір өскенін байқаған. Ал 3 пайызға жуығы ғана ешқандай өзгеріс болмағанын айтқан. Бұл көрсеткіштер инфляцияны халық тұрақты құбылыс ретінде қабылдайтынын аңғартады.
Алдағы 12 айға жасалған болжам бойынша, сауалнамаға қатысушылардың 70 пайыздан астамы бағаның әрі қарай қымбаттайтынын айтқан. Ең жиі айтылған болжам – бағаның 7–15 пайыз аралығында өсуі. Бұл қалыпты, бірақ тұрақты сипат алған инфляциялық күтулердің қалыптасқанын білдіреді. Ресми статистика инфляция қарқынының баяулағанын көрсеткенімен, халық бағаның төмендеуіне сенбейді: респонденттердің небәрі 0,5–0,7 пайызы ғана баға түседі деп үміттенеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы тамызда жылдық инфляция 12,2 пайызды құраса, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 12,9 пайызға жеткен. Азық-түлік бағасының өсуі жалпы инфляцияның негізгі қозғаушы күші болып қалуда – бір жыл ішінде тағам өнімдері 11,7 пайызға қымбаттаған. Айлық көрсеткіш бойынша баға индексі шамамен 1 пайызға артқан. Дегенмен, маусымдық өнімдер қатарындағы кейбір тауарлар – пияз, картоп, сәбіз – арзандағаны байқалады.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру туралы ақпараттық хабарламасында : «Инфляцияның негізгі үлесін бұрынғыдай азық-түлік бағасы құрап отыр (жылдық өсім – 12,7%)» деп мәлімдеді. Монетарлық реттеуші қазіргі инфляциялық ахуалдың тұрақты сипат алып отырғанын және негізгі көрсеткіштердің өсуі жалғасып жатқанын айтты. Бұл баға өсімінің қайталама әсерлерге және инерциялық сипатқа ие екенін білдіреді.
2025 жылдың қазан айындағы алдын ала мәліметтерге сәйкес, азық-түлік инфляциясы шамамен 9–10% деңгейінде сақталып отыр. Ал жыл басынан бері тұтыну себетінің бағасы 8,1%-ға қымбаттаған. Салаға жауапты мекемелердің мәлімдеуінше, азық-түлік нарығы тұрақты бақылауда, ал бағадағы негізгі ауытқулар маусымдық факторлар мен импорттық өнімдердің құнына байланысты қалыптасуда.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев 2025 жылдың тамыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тікелей реттеу тәсілінен бас тартылғанын мәлімдеген болатын.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын үстемеақысыз, яғни сатып алу бағасымен алуға мүмкіндік беретін «Цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы іске асырылып жатыр», – деді министр.
Азық-түлік талондары туралы жазудың өзі ыңғайсыз. Қыркүйекте жарияланған ресми ақпаратқа сәйкес, Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың әрбір мүшесіне ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш (2025 жылы – 3 932 теңге) көлемінде азық-түлік ваучері автоматты түрде әлеуметтік әмиян арқылы беріледі.
Жарияланған ақпаратта көрсетілгендей, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар азық-түлікті сатып алу кезінде нарықтық баға мен жеңілдікпен ұсынылған бағаның айырмасын өздері өтей алады. Алайда, жеңілдік мөлшері таңдалған тауарлардың құнының 25%-ынан аспайды.
Мұндай әлеуметтік қолдау шарасы, керісінше мысқылға ұқсайды. Ай сайын бір адамға бөлінетін 4 мың теңге көлеміндегі көмек аштықтан құтқарады деп сену – аңғалдық.
Екінші жағынан, қыркүйек айында Сауда және интеграция министрлігі бағаның өсу қарқыны бәсеңдегенін мәлімдеді. Министрлік таратқан ақпаратта былай делінген:
«Тамыз айының басынан бері Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны біршама баяулады. (…) Мәселен, шілдеде бір келісі 300 теңге тұрған картоп қазір 184 теңгеден сатылып жатыр – бұл тіпті өткен жылғы деңгейден де төмен».
