Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан СІМ Каспий Құбыр Консорциумына жасалған шабуылға байланысты наразылық білдірді

Қазақстан СІМ Каспий Құбыр Консорциумына жасалған шабуылға байланысты наразылық білдірді

|

|

Астана, 30 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Каспий Құбыр Консорциумына жасалған шабуылға байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясындағы халықаралық маңызға ие Каспий Құбыр Консорциумының (КҚК) маңызды инфрақұрылымына жасалған кезекті нысаналы шабуылға байланысты наразылық білдіреді», – делінген жексенбі күні таратылған мәлімдемеде.

«Бұл – тек азаматтық мақсаттағы нысанға бағытталған үшінші агрессиялық әрекет. Аталған нысанның қызметі халықаралық құқық нормаларымен қорғалған. Қазақстан жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде энергия ресурстарының тұрақты және үзіліссіз жеткізілуін қамтамасыз етуді қолдайды. КҚК-ның жаһандық энергетикалық қауіпсіздік жүйесіндегі маңызды рөлін ерекше атап өтеміз», – делінген министрлік хабарламасында.

«Біз бұл оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және украин тарапынан болашақта мұндай оқиғаларға жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдануын күтеміз», – деп көрсетілген мәлімдемеде.

29 қараша күні Астана уақытымен сағат 06:06-да Новороссийск порты маңындағы Каспий Құбыр Консорциумының теңіз инфрақұрылымына ұшқышсыз жүзу құралдары арқылы шабуыл жасалды. Салдарынан ВПУ-2 деп аталатын теңіздегі айлақ құрылғысы айтарлықтай зақымданып, толық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін жұмыс істемейтін болды.

Консорциум мәліметінше, терминалдағы мұнай тиеу жұмыстары тек БПЛА мен ұшқышсыз жүзу құралдарынан төнетін қауіп жойылған жағдайда, белгіленген тәртіпке сай жалғасатын болады.

«Каспий Құбыр Консорциумы» Ресей, АҚШ, Қазақстан және бірқатар Батыс Еуропа елдерінің ірі энергетикалық компанияларын біріктіреді. «КҚК-ға жасалған шабуылды осы елдердің экономикалық мүдделеріне бағытталған әрекет деп санаймыз. (…) Консорциумның жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қатысушы елдердің экономикалық мүдделерін жүзеге асыру ісіндегі рөлі барлық акционерлер мен қатысушы мемлекеттердің басшылығы тарапынан мойындалған», – деп атап көрсетті консорциум сенбі күні таратқан хабарламасында.

КҚК Батыс Қазақстандағы және Каспий теңізінің ресейлік қайраңындағы мұнай кен орындарын Новороссийскідегі теңіз терминалымен байланыстырады. Құбыр желісінің жалпы ұзындығы 1511 шақырымды құрайды. Бұл жүйе – Қазақстан мұнайы үшін негізгі экспорттық маршрут, елден құбыр арқылы тасымалданатын мұнай көлемінің 80 пайыздан астамы осы жүйеге тиесілі.

КҚК қазақстандық аумақтан жылына 72,5 млн тоннаға дейін, ал Ресей арқылы 83 млн тоннаға дейін мұнай тасымалдауға қауқарлы. 2024 жылы жүйе арқылы 63,01 млн тонна мұнай жөнелтілген. 2025 жылға жоспарланған тасымал көлемі – 72–74 млн тонна аралығында.

Консорциумдағы акциялар келесі үлесте бөлінген: Ресей Федерациясы (оның ішінде «Транснефть» басқаруында – 24%, теңгерімінде – 7%) – жалпы 31%, Қазақстан («ҚазМұнайГаз» – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – жалпы 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. – 2%, Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Жапония Қытайдың әскери ұшағының әрекетіне байланысты алаңдаушылық білдірді

Жапония үкіметі Қытай тарапына наразылық білдірді. Бұған Қытайдың әскери ұшағы Жапонияның Окинава аралы маңында жапондық F-15 жойғыштарына радарын бағыттағаны себеп болды, деп хабарлайды жексенбі күні Associated Press (AP) агенттігі.

Индонезияның шығысында 5,5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді

Индонезияның шығыс бөлігіндегі Банда теңізі аумағында жексенбі күні 5,5 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлады Ресей ғылым академиясы Біріккен геофизикалық қызметінің Алтай-Саян филиалы.

Трамптың Венесуэлаға қатысты әрекеттері аралық сайлауға кері әсер етуі мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамптың есірткі тасымалдауға қатысы бар делінген кемелерге соққы беруі және Венесуэлаға қарсы құрлықтағы әскери операция жүргізу туралы мәлімдемесі республикалық партияның кейбір өкілдері арасында алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды The Washington Post.

Макрон, Стармер және Мерц дүйсенбі күні Лондонда АҚШ пен Украина өкілдерінің келіссөздерін талқыламақ

Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Германия канцлері Фридрих Мерц дүйсенбі күні Лондонда кездесіп, АҚШ пен Украина өкілдерінің Майамидегі келіссөздерінің нәтижелерін ескере отырып, Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі бірлескен іс-қимылды үйлестіруді жоспарлап отыр.