Евразия24Арғы беттеҚазақстандағы инвесторларға кедергі келтіретін жүйелі мәселелер белгілі болдч

Қазақстандағы инвесторларға кедергі келтіретін жүйелі мәселелер белгілі болдч

|

|

LSM агенттігі хабарлайды: «Инвесторлар көбіне жер учаскелерін рәсімдеу, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, жобалау алдындағы рәсімдерден өту және мемлекеттік сараптамадан өткізу кезінде қиындықтарға тап болады. Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті редакцияның сауалына берген жауабында қазіргі уақытта жалпы құны 110 трлн теңгені құрайтын 3,4 мың инвестициялық жобаның мониторингте тұрғанын мәлімдеді. «2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 45 трлн теңге инвестиция салған 2,4 мың компанияның құқықтары қорғалды. Инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзғаны үшін 150 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген жауапта. Комитеттің мәліметінше, инвесторлар үшін негізгі түйткілдер өзгеріссіз қалып отыр. Олар – жер учаскелерін рәсімдеу, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттарды алу, жобалау алдындағы рәсімдерді орындау және мемлекеттік сараптамадан өту. Сондай-ақ комитет биылғы маусым айында инвесторлардың жүйелі проблемаларының тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілгенін хабарлады. Күтіліп отырғандай, бұл тетік әкімшілік және құқықтық кедергілерді анықтап, оларды республикалық және өңірлік деңгейде жоюға мүмкіндік береді.

 

Еуразия24 пікірі:

Қазақстандағы инвесторлар тап болатын мәселелердің ішінде ең тосын көрінетіні – жер қатынастарына байланысты түйткілдер. Жер көлемі жағынан әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстанда халық тығыздығы да ең төмен елдердің қатарында. Сондықтан осындай мол жер ресурсына қарамастан, инвесторлар үшін жер учаскелерін рәсімдеу әлі күнге дейін негізгі кедергілердің бірі болып отырғаны заңды сұрақ туғызады. Қажеттілік бар жерде елді мекендердің шекарасын кеңейтіп, индустриялық аймақтарды алдын ала дайындап, оларды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік жеткілікті.

Ал инженерлік желілерге қосылу, жобалау алдындағы рәсімдерден өту және мемлекеттік сараптама сияқты өзге мәселелер Қазақстанның инвестициялық ахуалында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері сақталып келеді. Осы уақыт ішінде әкімшілік кедергілерді қысқарту, «бір терезе» қағидатын енгізу, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және тәуекелге негізделген бақылау жүйесін қалыптастыру бағытында талай бастама қолға алынды. Соған қарамастан, тәжірибе көрсеткендей, күші жойылған талаптардың орнын жаңа талаптар басады. Нәтижесінде бюрократиялық рәсімдер бұрынғысынша өз ықпалын сақтап отыр.

Инвесторлардың жүйелі мәселелерінің тізілімін құру бастамасы нақты нәтиже беруі мүмкін. Алайда ол тек шағымдарды жинақтайтын құрал болып қалмай, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге және рәсімдердің негізсіз созылуына жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтуге ықпал еткен жағдайда ғана Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына нақты серпін береді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Шымкентте белгілі спортшы қайғылы жағдайда қаза тапты

Есту қабілеті төмен спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстанның бұрынғы чемпионы Әділ Тілектес керамикалық плитка шығаратын зауытта жұмыс істеп жүріп, электр тогына түсіп, қаза тапты. Әділ Тілектес 2021–2024 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетті. Бұған дейін, 2019 жылы ересектер арасындағы командалық ел чемпионатында Қазақстан чемпионы атанған.

Нәтижелі еңбек еткен ғалымдардың жалақысы артады

Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын төлеу тәртібі өзгереді. 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап жаңа ереже күшіне енеді. Енді ғалымдардың еңбекақысы лауазымдық жалақымен ғана шектелмей, кәсіби және ғылыми жетістіктеріне қарай есептеледі. Жаңа талаптар ғылыми ұйымдарда, жоғары оқу орындарында және ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын өзге де аккредиттелген мекемелерде жұмыс істейтін ғалымдарға қатысты.

АҚШ-пен арасы суыған Канада Еуроодаққа бет бұрды

Канада Премьер-министрі Марк Карнидің Еуропалық одақпен «бірегей одақ» құру ниеті туралы мәлімдемесі геосаяси тұрғыдан елеулі қадам деуге болады. Іс жүзінде Оттава Дональд Трамп жаңаша сипатта ұстанып отырған Монро доктринасына қайшы бағыт таңдағалы отыр. Вашингтон Канаданың мұндай әрекетін жауапсыз қалдырмауы мүмкін. Дегенмен Канаданың бұлай әрекет етуіне негіз бар. АҚШ өз мүддесі үшін одақтастарына қысым жасаудан тайынбайтынын талай рет көрсетті. Канада дәстүрлі түрде Жаңа дүниедегі Еуропаға ең жақын елдердің бірі саналады. АҚШ-пен салыстырғанда мінезі сабырлырақ, артық қылыққа да көп бара бермейтін «Еуропаның қызы» іспетті. Қалай болғанда да, Оттава мен Вашингтон ұзақ жыл бойы тіл табысып келді.

Ауыл мектептеріне жасанды интеллект енгізілмек

2028 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан ауылдарындағы 2,6 мыңнан астам шағын жинақты мектеп жасанды интеллектіні енгізу жобасымен қамтылады. Қазір пилоттық жоба Павлодар және Қызылорда облыстарының мектептерінде іске асырылып жатыр.