Соған қарамастан, министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемелерінің сақталуына бақылау жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ бұл үстемеақы мөлшері 15 пайыздан аспауы тиіс екенін еске салды.
Бұған дейінгі мақалаларымызда атап өткендей, нарықтық экономика жағдайында мемлекет бағаны реттеуге мәжбүр болса, ондай ахуалды оңай дей алмаймыз. Себебі үкіметке екі тараптан қысым түседі: бір жағынан – әлеуметтік міндеттемелер, екінші жағынан – шығынмен жұмыс істей алмайтын нақты сектор. Осы жағдайда билік бағаны еркін нарық заңдылығына сай реттеу мен халықтың әлеуметтік мүддесін қорғаудың арасынан тиімді жол табуға тырысып келеді.
Азық-түлік бағасының тұрақтануы туралы ресми мәлімдемелер шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Ресми деректер мен халықтың бағалауындағы айырмашылық айқын байқалады. Халық бағаның өсуін ресми статистика көрсеткіштерінен әлдеқайда қатты сезінеді. Ұлттық банктің сауалнамаларына сәйкес, респонденттердің 90%-ға жуығы азық-түлік тауарларының қымбаттағанын тұрақты түрде атап өтеді, ал ресми есептерде баға өсімінің баяулағаны көрсетілген.
Қазақстандықтар инфляцияға қатысты психологиялық тығырыққа тап болды деуге негіз бар. Халық күнделікті тұтынатын негізгі өнімдердің – нан, сүт, жұмыртқа – бағасы бірнеше пайызға ғана өссе де, оны өмір сүру деңгейінің айтарлықтай төмендеуі ретінде қабылдайды. Ал маусымдық көкөністердің арзандауы немесе импорттық тауарлардың бағасының төмендеуі көбіне назардан тыс қалады. Бұл – 2022–2023 жылдардағы инфляциялық дағдарыстың салдары. Сол кезеңдегі бағаның күрт өсуі азаматтардың санасында тұрақты пессимистік көзқарас қалыптастырды: бағаның уақытша тұрақталуының өзі енді кезекті қымбаттаудың алдындағы белгі сияқты.
Ұлттық банк өз мәлімдемесінде «алдағы 12 айға халықтың инфляциялық күтулері жоғары және құбылмалы күйінде қалып отыр» деп нақты атап көрсетті. Мұндай белгісіздік инфляцияның төмендеуіне кедергі келтіреді, өйткені бұл күтулер өздігінен іске асатын факторға айналады: тұтынушылар мен кәсіпкерлер баға өсіміне алдын ала дайындалуға тырысады, бұл өз кезегінде инфляциялық қысымды күшейтеді.
Мұндай жағдайда мемлекет пен халық арасындағы байланыс ерекше маңызды. Министрлердің ашық мәлімдемелері тұтынушылық алаңдаушылықты белгілі бір деңгейде бәсеңдете алады. Алайда халық күнделікті тұтыну тәжірибесіне сүйене отырып, ресми деректерге күмәнмен қарай бермек.
Шынайылық пен инфляциялық күтулер арасындағы алшақтық – қоғамның экономикалық саясатқа беретін бағасының негізі. Үкімет инфляцияны бақылауда ұстап отырғанын неғұрлым дәлелді түрде көрсете алса, соғұрлым халықтың күтулері де бәсеңдейді.
Қазіргі жағдайға қатысты Ұлттық банк нақты мәлімдеме жасады: «Егер ақша-несие саясатының қазіргі деңгейі инфляцияны тұрақтандыру үшін жеткіліксіз болса, қосымша шаралар енгізу мүмкіндігі қарастырылады». Яғни 18 пайыздық базалық мөлшерлеме – шекті меже емес.