Сенат депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновке жүгініп, «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» жобалары аясында субсидияланатын жұмыс орындары үшін белгіленген еңбекақы мөлшерін қайта қарауды сұрады. Алайда Үкімет басшысы бұл мәселенің көп ұзамай әкімдердің құзырында болатынын айтып, жалпы ахуал Үкіметтің бақылауында екенін жеткізді. Соған қарамастан, жас мамандарға төленетін ең жоғары еңбекақы мөлшері 2022 жылдан бері өзгерген жоқ — айына 30 АЕК, яғни салық ұсталғанға дейін 117 960 теңге деңгейінде қалып отыр.
Қазақстанда «еңбек адамы» деген тіркес ресми құжаттарда соншалықты көп қолданылады, соншалықты салмақтана түседі, тіпті сырт көзге жыл сайын жүздеген миллиард теңге бөліп, ондаған мың студентті дайындауға тапсырыс беру – сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек нарығын толықтырудың ең тиімді жолы сияқты көрінеді. Мәселен, 2025 жылға магистранттар, докторанттар және бакалавриат бойынша 93 мыңнан астам грант бөлініп, шамамен 400 миллиард теңге қарастырылған. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы алғаш енгізілген 1999 жылдан бері қанша грант берілгенін есептеу мүмкін болмады — өйткені бұл жөнінде бірізді, реттелген деректер базасы жоқ. Десе де, бір ғана 2022–2024 жылдардың өзінде кемінде 255 мың грант бөлінгенін, және жыл сайын кемі 400 миллиард теңге бағытталатынын байқауға болады.
Бір қарағанда, мемлекет жастардың мамандық алуына және кейін жұмысқа орналасуына жеткілікті жағдай жасап отырғандай әсер қалдырады. Бірақ жеткілікті емес.
2025 жылғы 12 тамызда Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазіргі мемлекеттік тапсырыс жүйесі мен грант үлестіру механизмі шамамен 60 % түлектің алған мамандығы бойынша жұмыс істемеуіне алып келеді деп мәлімдеді.
«Бұл мәселе әлі де өзекті, әрі тек Қазақстанға ғана тән емес. Оның басты себебі — мемлекеттік тапсырыс тетігінің әлі де жетілдіруді қажет етуі. Қазір талапкерлер мен олардың ата-аналары мамандыққа деген қызығушылықтан гөрі, мемлекеттік қаржыландыруды иеленуге көбірек мән береді», — деді Саясат Нұрбек.
Оған дейін, 2025 жылдың шілде айында, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметов жоғары оқу орындарын бітірген жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішіне қатысты өзге деректі келтірген еді (https://inbusiness.kz/ru/last/poryadka-30-vypusknikov-vuzov-ne-rabotayut-po-specialnosti-mintruda ). Оның айтуынша, түлектердің 30 пайыздан астамы алған біліктілігіне сай қызмет атқармайды.
Қарапайым тілмен айтқанда, Еңбек министрлігі білім беру жүйесінің еңбек нарығы сұранысына сәйкес келмеуі — нақты проблема екенін мойындады. Дәл осы мәселеге Ғылым және жоғары білім министрлігі де назар аударған болатын. Ведомство 2024 жылы жариялаған «2022–2023 жылдардағы Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы» ұлттық баяндамасында осы түйткілді ашық көрсетіп, білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидаларын қайта қарауды жоспарлаған еді. Осыған сәйкес, 2025 жылы 3 қазанда министр Саясат Нұрбектің бұйрығымен білім беру бағдарламаларын тізілімге енгізу тәртібі өзгертілді.
Әрине, бұл өзгерістердің нәтижесі болашақта жастарды жұмыспен қамту көрсеткіштеріне оң ықпал етуі мүмкін. Бірақ қазірдің өзінде айқын көрініп тұрған мәселе бар: практикалық дағдылары жеткіліксіз, кеше ғана диплом алған жас мамандар еңбек нарығынан өз орнын таба алмай, шетте қалып отыр.
