Евразия24Басты бетИгерілмеген миллиардтар тарихы: ЖАП кеңестері нәтиже бермей тұр

Игерілмеген миллиардтар тарихы: ЖАП кеңестері нәтиже бермей тұр

|

|

Жақында өткен Парламенттің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қатысты жаңа қорытындыны таныстырды. 2026 жылдың маусым айындағы басты экономикалық жаңалыққа айналған бұл құжат (әлі толық жарияланбаған) мемлекеттік аппарат жұмысындағы жүйелі проблемаларды айқындап берді. Жаңа Бюджет кодексінің қабылдануы мен министрлердің дербестігін кеңейтуге бағытталған шараларға қарамастан, тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі 1,7 есе өсіп, негізгі ұлттық индикаторлар орындалмай қалған. Жоғары аудиторлық палатаның соңғы үш жылдағы (2023 жылдан 2025 жылға дейінгі кезең) қорытындыларына жасалған салыстырмалы-ретроспективті талдау айтарлықтай үрдісті көрсетіп отыр.

Қазақстандағы мемлекеттік қаржы аудиті миллиардтаған заң бұзушылықтарды ресми түрде тіркеумен ғана шектелетін рәсімге айналуда, ал атқарушы билік органдары бюджет қаржысын игерудегі бұрынғы қателіктерді қайталауды жалғастыруда.

ҮШ ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТ САЯСАТЫНЫҢ БАҒЫТЫН ӨЗГЕРТУ

Жоғары аудиторлық палатаның ресми мәлімдемелері мен есептеріне үш жылдық цикл аясында серпінді талдау жасау елдегі мемлекеттік жоспарлаудың сапасы жүйелі түрде құлдырап барады деген қорытындыға жетелейді.

Қазақстанның бюджет жүйесі жылдан-жылға дертінің түпкі себебі емес, тек сыртқы белгілері ғана өзгеретін ауыр науқасты еске түсіреді. Біздің пайымдауымызша, бұл жағдайға «басқарушылық дәрменсіздік» деген диагноз толықтай сәйкес келеді.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың 2023 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындысына түсініктеме берге 2024 жылғы мәлімдемесіне тоқталайық.

Сол кезеңде аудиторлар тарапынан негізгі сынға 489 миллиард теңге қаражаттың тиімсіз жұмсалуы себеп болды.

«Біз 500 миллиард теңгеден астам қаражаттың тиімсіз жоспарланғанын және жұмсалғанын көріп отырмыз. Оның ішінде тікелей тиімсіз пайдаланылғаны – 95 миллиард теңге. Бұл орайда, қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алулар жүргізілгенімен, түрлі себептерге байланысты олар өтпеді деп танылған, яғни еш нәтиже бермеген.

Тағы бір мысал: нысандардың құрылысына қаражат бөлінгенімен, тағы да түрлі себептермен құрылыс созылып кетеді де, қаржының бір бөлігі дер кезінде игерілмейді. Осылайша, шамамен 400 миллиард теңге тиімсіз жоспарлаудың үлесіне тиіп отыр. Бұл дегеніміз – қаражат жоспарланады, бірақ белгілі бір себептермен бөлінген мақсаттарға жұмсалмайды», — деп түсіндірді сол кезде ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы.

Сол кезеңдегі жүйесіздіктің айқын көрінісі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қаржыландырудағы ірі сәтсіздік болды. Онда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-на бөлінген 500 миллиард теңгенің 310 миллиарды жыл соңына дейін игерілмей қалған. Қаражат оператордың есепшотына наурыз айында түскенімен, оны іс жүзінде игеру тек маусым айында ғана басталды.

Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы Жоғары аудиторлық палата 2024 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты аудит нәтижелерін таныстырған кезде Үкіметтің тактикасы өзгергені байқалды, бірақ оның қорытындысы бұдан да нашар болды.

Министрлер кабинеті қатаң қаржылық тәртіп орнатудың орнына, елдің басты қаржылық құжатына ауқымды түзетулер енгізуге көшті. Республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне соңғы 5 жылда рекордтық көрсеткіш саналатын 13 рет өзгеріс енгізілді. Осындай жүйесіз қадамдардың салдарынан жыл ішінде жалпы шығыстардың төрттен бірінен астамы (26%-ы немесе 6,2 триллион теңгесі) толығымен қайта қаралды.

Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов атап өткендей, бұл жағдай мемлекеттік орган қызметкерлерінің стратегиялық жоспарлау тұрақтылығының орнына, ағымдағы қысқа мерзімді шешімдерді іске асыруға басымдық бергенін айғақтайды.

Сонымен қатар, қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы өтімділіктің жеткіліксіздігі салдарынан Үкімет 422 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты игермеген.

Бүгінгі таңда Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылдың қорытындысы бойынша дайындаған жаңа қорытындысы ұсынылып отыр.

Мемлекетте бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне кеңейтілген дербестік берген жаңа Бюджет кодексі қолданысқа енгізілді. Алайда, біздің пайымдауымызша, басқарушылық қызметтің тиімсіздігі салдарынан бұл өкілеттіктер қаржылық тәртіптің бұзылуына әкеп соқты.

2025 жылы Үкімет бюджет ішінде 2,4 триллион теңге көлеміндегі ауқымды қаражатты қайта бөлді. Жекелеген ведомстволар бойынша қаражатты қайта бағыттау көлемі бастапқы жоспарланған көрсеткіштердің 90%-ына дейін жетті. Бұл Парламент бекітетін бюджет туралы заңның іс жүзінде өзінің бастапқы мәнін жоғалтып, министрліктердің ағымдағы қажеттіліктеріне қарай өзгертілетін жұмыс нұсқасына айналғанын көрсетеді.

ЖІӨ ӨСУДЕ, КІРІС АЗАЮДА, ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАРЖЫСЫ САРҚЫЛУДА

Жоғары аудиторлық палата есептерінің серпіні, біздің пайымдауымызша, Үкіметтің қаржы-экономикалық блогының мемлекет кірістерін нақты болжау қабілетінің төмендеп бара жатқанын айғақтайды. Қазақстан қауіпті макроэкономикалық қайшылыққа тап болды – құжат жүзіндегі жетістіктер бюджеттің нақты толығу көрсеткіштеріне сәйкес келмейді.

2024 жылдың көрсеткіштеріне сүйенсек, кірістер бойынша бастапқы бекітілген 16,1 триллион теңге көлеміндегі жоспарды Үкімет жыл ішінде бірден 12%-ға, яғни 14,1 триллион теңгеге дейін қысқартуға мәжбүр болды. Алайда бұл түзетілген жоспар да орындалмады – бюджетке тағы 609 миллиард теңге түспей қалды. Яғни, Министрлер кабинеті кірістердің орындалуын тіпті ең төменгі болжамдар аясында да қамтамасыз ете алмады. Осы орайда негізгі көз болып табылатын салықтық түсімдердің үлесі сол кезеңде абсолюттік мәнде 5,1%-ға немесе 604,6 миллиард теңгеге азайды.

Пайда болған тапшылықтың орнын толтыру мақсатында Үкімет Ұлттық қор қаражатына және сыртқы қарыздарға тәуелділікті шұғыл түрде арттыра бастады, нәтижесінде ел шығысының жартысына жуығы осы ресурстар есебінен жабылды.

2025 жылы бұл үрдіс мүлдем басқа сипат алды. Жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит елдің ЖІӨ жөніндегі болжамның 9 триллион теңгеге артық орындалғанын тіркеді. Осылайша, көрсеткіш 159,9 триллион теңге белгісіне жетті. Жалпы заңдылық бойынша, ЖІӨ өскен кезде салық түсімдері де ұлғаюы тиіс еді. Алайда, жоспардан тыс өсіп байқалғанымен, бюджетке тиісті кірістің 335 миллиард теңгесі түспей қалды.

«Жоспарлаудағы кемшіліктер мен салықтық болжамдардың тым жоғары болуы негізгі себептердің қатарына жатады. Тәжірибеде кірістерді жоспарлау кезеңінде оларды болжау әдістемесі үнемі сақтала бермейді. Керісінше, көбіне негізсіз өсірілген көрсеткіштер мен әдістемеде қаралмаған қосымша түсімдер есепке алынады», — делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.

Бұл ретте Қаржы министрлігінің бекітілген болжау әдістемелерін тиісті деңгейде ескермей, көрсеткіштерді алдын ала жоғарылату және мемлекет кірісіне нақты негізсіз түсімдерді енгізу тәжірибесін қолданып отырғаны байқалады.

