Евразия24Басты бетМихаил Шайдоров — 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы

Михаил Шайдоров — 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы

|

|

2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Шайдоров жеңіске жетіп, Олимпиада чемпионы атанды. Жарыстың тағдыры еркін бағдарламадан кейін шешілді: қысқа бағдарлама нәтижесі бойынша бесінші орында тұрған спортшы екінші күні барын салып, қарсыластарынан басым түсті және жалпы ұпай саны бойынша көш бастады.

Еркін бағдарламада Михаил Шайдоров 198,64 ұпай жинап, екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпаймен жеке рекордын орнатты. Бұл көрсеткіш алтын медаль алуға толық жеткілікті болды. Күміс пен қола жүлде жапониялық спортшылар — Юма Кагияма (280,06) мен Сюн Сатоға (274,90) бұйырды. Михаил Шайдоров бағдарламасында жоғары техникалық күрделілікке басымдық берді: еркін бағдарламада бес төрт айналымдық секіру элементі жоспарланып, сәтті орындалды. Орындау сапасы таза әрі сенімді деп бағаланды. Төрешілер алқасы сол кеште ең жоғары ұпайды оның еркін бағдарламасына берді, бұл спортшының тұғырдың ең биік сатысына көтерілуіне мүмкіндік жасады. Қысқа бағдарламадан кейін көш бастап тұрған америкалық Илья Малинин еркін бағдарламада өрескел қателіктер жіберіп, сегізінші орынға түсіп қалды. Бұл — Олимпиада додасының кез келген салғырттық пен эмоцияға бой алдыруды кешірмейтінін дәлелдейтін сирек кездесетін оқиға болды.

Михаил Шайдоров жеңістен кейінгі алғашқы сұхбатында: «Әлі де сенер емеспін», — деп ағынан жарылды. Спортшы биылғы маусымның өзіне ауыр тигенін және бұған дейінгі жарыстарда бес бірдей төрттік секіру элементін орындау әрекеттері сәтсіз аяқталып келгенін атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл Олимпиада алтынын Қазақстанға арнайтынын жеткізді. Мұндай мәлімдеме спортшының бұл жеңісті жеке жетістігі емес, тұтас елдің абыройы ретінде қабылдайтын игі қасиетін көрсетсе керек.

Финалдың шешуші сәті — техникалық күрделілік болды. Шешуші сайыс алдындағы ресми жаттығуда Михаил еркін бағдарламасын күрделендіріп, «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген тәуекелмен бес төрттік секіру элементін орындауға бел буды. Негізінде, «күрделі бағдарлама» жеңіске кепілдік бермейді; егер спортшы мұз үстінде құлап, элементтерді шала орындаса немесе бағдарламаның көркемдік компоненттерін жоғалтып алса, техникалық басымдық кері әсерін тигізеді. Сондықтан Михаил Шайдоровтың жеңісі — тек жарияланған күрделі элементтердің жиынтығы ғана емес, оның техникалық шеберлігі мен моральдық төзімділігін ұштастырып, қарсыластарының қателігі тұсында бағдарламаны соңына дейін мінсіз орындап шығуының жемісі.

Төрешілердің еркін бағдарламаға берген 198,64 ұпайы ерекше назар аудартады. Мұндай көрсеткіш тек элементтерді барынша таза орындағанда немесе базалық қиындық деңгейі өте жоғары болып, қателіктер аз жіберілген жағдайда ғана беріледі. Олимпиада финалында дәл осындай жоғары ұпайлар алтын медальдың тағдырын шешеді. Жоғары деңгейдегі спортшылар үшін Олимпиада — мереке емес, айлар бойы шыңдалған шеберлікті сынайтын жауапты емтихан іспетті.