Жастарды қолдау мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда «Жастар практикасы» жобасы іске қосылған еді. Бұл бастаманың мақсаты – жаңа түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға жағдай жасау. Бағдарлама арқылы бір оқпен екі қоян ату көзделді: біріншіден, түлектерді жұмыссыз қалдырмау, екіншіден — жұмыс берушілерге өндіріс үстінде, сөздің тура мағынасында «нөлден бастап» маман дайындауға мүмкіндік беру.
Алайда игі бастама алғашқы күнінен-ақ тоқырауға тап болғандай. Сенаторлардың премьер-министрге жолдаған хатында былай делінген: «Қазіргі уақытта «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» бағдарламалары бойынша еңбекақы мөлшері 30 АЕК деңгейінде. Соңғы рет бұл көрсеткіш 2022 жылы көтеріліп, 20-дан 30 АЕК-ке ұлғайтылған еді (2025 жылғы есеппен – 117 960 теңге). Алайда қатысушылардың қолға алатыны – небәрі 90 511 теңге. Соңғы рет еңбекақы ұлғайтылғаннан бері негізгі тұтыну шығындары айтарлықтай артты, ал бағдарлама аясындағы еңбекақы сол күйі өзгермеді», – деп жазған тоғыз сенатор.
Депутаттар жастардың негізгі қажеттіліктері бойынша инфляцияны мысалға келтіріп, мәселені ашық көрсетті. Олардың айтуынша, «жастар, әсіресе әлеуметтік осал топтардан шыққан түлектер мен ата-анасының қолдауына ие емес азаматтар қазіргі төлем деңгейінде баспана мен тамақтану сияқты ең қарапайым шығындарын да өтей алмайды. Соның салдарынан көпшілігі бағдарламалардан бас тартып, бейресми жұмыс іздеуге мәжбүр».
Сенаторлар өз ұстанымын дәлелдеу мақсатында нақты деректер келтірді. Олардың есептеуінше, жобаларға қатысқан жастардың тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 52–58,7% шамасында ғана. Оның үстіне «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» бағдарламаларына қатысушылардың барлығы межеге дейін жетпейді. Мәселен, 2024 жылы қос жобаға 42,6 мыңнан астам жас тартылғанымен, бар болғаны 16,8 мыңы ғана бағдарламаны толық аяқтаған.
Депутаттардың айтуынша, қазіргі талаптар, соның ішінде еңбекақының төмендігі, жастарға жеткілікті ынталандыру бермейді және олардың еңбек нарығында тұрақталуына жағдай жасамай отыр. Осылайша, төлем мөлшерінің төмен болуы жастарды еңбек нарығына тарту және олардың кәсіби қалыптасуына мүмкіндік жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының мақсаттарына қайшы келеді. Сонымен қатар, депутаттар жеке секторда біліктілігі төмен жұмысшылардың өзіне жоғары еңбекақы ұсынылатынын атап өтіп, бұл жағдай мемлекеттік бағдарламаларға деген қызығушылықты одан әрі төмендететінін айтты. Осыған байланысты олар Премьер-министр Олжас Бектеновке «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» жобаларына қатысушыларға төленетін еңбекақыны арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Мұндай ұсынысқа Үкіметтің қалай жауап беретіні алдын ала түсінікті еді. Соңғы екі жыл көлемінде ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі Парламент бастамасы қолдау таппағанын ескерсек, жаңа түлектерге 30 АЕК-тен жоғары еңбекақы белгілеу мәселесі де әзірге шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов жас кадрларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар бар екенін атап өтіп, еңбек ақысын арттыру тетіктері өңірлік деңгейде қарастырылатынын сенаторларға түсіндірді.
«Субсидияланатын жұмыс орындары жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шарасы болғандықтан, «Бірінші жұмыс орны» немесе «Жастар практикасы» жобаларына қатысқан кезеңде жастардың «жұмыссыз» мәртебесі сақталады.
Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және ондағы қызметкерлердің еңбекақысын субсидиялау қағидаларында жұмыс берушілерге өз қаражаты есебінен атқарылған жұмыс көлеміне қарай қосымша ақы төлеуге рұқсат берілген. Бұл талап субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан азаматтардың (соның ішінде «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» жобаларының қатысушыларының) жұмыс күрделілігіне байланысты үстемеақы алуға мүмкіндік береді», – делінген Премьер-министрдің сенаторларға берген жауабында.
Премьер-министрдің мәліметінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Бірінші жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын біріктіру арқылы оларды «Жастар практикасы» жобасының құрамына енгізуді көздейтін Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген. Сондай-ақ ең төменгі еңбекақы мөлшерін 30 АЕК деңгейінде айқындау және өңір әкімдіктеріне жобаның қатысушыларына еңбекақыны осы деңгейден жоғары белгілеу жөнінде өкілеттік беру ұсынылған.
Айта кету керек, өңір әкімдіктері мен жұмыс берушілерге еңбекақыны белгіленген деңгейден жоғары қою құқығы берілгенімен, бұл олардың міндеті болып табылмайды. Сондықтан жас мамандарды қосымша қаржылық ынталандыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Қазіргі жағдайда нақты сектор кәсіпорындарының қаржылық мүмкіндіктері де кең емес екені байқалады. Сол себепті «Жастар практикасы» жобасының тиімділігі жақын уақытта айтарлықтай артады деп күтудің өзі қиын.
Премьер-министр Олжас Бектенов сенаторларға берген жауабында келесі мәліметтерді ұсынды: 2020–2024 жылдары аталған жобаларға 182 607 адам қатысқан («Бірінші жұмыс орны» – 25 412 адам, «Жастар практикасы» – 157 195 адам). 2025 жылдың 9 айында жобаларға қатысушылардың жалпы саны 27 826 адамды құрады («Бірінші жұмыс орны» – 7 039 адам, «Жастар практикасы» – 20 787 адам). Жоба аясындағы еңбекақы мөлшері: 2020 жыл – 20 АЕК (53 020 теңге); 2023 жыл – 30 АЕК (103 500 теңге); 2025 жыл – 30 АЕК (117 960 теңге).
Алайда ұсынылған статистикалық мәліметтер жобалардың ұзақмерзімді нәтижелілігіне қатысты сұрақтарға толық жауап бермейді. Сондықтан біз Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынған ақпаратқа сүйене отырып, жастарды жұмыспен қамтуға бөлінген бюджет қаражатының көлемін есептеп көрдік:
- 2020 жыл – шамамен 13,2 млрд теңге;
• 2021 жыл – шамамен 5,7 млрд теңге;
• 2022 жыл – шамамен 21,7 млрд теңге (толық емес кезең);
• 2023 жыл – шамамен 54 млрд теңге;
• 2024 жыл – шамамен 57 млрд теңге;
• 2025 жыл – 9 айда шамамен 29,5 млрд теңге.
Ендігі негізгі сұрақ — мұның нәтижесі қандай? Бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр? Сенаторлардың бағалауынша, көрсеткіш 58,7%-дан аспайды. Яғни «Жастар практикасы» мен «Бірінші жұмыс орны» бағдарламалары тұрақты жұмыспен қамтуға әрдайым жол аша бермейді. Себептері әртүрлі. Сенаторлар атап өткендей, қатысушылардың бір бөлігі төлемнің төмендігіне байланысты бағдарламаны толық аяқтай алмайды. Ал бағдарламаны тәмамдағандардың өзі жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келмей, тұрақты жұмысқа орналаса алмай жатады. Нәтижесінде дипломы бар жас мамандар күнкөріс қамымен жоғарырақ табыс ұсынатын кез келген жұмысқа келіседі. Осылайша олар «мамандық бойынша емес» жұмыс істейтіндер қатарына қосылып, еңбек нарық статистикасына енеді. Өйткені курьерге де, официантқа да жоғары білім қажет емес.