Үкіметтің 2025 жылы бизнес субъектілері тарапынан тек 2026 жылы төленуі тиіс 154 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты ағымдағы кезеңнің кірістеріне жатқызуы, сондай-ақ кәсіпкерлерге тиесілі шамамен 900 миллиард теңге сомасындағы қосылған құн салығын қайтару процесін іс жүзінде тоқтатып қоюы бұған негіз болып табылады. Алайда, экономикалық белсенділікті тежейтін мұндай қатаң шаралар да нәтиже бермеді, өйткені жоспарланған 244 миллиард теңге бөлінбеді, ал мемлекеттік органдарда ауқымды кредиторлық берешек қалыптасты.

Сонымен қатар, Жоғары аудиторлық палата салықтық әкімшілендіру жүйесіндегі дағдарысты атап көрсетеді. Кәсіпкерлік субъектілері салық органдарының қосымша есептеулеріне наразылық білдіріп, жаппай сотқа жүгінген. Соңғы 4 жылда шағым жасалған соманың жартысынан астамы бойынша сот шешімдерінің салық төлеушілердің пайдасына шығарылуы ерекше назар аудартады. Бұл жағдай фискалдық органдардың салықтарды сапалы жинаудың орнына, бизнеске негізсіз құқықтық қысым жасау тәжірибесін қолданатынын және ол әрекеттердің заңнамалық аяда дәрменсіз екенін айғақтайды.

КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК АЛПАУЫТ ЖҮЙЕ

Мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорларға қарағанда, бақылаудың белгілі бір деңгейі сақталған. Жоғары аудиторлық палата жыл сайын бұл бағыттағы қаражаттың мақсатсыз жұмсалу ауқымын айқындап келеді.

2024 жылғы есепте аудиторлар мемлекеттің жобаларға тікелей бюджеттік инвестициялар салу үлесін шұғыл түрде төмендете бастағанын, яғни бұл көрсеткіштің 257 миллиард теңгеге немесе 7%-ға азайғанын тіркеді. Осы орайда тиісті процестер ұлттық компаниялар мен холдингтердің басқаруына берілген.

Бұл шаралардың нәтижесі 2025 жылғы аудит қорытындысында айқын көрініс тапты. Экономикадағы мемлекет үлесін азайтуға бағытталған жекешелендірудің кешенді жоспары орындалмады. Керісінше, квазимемлекеттік сектордың бюджеттен тікелей бөлінетін қаражатқа тәуелділігі одан сайын артты.

«2025 жылы 812 миллиард теңге бағытталып, оның 57%-ы мемлекеттік тапсырмалар арқылы бөлінген. Мемлекеттік тапсырма тетігі ведомствоға қарасты ұйымдарды конкурстан тыс қаржыландыру сипатына ие болып барады. Жекелеген жағдайларда жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі қосалқы орындаушыларға беріледі. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік сатып алу аясында қосымша 1,4 триллион теңге алғаны анықталды. Жалпы, аудиторлардың пайымдауы бойынша, квазимемлекеттік секторда қаражатты игеру процесі атқарушылық тәртіптің төмендігімен және тиімділіктің шектеулілігімен сипатталады. Атап айтқанда, жекелеген субъектілердің шоттарында әлі де елеулі көлемдегі пайдаланылмаған қаражат қалдықтары жинақталып отыр», — деп Жоғары аудиторлық палата қалыптасқан жағдайды өз хабарламасында қысқаша мәлімдеді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ), Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры (ЖӨТҚ) және Арнайы мемлекеттік қор (АМҚ) секілді бюджеттен тыс қорлардың айналасындағы жағдай 2025 жылдың тағы бір күрделі мәселесіне айналды.

«Бюджеттен тыс қорларды бюджет процесіне кіріктіру 2025 жылғы негізгі өзгерістердің бірі болды. Соған қарамастан, қазіргі уақытта олардың нақты саны туралы толыққанды есепке алу жүйесі мен деректер қалыптаспаған. Жоғары аудиторлық палата аталған төрт қор – ӘМСҚ, МӘСҚ, ЖӨТҚ және АМҚ бойынша ақпараттың ашық көрсетілуін жеткіліксіз деп санайды. Сонымен қатар, аудиторлар бюджеттен тыс осы қаржы ағындарының тиімділігі мен ашықтығын кешенді бағалау тетігінің жоқтығына назар аударды. Квазисалықтық төлемдер (жеке және заңды тұлғалар төлейтін міндетті мақсатты жарналар) бюджет жүйесінен тыс бағытталатындықтан, тиісті бақылаудан тыс қалып отыр. Бұл аталған қаражаттың толық көлемде түсуіне және мақсатты жұмсалуына қатысты тәуекелдерді туындатады», — делінген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында.