Қазақстанның Қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісін талқылау барысында «спортшы бабының тұрақтылығы сыры неде?» деген сұрақ жиі қойылады. Мұнда оқу-жаттығу жиындары, мұз айдындары, маусымдық логистика және оңалту шаралары секілді қолдау көрсету мәселелері алға шығады. Спортшының төрт маусым бойы негізгі жарыстарға дайындығын «Алтыналмас» компаниясы мен оның директорлар кеңесінің төрағасы, акционер Владимир Джуманбаев қолдап келеді. Спортшының жақын ортасы Владимир Владимировичтің бұл қадамы тек «дайын нәтиже үшін жасалған қолдау» емес екенін атап өтеді: ол Михаилдың әлеуетін ерте кезеңде — үлкен спорттағы алғашқы қадамдарынан-ақ байқап, Олимпиада финалына дейін көп уақыт бұрын оның болашағына сенім білдірген. Сондықтан бұл көмек спортшының тұрақты жұмыс істеуіне және маусымның маңызды турнирлеріне жоспарлы түрде дайындалуына мүмкіндік беретін ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қалыптасты. Дәл осы серіктестік жаттығу процесін алдын ала жоспарлауға, соның ішінде ірі мұз айдындарында тұрақты жаттығулар өткізуге және мәнерлеп сырғанауда бабына келу үшін қажетті қарқынды сақтауға мүмкіндік берді. Михаилдың айтуынша, демеушілермен серіктестік барынша қолайлы жағдайда жаттығуға және тек спорттық мақсаттарға назар аударуға жағдай жасайды. Спорт индустриясында бұл прагматикалық тұрғыдан өте маңызды: ұйымдастыру мәселелері шешілген кезде спортшы тұрмыстық түйткілдерге алаңдамай, бабын сақтауға, бапкермен жұмыс істеуге және жарыс кестесіне толықтай ден қоя алады. Сондай-ақ, маусымдық дайындықта 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, бас бапкер Алексей Урманов бастаған жаттықтырушылар штабының еңбегі шешуші рөл атқарды. Михаил негізгі жарыстарға бағытталған дайындық бағдарламасын дәл осы командамен бірлесіп құрды.

Ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада алтынын иелену — тіпті мәнерлеп сырғанау мектебі қалыптасқан алпауыт елдер үшін де сирек кездесетін тарихи оқиға. Ал Қазақстан үшін бұл жеңіс — аталған спорт түріне деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, спорт секцияларына, инфрақұрылым сапасына, аймақтық мектептердің әлеуетіне және кейінгі толқынды дайындау мәселесіне деген қызығушылықты жаңа деңгейге көтеретін нәтиже.

Олимпиададан кейін де Михаил Шайдоровқа деген назар бірнеше бағытта жалғаса бермек. Ендігі кезекте оның келесі маусымды қалай жоспарлайтыны, жарысқа «үміткер» емес, «Олимпиада чемпионы» мәртебесінде шығып, өз деңгейін сақтап қала алуы маңызды. Сонымен қатар, еліміздегі федерация мен спорттық инфрақұрылымның мәнерлеп сырғанауға деген осынау жоғары қызығушылықты тиімді пайдалана алуы — басты назарда болады. Алда Михаил Шайдоровты тағы бір маңызды сынақ — Әлем чемпионаты күтіп тұр. Онда ол Олимпиада чемпионы ретінде өз шеберлігін қайта дәлелдеуі тиіс.

Марго Джиембай

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

НАТО мен ЕО Украинаға 2026–2027 жылдары 140 млрд еуро көлемінде әскери көмек көрсетуді жоспарлап отыр – БАҚ

Украина 2026 және 2027 жылдары НАТО мен Еуроодаққа мүше елдерден әскери көмекке жалпы көлемі 140 млрд еуро алады. Бұл туралы жұма күні Le Figaro газеті дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Медведев Иранның Жоғарғы көшбасшысы Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысты

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысты. Бұл туралы жұма күні Иран бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.

Франциядағы аптап ыстық салдарынан өлім-жітім 30%-ға артты

Францияда қалыптан тыс аптап ыстық салдарынан 22–28 маусым аралығында ел бойынша өлім-жітім саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 30%-ға, ал Париж өңірінде 62%-ға өсті. Бұл туралы Le Figaro басылымы Францияның қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі Sante publique France деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Бектенов жауын-шашынға байланысты дайындық шараларын күшейтуді тапсырды

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов өңір әкімдіктеріне болжанып отырған мол жауын-шашынға байланысты эвакуациялық пункттерді, қажетті көлікті дайындауды және халықты эвакуациялау жоспарларын жаңартуды тапсырды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.