Евразия24Үздік бестікке енген ақпараттарБЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын шешіп алу: пластикалық операциялар арқылы күмәнді өсім

БЖЗҚ-дан мерзімінен бұрын шешіп алу: пластикалық операциялар арқылы күмәнді өсім

|

|

Бірінші кредиттік бюро хабарлайды: «Зейнетақы жинақтарынан емделуге арналған біржолғы төлемдер арасында әдеттен тыс өсімнің жаңа бағыты анықталды. 2025 жылы қараша айында реконструктивтік және қалпына келтіру операцияларын төлеу мақсатында (яғни, пластикалық операциялар) зейнетақы төлемдерін алу бойынша 2 277 өтініш орындалды. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Алдыңғы аймен салыстырғанда өтініштер саны шамамен 33 есеге, ал сомасы 39 есеге жуық артты. Бұған дейін пластикалық операциялар зейнетақы қаражатын пайдаланудың кең таралған бағыты болмаған. Нақтылай кетсек, бағдарлама басталғаннан 1 қарашаға дейін орындалған өтініштердің жалпы саны 1 631-ді құрап, жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеге де жетпеген. Яғни барлық кезеңдегі жиынтық көлем бір ғана өткен айдың көрсеткішінен төмен болды. Жалпы, емделуге арналған зейнетақы қаражатын алу бойынша күрт өсімнің жаңа жағдайлары қыркүйек айында зейнетақы қаражатын медициналық мақсатта пайдаланудың негізгі бағыты болған стоматология бойынша өтініштер қабылдау тоқтатылғаннан кейін байқала бастады. Бұған көптеген жалған құжат жасау фактілерінің анықталуы себеп болды. Аталған «тіс емдеу» бағыты жабылғаннан кейін бірден офтальмология бойынша көрсеткіштердің өсімі тіркеле бастады. Бұл туралы біз қыркүйек пен қазан айларының қорытындысы бойынша хабарлағанбыз. Алайда офтальмология бағытында да мәселелер туындағаны белгілі болды: желтоқсан айының басында «Отбасы» банкі «көзге қатысты» мақсаттар бойынша да өтініштер қабылдауды тоқтататынын мәлімдеді. Мұның себептері айқын – тағы да күмәнді өтініштер анықталған».

 

Евразия24 пікірі:

БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтарын нақты қандай мақсатта болса да, бастысы қолма-қол ақша алу үшін мерзімінен бұрын шешіп алу жағдайы бірқатар маңызды жайтты айқын көрсетіп отыр. Біріншіден, бұл қазақстандықтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне, оның тиімділігіне және болашақта зейнеткерлерді тұрақты түрде қамтамасыз ете алу қабілетіне деген сенімінің төмендігін аңғартады. Екіншіден, азаматтар ағымдағы шығындарын өтеу үшін нақты ақшаға қол жеткізу мақсатында түрлі себептер ойлап табуға мәжбүр. Қазірдің өзінде зейнетақы қаражатын алу үшін пластикалық операциялар көрсетіле бастады. Бұл ретте салымшылар алынатын сомадан едәуір аз қаражат қолына тисе де, клиникаларға белгілі бір «өтемақы» төлеуге дайын. Яғни мақсатқа жету үшін шығынға барудан да тайынбай отыр. Үшіншіден, кез келген сұранысқа әрдайым ұсыныс табылады. Егер БЖЗҚ салымшылары жинақтарын шешіп алуға мүдделі болмағанда, жалған стоматологиялық қызметтерге қатысты дау-дамай да туындамас еді. Біраз уақыт офтальмологиялық қызметтер де зейнетақы қаражатын пайдалануға негіз болды, алайда мемлекет бұл бағытта мәселе барын аңғарған соң, өтініш қабылдауды тоқтатты. Пластикалық операциялардың да түр-түрі бар. Қазақстанда жазатайым оқиғалардан немесе ауыр аурулардан кейін шын мәнінде мұндай медициналық көмекті қажет ететін адамдар бар екені сөзсіз. Алайда БЖЗҚ-ға пластикалық операцияларға байланысты өтініштердің саны 30 еседен астам күрт өсуі мұнымен шектелмейтінін көрсетеді. Енді пластикалық хирургтарға қатысты жаңа қылмыстық істер қозғала ма деген сауал туындайды.

 

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Мемлекет басшысы Олимпиада және Паралимпиада туын ұлттық құраманың спортшыларына табыстады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиада ойындарының алдында еліміздің ұлттық құрамасының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

АӨК-ке көрсетілген мемлекеттік қолдау аудиті 300 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтарды анықтады

Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруға қатысты 2023–2024 жылдарға арналған аудит қорытындысы 300 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Гренландиядағы әскери оқу-жаттығулар 2026 жыл бойы жалғасады

Гренландия аумағында өткізіліп жатқан Arctic Endurance атты әскери оқу-жаттығулар 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл туралы жұма күні Дания Қарулы күштері ресми хабарлама таратты.

АҚШ-тың OFAC басқармасы NIS компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты

АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Сербияның NIS мұнай-газ компаниясына операциялық қызметін жалғастыруға рұқсат беретін лицензияның мерзімін 20 ақпанға дейін ұзартты, деп хабарлайды сербиялық RTS ақпараттық порталы.