Евразия24Таңдаулы жаңалықтарҚазақстанда жинақталған

Қазақстанда жинақталған

|

|

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі хабарлайды: «ҰЭМ өңдеу үшін әкелінетін тауарлардың тізбесін бекіту туралы бұйрық қабылдады. Аталған тізбелерге сәйкес, осындай тауарларды импорттау кезінде кәсіпорындар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуді кейінге қалдыру тетігін пайдалана алады. Құжатта сондай-ақ Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 134-бабының 2-тармағына сәйкес ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру құқығына ие салық төлеушілердің санаттары айқындалған. Бұл ретте бекітілген тізбелердің қолданылуы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінетін тауарларға таралмайды. Дайындалған тізімдерге Қазақстанда өндірісі жоқ немесе ішкі нарықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етпейтін, бірақ өңдеу салаларының қызметі үшін қажет тауарлар енгізілген. Қабылданған бұйрық өңдеу өнеркәсібін шикізатпен және жинақтаушы бұйымдармен қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі кәсіпорындарға қажетті тауарларды әкелу кезінде айналым қаражатын пайдаланбауға мүмкіндік беріп, олардың қаржылық тұрақтылығын қолдауға ықпал етеді».

 

Евразия24 пікірі:

Біз Қазақстанда өндірісі өте аз немесе мүлде жолға қойылмаған, алайда ішкі өндіріс үшін аса қажет деп танылған импорттық тауарлардың тізбесін  зерделедік. 509 атаудан тұратын бұл тізімге жеңіл өнеркәсіп өнімдері, тігін фурнитурасы, лак-бояу материалдары, мұнай-химия өнімі, «алюминийден жасалған өзге де бұйымдар», тіпті «орындық қаңқасы», «жиһаз аяғы», «үстел қаңқасы» сияқты жиһаз дайындамалары да енгізілген. Осыдан Қазақстанда тек жергіліктендіру деңгейі төмен автокөліктердің бұрауышпен жинақталуы ғана емес, күнделікті тұрмыста қолданылатын анағұрлым қарапайым құрылымдардың да осындай тәсілмен құрастырылуы кең таралған деген қорытынды жасауға болады. Онда түрлі индустриялық бағдарламаларды іске асырудың 20 жылдық тарихын ескерсек, Қазақстан нақты нені өндіреді деген заңды сұрақ туындайды. 2019 жылдан бастап халық тұтынатын тауарларды отандық өндіруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламаға қомақты қаржы жұмсалды – шамамен 1 трлн теңге. «Бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. 2019–2021 жылдары қатысушылар 5,3 трлн теңгеге өнім өндіріп, шамамен 13 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2019–2022 жылдар аралығында бағдарлама іске асырылған кезеңде “субсидиялау” құралы бойынша несие портфелі 1 трлн теңгеден асатын 3 мың бизнес-жобаға қолдау көрсетілді, ал “кепілдендіру” құралы арқылы кепілдіктердің жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын 422 жобаға қолдау жасалды», – деп есеп берген болатын  2023 жылы сол кездегі Премьер-министр Әлихан Смайылов. Осы орайда, миллиардтаған қаржы жұмсалған мыңдаған жобалар қандай бағыттарға бағытталды және неге олардың қатарында тұрмыстық жиһазға арналған қарапайым дайындамалар шығаратын кәсіпорындар жоқ деген сұрақ туындайды.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Есепте арзандаған дәрі дәріханада қымбат: үкімет нарықты ретке келтірмек

Қазақстанда дәрі-дәрмек жалпы инфляциядан әлдеқайда жылдам қымбаттап жатыр. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі әрбір төртінші препараттың бағасы төмендегенін мәлімдейді. Бұл қайшылық 3 қарашада халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралған үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында байқалды. Дегенмен шенеуніктер тек баға жайын сөз еткен жоқ. Олар мемлекеттік сатып алуда миллиардтаған теңге үнемделгенін айтып, жаңа фармацевтикалық өндірістер ашылатынын, тегін дәрі-дәрмекпен қамту аясы кеңейіп, цифрлық бақылау күшейетінін хабарлады. Мұның бәрі, сөзсіз, маңызды. Бірақ қазақстандықтар осы қамқорлықтың игілігін көре ме? Мәселенің мәніне үңіліп көрейік.

Песков Ресейдің ТМҰ-ға қатысуы туралы пікір білдірді

Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуы қисынды әрі орынды болар еді. Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Оның айтуынша, Мәскеуге әзірге ресми шақыру түспеген.«Ресейдің Түркі мемлекеттері ұйымына қатысуына келсек, өздеріңіз білетіндей, Ресейдің бірқатар өңірінде тарихи шығу тегі жағынан түркі халықтары тұрады», – деді Песков.

Өзгенің баласын өз атына жаздырған ер адам енді одан бас тарту үшін Конституциялық сотқа жүгінді

Астанадағы Конституциялық сотта судья-баяндамашы Айжан Жатқанбаеваның төрағалығымен баланың анасымен ажырасқаннан кейін өзінің әкелігін даулап отырған ер адамның өтініші қаралып жатыр. Ол баланың биологиялық әкесі емес.

Еңбек министрлігі: сынақ мерзімі жалақы төлемеуге негіз емес

Жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби дағдыларын және тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Алайда сынақ мерзімі азаматтардың еңбек құқықтарын шектемейді.