БЮДЖЕТТІҢ ОРЫНДАЛУ САПАСЫ ЖАҚСАРДЫ МА?

Бұл — жүйелі түрде жүргізілетін мемлекеттік аудит шараларынан туындайтын негізгі мәселе. Біздің пайымдауымызша, атқарушы билік органдары соңғы нәтижеге айтарлықтай әсер етпейтін қаражатты игеру процесін шебер үйлестіруді әдетке айналдырған.

Әр жылдардағы өңірлердегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың іске асырылу серпініне талдау жасау арқылы көптеген жайттарды айқындауға болады.
Мәселен, 2024 жылы 2023 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов құрылысы созылып кеткен нысандардың тым көптігін және трансферттерді жоспарлаудың тиімсіздігін атап өткен болатын. Қаражат бөлінгенімен, мемлекеттік сатып алу конкурстары өтпеді деп танылып, нысандар ұзаққа созылған құрылыс алаңдарына айналды.

2025 жылы 2024 жылғы бюджеттің атқарылуын талдау барысында Жоғары аудиторлық палата өз есебінде орталықтан өңірлерге 7 триллион теңге бағытталғанын және 912 маңызды жобаны іске асыру жоспарланғанын көрсетті. Алайда, әкімдіктердің ресми мәліметтеріне сәйкес, іс жүзінде тек 449 жоба ғана аяқталып, жоспардың тек 49%-ы орындалған. Сонымен қатар, тікелей қаржылық бұзушылықтардың күрт өскені тіркеліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден 65%-ға ұлғайып, 862 миллиард теңгеге жеткен.

2026 жылғы соңғы деректер бойынша, 2025 жылғы бюджеттің атқарылу барысында бұл жағдай дағдарыстық шегіне жетті. Үкімет жыл ішінде 75 миллиард теңгені құрайтын 99 жобаны бюджеттен мүлдем шығарып тастаған. Ал 2025 жылы міндетті түрде аяқталуы тиіс 600 инвестициялық жобаның әрбір бесінші құрылысы іске асырылмай қалған.

Атқарушы билік пен жергілікті әкімдіктер тарапынан жіберілген осы олқылықтардың салдары тек дебет пен кредит көрсеткіштерінің сәйкес келмеуімен ғана шектелсе, жағдай күрделі болмас еді. Негізгі мәселе — бөлінген қаражаттың тиісті мақсатты бағыттарына жетпеуінде. Нәтижесінде, бірқатар өңірлерде су құбырлары тартылмады, автожол мен денсаулық сақтау нысандары жөндеусіз қалды. Мұндай тиімсіз жоспарлау мен қаражаттың игерілмеуі тікелей халықтың өмір сүру сапасына теріс әсерін тигізіп отыр.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ұлыбритания «Росгосстрахқа», «Яндекс» пен Wildberries-тің еншілес банктеріне санкция енгізді

Ұлыбритания Ресейдің төрт кредиттік ұйымына қарсы санкциялар енгізді. Елдің Қаржылық санкцияларды жүзеге асыру басқармасының (OFSI) хабарлауынша, шектеулер Еврофинанс Моснарбанкке, Яндекс банкке, Вайлдберриз банкке (ВБ-банк) және «Вятич» банкіне қатысты қолданылды.

Қытайда мамыр айында бөлшек сауда көлемі 2022 жылдан бері алғаш рет төмендеді, ал өнеркәсіп өндірісінің өсімі артты

Қытайдың Мемлекеттік статистика басқармасының мәліметіне сәйкес, елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2026 жылғы мамырда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артқан.

Түркия сәуір айында СТГ импортын екі есеге арттырды, Ресейден жеткізілім 8%-ға өсті

Әлемдік энергетикалық ресурстар бағасының күрт қымбаттауы Түркияның сұйытылған табиғи газ (СТГ) импортын ұлғайту саясатына әсер еткен жоқ. Әсіресе АҚШ-тан жеткізілетін СТГ көлемі айтарлықтай өсті.

Әлемдегі ең бай 500 адамның байлығы бір күнде рекордтық 336 млрд долларға артты

АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісім туралы жаңалықтар аясында қор нарықтарының өсуі нәтижесінде дүйсенбі күні әлемдегі ең бай 500 адамның жиынтық байлығы 336 млрд АҚШ долларына көбейді.